Ірі кәсіпорындар 2025 жылға дейін шығарындыларын 20 % төмендетуі тиіс
Мамандардың айтуынша, Шымкент қаласы бойынша І санатқа жатқызылған 30 кәсіпорыннан ауаға шығатын шығарындылардың басым бөлігі, яғни 87,5%-ы қаладағы 4 ірі кәсіпорынға - атап айтсақ, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС, «Шымкентцемент» АҚ, «3-Энергоорталык» АҚ, «Стандартцемент» ЖШС-на тиесілі. Аталған кәсіпорындарда 2023 жылға дейін автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу талабы қойылған. Онымен қоса, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін өз шығарындыларын 20 пайызға төмендетуі тиіс.
Осы ретте Шымкент қаласы бойынша экология департаменті өткен жылы аталған ірі кәсіпорынға екі рет тексеру жұмыстарын жүргізген. Бірінші жоспарсыз тексеріс барысында зауытта апатты жағдай орын алып салдарынан қалдықтар жерге төгілгені анықталған. Бұл келеңісіздікті зауыт басшылығы дер кезінде жойған. Десе де қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін кәсіпорынға айыппұл салынған. Ал екінші жоспарлы тексеру барысында ешқандай экологиялық талаптардың бұзылғандығы анықталмаған. Департамент міндетін атқарушы Ермахан Қозыбаев жыл соңында тағы бір жоспарлы тексеру жүргізіледі дейді.
Жалпы өндірістік нысандардағы экологиялық қауіпсіздік - Компанияның бірінші кезектегі міндеттерінің бірі. Табиғатты тиімді пайдалануға инвестиция салу арқылы «ПетроҚазақстан» компаниясы барлық өндірістік нысандардағы және іргелес жатқан аумақтардағы экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым нысандарын салуда.
Өндірістік процестердің қоршаған ортаға әсерін азайту мақсатында Компания халықаралық стандарттарға және ҚР заңнамасының талаптарына сай келетін, ресурс үнемдейтін технологиялар мен процестерді енгізуге, табиғат қорғау іс-шараларына жыл сайын айтарлықтай қаржы бөледі.
«ПКОП» ЖШС әлеуметтік экологиялық жобаларға белсенді қатысады. Кәсіпорын аумағында және санитарлық-қорғалатын аймақта ағаш көшеттері мен жасыл желектерді отырғызу бойынша жыл сайын акция өткізеді.
Ірі экологиялық оқиғаларды болдырмау, атмосфераға шығарылатын шығарындылар бойынша талаптарды, ағызынды суларды және қатты-тұрмыстық қалдықтарды өңдеу талаптарын сақтау, қалдықтарды азайту, өңдеу және қайта пайдалану – Компанияның табиғатты қорғау қызметіндегі басым бағыттарының бірі болып табылады.