Тәуекелшіл адам қыр асар
Жалпы елдің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз ету жеке кәсіпкерліктің және ең алдымен, шағын және орта бизнестің даму деңгейіне тікелей тәуелді. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерлік және жеке кәсіпкерлердің дамуына қолдау көрсету мемлекеттің басты қызметі.
Әр кезеңнің өз қозғаушы күші бар десек, бүгінгі жаңа заманның кілтін қолына ұстаған жастар білімді, білікті әрі қабілетті. «Жас келсе іске» демекші, кәсіптің көзін тауып, ісін өрге сүйреп отырған жастардың саны жыл санап артып келеді. Ал мемлекеттік қолдауға қол жеткізген жас кәсіпкер Талғат Көпжанов мал шаруашылығымен айналысып жүр.
Ол Шымкент қаласындағы «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисі арқылы аз пайызбен несие рәсімдеген. Бағдарлама аясында мал шаруашылығын жандандыруда. Кәсіпкер жарты жылдың ішінде өз жоспарын толығымен жүзеге асырып, кәсіпкерлік бағытты дамытуды көздейді.
– Мал шаруашылығымен айналысуыма осы саланы меңгеріп, аяқтан тұрып кетуіме мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау болды. «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы бойынша несие алып, мал сатып алдым. Негізі ірі қараны бордақылауды осыдан бес жыл бұрын бастағам. Ол кезде аз малдан бастадым. Қорада қазір 30-40 мал басы бар. Бір адамды жұмыспен қамтып отырмын. Етті қаладағы базарларға өткіземін, - дейді Талғат.
Жас кәсіпкердің сөзінше, шаруаларға да оңай емес. Малдың жемі мен шөбінің бағасы жыл сайын құбылып тұрады. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында ірі қараның санын арттырып, ата кәсіптің ізін жалғап отырған Талғат Әмірәліұлы замандастарының тәуекелшіл болғанын қалайды.
– Байқағаным көп адамдар несие алып, кәсіппен айналысуға қорқады. Олардың ертеңгі күнге деген сенімі емес, күдігі басым сияқты көрінеді. Тек «аз болса да тұрақты айлық төлеп тұрса болды» деген ой саналарына сіңіп қалған сияқты. Бұл ойдан арылу керек деп есептеймін. Заман өзгерді, дамыған елдер әлдеқайда ілгері жылжып кетті. Біз де шамамыздың жеткенінше, қолымыздан келгенінше тырысып бағуымыз керек. Жұмыссыз жүрген ағайынды, оның ішінде жастарды жігерлендіру керек. Жерлестеріңе қамқор қолыңды соз. Сонда ғана алыс-беріс көбейеді, бизнес дамиды, - дейді жас кәсіпкер.