Сан емес сапаға жұмыс істейтін кәсіпорын
Отандық өнім, сапалы тауар, қолжетімді баға! Бүгінде Шымкентте тұрғындар тарапынан өзімізден шыққан өнімге деген сұраныс жоғары. Осы орайда іргелі кәсіпорындардың да қатары артып келеді. Бүгінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан «ЮгПласт» зауытының жұмысы қарқынды.
«ЮгПласт» ЖШС - 2012 жылы полиэтиленді құбыр өндірісін бастаған зауыттардың бірі. Мұнда құбырдың су, газбен жабдықтау, кәріс жүйесіне арналған түрлері шығарылады. Кәсіпорында орнатылған құрылғылардың көмегімен жылына 8 мың тонна өнім дайындалады. Жылдық айналымы 2 миллиард теңге. Кооператив тоғыз жылдан бері сауда нарығында қызмет етіп келеді. Мекеме басшысы қажетті шикізатты Ресей мен Ираннан әкеледі. Ал тауарға тапсырыс берушілердің басымы – Түркістан, Қызылорда, Тараз, Шымкент қалаларының құрылыс компаниялары.
Аталған зауыт «Жол картасы – 2020» және индустриалды-инновациялық даму бағдарламаларының қолдауымен жүзеге асырырылған. Бүгінде өндіріс ошағының өнімдері тұтынушының бар талабына сай. Әрі бағасы да қолжетімді. Зауыт басшысы тауардың санына емес, сапасына аса көңіл бөледі. Сондықтан болар өнімге берілетін кепілдік мерзімі – 50 жыл. Яғни ұзақ уақытқа жарамды.
«Диаметрi 75 пен 630 мм аралығындағы 18 түрлi құбыр жасалады. Су, газ және кәрiз құбырларын германиялық Krauss Maffei қондырғысымен дайындайды. Шикiзат Ресей және Оңтүстiк Корея елдерiнен тасымалданады. Кәсiпорынның жылдық қуаттылығы — 8000 тонна. Алдағы уақытта диаметрі 20-дан 630-ға дейін құбырларды экспортқа шығару жоспарымызда бар», – дейді «ЮгПласт» ЖШС зауытының инжинер-технологы Нұрлан Темірбаев.
Қазіргі таңда зауытта 26 адам жұмыс істейді. Жобаның жалпы құны 350 миллион теңгенi құрайды. Кәсiпорынның өнiмi Оңтүстiк өлкедегi құрылыс компанияларының сұранысын тұрақты қанағаттандырып келедi.
Зауыт басшысы алдағы уақытта қуаттылығын арттырып, жұмыс күшін көбейтуді көздеп отыр. Айтып өтейік, сапалы өнім шығаратын техникалар арнайы Германиядан әкелінген. Бұл құрылғылардың көмегімен сапалы әрі ұзақ уақыт бойы қызмет ететін құбырлар шығарылады.