Орта Азияда теңдесi жоқ кешен қала экологиясының жақсаруына үлес қосуда
Шымкент қаласында Орта Азияда теңдесi жоқ биогаз қондырғысы кешенi жұмыс істейді. Үшінші мегаполистегі Орта Азиядағы алғашқы қуаты 0,5 мегаватты құрайтын Қазақстандағы бірегей жоба “Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын” орындау мақсатында іске асырылған.
“Қондырғылар кешенінде чехиялық “HEDVIGA GROUP” компаниясының жаңа технологиялары қолданылды. Технологияның ерекшелігі қаланың сарқынды суларды тазалауда шыққан шөгінділерді өңдеп, одан биогаз алып қолдану арқылы, жылу және электр энергияларын өндіру болып табылады. Нәтижесінде бұл технология сыртқы ортаның ластануын едәуір төмендетіп экологияны жақсартуға үлкен үлес қосады.
Жобаның бастамашысы “Су ресурстары – маркетинг” ЖШС болып табылатын жобаның құны – 2 миллиард 200 миллион теңге. Технологиялық процеске сәйкес қондырғы қалдықтарды өңдеу арқылы тәулігіне 300 м3 метанды газды (биогаз) өндіреді. Мұнда тұрақты жұмыс орнымен 20 адам қамтылып отыр. Сонымен қатар, өндірілген энергия кәсіпорынның жылу энергиясына қажеттілігін толығымен, ал электр энергиясына қажеттілігінің 50 пайызын жабатын болады.
Айта кетейік, «Жасыл экономика» – бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ пайдаланылған өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. «Жасыл экономика» бірінші кезекте, қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған ресурстарды (мұнай мен газ секілді пайдалы қазбаларды) үнемді тұтынуға және күн мен жел қуаты секілді сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға қызмет етеді. “Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасында” 2050 жылға дейінгі уақытты қамтитын үш кезеңнен тұрады. Соның ішінде бірінші кезеңнің міндеті қорларды пайдалануды оңтайландыру және табиғат пайдалану қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылымды құру болып отыр. Тұжырымдама су ресурстарын орнықты пайдалану; орнықты және өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту; энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру; электр энергетикасын дамыту; қалдықтарды басқару жүйесін енгізу; ауаның ластануын азайту; экожүйелерді сақтап қалу және тиімді басқару секілді жеті бағыттан тұрады.