«Шымсая» шатқалына 500-ден аса терек отырғызылды
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуге бастамашы бола отырып, экономиканы жасылдандыру мен қоршаған ортаны қорғауды экономикалық бағыттың негізгі бағыттарының бірі деп атады. Еліміздің өңірлерінде көмірқышқыл газының бөлінуін шектеу және өсіп келе жатқан шөлейттенуді ауыздықтау үшін бес жыл ішінде ормандарға 2 млрд астам ағаш отырғызу және елді мекендерде 15 млн астам ағаш отырғызу жөніндегі мемлекет басшысы алға қойған ауқымды міндет жүзеге асырылып жатыр.
Президенттің тапсырмасы аясында Шымкентте күзгі маусымдық ағаш егу жұмыстары жалғасуда. Дайындық 5 қарашадан басталған, қазіргі күнге дейін 11 га жерді алып жатқан "Шымсая" шатқалына 500-ден аса терек отырғызылды.
Жоспарға сай бұл аумаққа 8378 ағаш көшеті егілмек. Оның ішінде жиде, глядичия, жабайы өрік және айлант көшеттері бар. Егу жұмыстары желтоқсан айының басына дейін жалғасады.
Бұл жұмысқа Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы "Жасыл белдеу" КММ-нің қызметкерлерімен қоса, 20 маман мен 3 тракторды жұмылдырып отыр.
Аталмыш саябақтағы бұған дейін егілген егілген 700-ге жуық ағашқа қазіргі таңда басқарма мамандары күтіп-баптауда. Бір айта кетерлігі көшеттер өзгенікі емес өзіміздікі. Яғни шаһардағы тұқымбақта өсіріліген, жерсінген ағаштар. Егілетін көшеттер Шымқаланың климатына өте жайлы, төзімді келеді. Әрі олар саялы болып келеді.
Мамандардың айтуынша дәл осы «Шымсая» шатқалында көшеттердің шығымдылығы жақсы болады дейді. Себебі шатқал қаладан ұзақ емес әрі маңында мекемеге қарасты ұңғымалар бар. Көшеттерді суғару жағынан ешқандай қиындықтар туындамайды. Сонымен қатар мамандар көктем мезгіліне қарағанда қара күзде егілген көшеттер жаңбыр, қар суынан нәр алып, тез тамыр алып, өніп кетеді дейді.
Ағзаның дұрыс жұмыс істеп, денсаулық мықты болуы үшін әр адам табиғат аясында күніне 5 шақырым жаяу жүруді әдетке айналдыруы тиіс. Ал «Шымсая» шатқалы сынды саябақтар тұрғындарға осындай мүмкіндіктер береді. Әрбір қала тұрғыны демалыс күні балаларды ертіп алып, осында бір көшет отырғызуды үрдіске айналдырса қандай ғанибет. Бұл біріншіден, тұрғындардың қаланың гүлденуіне қосқан үлесі. Екіншіден, экологиялық ахуалды жақсартуға септігі тиеді. Үшіншіден, ұрпағына табиғатты аялау барысында үлгі-өнеге көрсетіп, жақсы тәрбие береді.