Бір өзінде бәрі бар
Мемлекет қашанда кәсіпкерлерге қолдау танытуда. Оның айғағы – бірнеше бағдарламаның қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаруы. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жұмыссыздарға және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларға кәсіпкерлік, жобаларға ілеспе қызмет көрсету бойынша сервистік қызмет көрсету, қайтарым негізінде шағын несие беру негіздерін оқыту арқылы мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну арқылы көрсетіледі. Жалпы елдің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз ету жеке кәсіпкерліктің және ең алдымен, шағын және орта бизнестің даму деңгейіне тікелей тәуелді. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерлік және жеке кәсіпкерлердің дамуына қолдау көрсету мемлекеттің басты қызметі.
Шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғырудың басты құралы. Әсіресе, жекеменшік кішігірім кәсіпорындардың қалыптасып, көбеюі – елімізде орта таптың қалыптасуына алып келетін бірден-бір жол. Себебі шағын және орта кәсіпкерлік жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші рөл атқарады.
Шымкентте шағын кәсіпкерлік саласы қарқынды даму үстінде. Соның бірі «Макси Лайф» компаниясы 2011 жылдан бері сауда-өндірістік фирма ретінде өз жұмысын бастаған. 2013 жылы компанияның өндірістік ауқымы кеңейіп, құрылыс шығару ісі мен кондитерлік цехын іске қосты. Кондитерлік цехта дәмді тоқаш пен торттар пісіреді.
Құрылыс материалдары өндірісінде гипсокартон профилі, минералды сәндік сылақ, сұйық травертин және құрғақ құрылыс қоспалары, шпаклевка, кафельге арналған желім дайындалады.
2017 жылы «Макси Лайф» тігін цехы да іске қосылды. Цехта қорғаныс құралдары, комбинезон, халат, маска, арнайы киімнің қаптарын тігу жұмыстары жүргізіледі. Дайын өнімдерді тек республика аумағында емес, ТМД бойынша экспорттайды. Компания басшылығы жақын және алыс шетелдермен іскерлік байланыс орнатқан.
Айта кетейік, «Макси Лайф» сонымен қатар жиһаз жасау өндірісінде жемісті еңбек етуде. Мұнда үйге және кеңсеге арналған корпустық жиһаздар мен жұмсақ жиһаз, сондай-ақ қаңқасыз жиһаздар жасалады.