«Бастау Бизнес» жобасының түлегі жеке кәсібін ашты
Шағын және орта бизнесі дамыған мемлекеттің экономикасы мығым, болашағы жарқын деп атауға болады. Себебі үкіметке масыл болмайтын азаматтардың аздығы, керісінше өзін-өзі асырай алатын, тіпті елдің дамуына үлес қосып отырған тұрғындардың көптігі сол елдің басты байлығы деп атауға болады. Әрине ешкім аспаннан салдырап түсе салмайды. Себебі бизнес бастауда білім, тәжірибе және қаражат аса маңызды рөл ойнайды. Ал Қазақстан жаңадан кәсіпті бастаушыларға осы мүмкіндіктің бәрін ұсынып отыр.
Шымкенттік тұрғын мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп бастап, нәпақасын табуда. Бұл нәтижеге «Shymkent-Atameken» микроқаржылық ұйымы арқылы қол жеткізіп отыр.
Бақытжан Күреңбай талай жанның кәсіп бастауына себепші болған "Бастау Бизнес" жобасының түлегі. Жеке кәсібін ашуды дәл осы "мектепте" оқып жүріп, ойлаған. "Мен таныстарымнан кәсіп ашқысы келетін жандарды оқытатын "Бизнес Бастау" жобасының бар екенін есітіп, Шымкент қаласындағы «Shymkent-Atameken» микроқаржылық ұйымның мамандарына жүгіндім. Сөйтіп жоба аясында тренерлерден сабақ алып, бизнес саласының қыр-сырына қанық болдым. Сертификатты алған соң, жеке кәсібімді бастау үшін мекемеге қайта жүгіндім. Сөйтіп 6 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға 8,5 миллион теңге жеңілдетілген несие алдым. Бұл қаражатқа жүк таситын "Газель" көлігін сатып алдым. Көлікпен тапсырыс қабылдап жиһаз, түрлі ауыр, үлкен тауарлар, құрылыс заттары, техникалық-тұрмыстық заттарды тасымалдай бастадым. Қазір клиенттерім де көп. Жобаның арқасында осылайша табыс тауып отырмын. Әсіресе ер азаматтар жұмыс жоқ немесе мамандығым жоқ деп қарап отырмай мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін пайдаланып, оқыңыздар, кәсіптік білімді жетілдіріп, өз бизнестеріңізді ашыңыздар дегім келеді. Маған қолдау білдірген мамандарға алғысым шексіз",- дейді жеке кәсіпкер.
Айта кетейік, Шымкентте соңғы төрт жылда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 150 мыңнан астам адам оқып, Қазақстан бойынша 44 мың бизнес-жобаны іске асырды. Нәтижесінде 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.