Шымкентте ІХ халықаралық ауыл шаруашылық көрмесі өтуде
Шымкентте “AgriTek Shymkent’2022” ауыл шаруашылығының ІХ халықаралық мамандандырылған көрмесі өтуде. Бүгін көрме аясында өткен конференцияға қала басшысы М. Дүйсенбекұлы арнайы қатысып, сала көшбасшыларымен пікір алмасты.
Урбанизациясы мен агломерациясы күн санап өсіп келе жатқан үшінші мегаполис - еліміздегі ауыл шаруашылығы үшін қолайлы аймақтардың бірі. Мұны ескерген шаһар басшысы егіс егіп, өнім өндіруде алыс-жақын шет елдердің озық технологияларын үйреніп, тәжірибеде іске асыру қажеттігін де қаперге ілді. Сөз соңында жемісті еңбек етіп, ауыл шаруашылық саласын өркендету жолында тер төгіп жүрген қатысушыларға табыс тіледі.
- Жемісті жылдың жетістігін паш ететін барлық ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін шаруаларға, кәсіпкерлерге зор алғысымды білдіремін. Дихандарымыздың, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің жоғары кәсібилігінің, өз ісіне адалдығының және қажырлы еңбегінің арқасында агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігінің сенімді кепіліне және экономикалық дамудың басты қозғаушы күшіне айналды,-деді әкім.
Көрмеге еліміз бен алыс-жақын шетелден 50-ден астам компания атсалысып отыр. Олар ауыл шаруашылық техникалары мен жабдықтары, қосалқы бөлшектерін, суару және тыңайтқыш технологияларын, жылыжайларды, тұқымдар мен көшеттерді көпшілікке ұсынды. Сондай-ақ, көрмеден өсімдіктерді қорғау құралдары мен тыңайтқыштарды да табуға болады.
Ауыл шаруашылық министрлігі мен қала әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан көрмені ТНТ ЭКСПО халықаралық компаниясы ұйымдастырған. Халықаралық деңгейдегі көрмені Шымкентте өткізу бекер емес. Себебі, оңтүстік өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде потенциялы жоғары, - дейді министрлік өкілі.
Егіншілік департаменті басшысының айтуынша, көрмеге келушілер өзі таңдаған техника мен құралдарды, өнімдері «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамы арқылы жеңілдетілген несиемен ала алады. Мемлекеттік компания дихандар мен шаруалар сатып алған техниканың 25-50 процентін субсидиялайды. Алғашқы жарнасыз, кепілге ешқандай мүлік қоймай-ақ төмен пайызбен несие беріледі. Айта кетейік, халықаралық көрме 9 қарашада басталды, 11 қарашаға дейін жалғасын табады. Ауыл шарауашылығына қатысты техника мен заманауи технологияларды іздесеңіз «Көрме орталығына» асығыңыз!