Шымқаладағы станция сағатына 15-17 мың кВт электр энергиясын өндіреді

Oinet.kz 01-11-2022 539

image.png

Жасыл экономикаға бет бұра бастаған Шымкентте күн электр станциясы ашылған. Заман дамыған сайын электр энергиясына деген сұраныс та соғұрлым арта түсетіні белгілі. Бірақ, барлық нәрсенің сарқылатын уақыты болады. Бүгінде әлем бойынша электр энергиясы күрделі мәселеге айналып келеді. Көп елдерде электр қуатының тапшылығы орын алуда. Аталған мәселені шешу мақсатында электр қуатын алатын балама жолдар қарастырылуда. Соның бірі - электр энергиясын өндіру үшін күн сәулесін пайдаланатын электр станциясы. Күн энергетикасы дегеніміз – дәстүрлі емес энергетика бағыттарының бірі. Ол күннің сәулеленуін пайдаланып қандай да бір түрдегі энергияны алуға негізделген. Күн энергетикасы энергия көзінің сарқылмайтын бір түрі, әрі экологиялық жағынан да еш зияны жоқ. 

Күн электр станциясы – экологиялық тұрғыда таза, дыбыссыз, қауіпсіз әрі пайдалануға ыңғайлы, оның үстіне өз құнын жүз пайыз ақтайтын тиімді қондырғы. Жұмыс істеу мерзімі шамамен отыз жыл. Күн энергиясын электр энергиясына айналдыратын қондырғылардың бірі – күн батареялары. Күн батареясы немесе фотоэлектрлік генератор – күн сәулесінің энергиясын электр энергиясына айналдыратын шала өткізгішті фотоэлектрлік түрлендіргіштен  тұратын ток көзі. 

 Шымкенттегі күн электр станциясын 2019-2020 жылдары «Авелар солар технолоджи» ЖШҚ Ресей мемлекеті өндірушісі өз қаражаты есебінен салған. Жоба құны 6,2 миллиард теңгені құрайды (20 миллион АҚШ доллары). Ол қала аумағындағы Айкөл тұрғын алабында орналасқан. Қуаттылығы 20 МВт/сағ құрайды. Жоба 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға берілген. 

Бүгінгі таңда, күн электр станциясымен өндірілген электр қуаты «КЕГОК» АҚ-ның қаржылық есеп айырысу орталығы (РФЦ) арқылы аталған мекеменің қосалқы станциясы арқылы қалаға берілуде. Аталған электр станциядан алатын қуат көлемі жалпы тұтыну көлемінің 4%-ын құрайды. Күн электр станциясы 50 гектар жер аумағын алып отыр. Аталған станция сағатына 15-17 мың кВт электр энергиясын өндіреді. Бүгінгі таңда Айкөл тұрғын алабында орналасқан станция тұрақты жұмыс жасауда. 

Айта кетейік, «Жасыл» экономика – экономикалық жүйе, оның басты мақсаты планетамыздың экологиясын сақтай отырып, экономиканың барлық салаларын дамыту.

Күннен қуат алатын жол белгілері көбеюде
Орта Азияда теңдесi жоқ кешен қала экологиясының жақсаруына үлес қосуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу