Шымқаланың орман қоры 2027 жылға дейін молықтырылады

Oinet.kz 31-10-2022 566

image.png

Халық ұғымында табиғат деген сөз Жер – Ана, туған жер, атамекен сөздерімен қатар тұрады. Ыбырай Жақаев мынадай даналық сөздер жазған: «Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Жер, су, ауа, адам баласының ұрпағынан ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына... Әрбір ағашты, әрбір бұлақты, жалғыз дәнді де ыждаһаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі». Соңғы жылдары елімізде қала, елді-мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, орман қорын ұлғайтуға аса мін берілуде. Осы мақсатта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы да әзірленіп, жүзеге асырылуда. Аталмыш жоба аясында Шымкент қаласында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Айталық жыл сайын көшеттер егіліп, жасыл белдеу аумақтары кеңеюде. 

Көшет егу бір жұмыс, ал оны күтіп-баптау жылдарға созылатын ауқымды іс. Кейде егілген көшеттер 100 пайыз өніп кетпейді. Сондықтан олардың орнын толтыру қажеттігі туындайды. Мәселен бір миллион ағаш егілсе, оның 600 мыңы өніп, қалған 400 мыңы өнбей қалған жағдайда қалған 40 пайыз ағашты молықтырып отыру керек. 

Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы  басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мақсат Әбдіқадыровтың айтуынша қаланың орман қорына 2027 жылға дейін  640 мың ағаш егіліп, молықтырылу  қажет екен. Яғни жыл сайын 10 пайыз көшет егіліп отырады. Ал қаланың 278 гектар аумақтағы жасыл белдеудегі 231 574 көшетті күтіп баптау және толықтыруға 5 жыл уақыт берілген. 

Айта кетейік, шаһардағы «Тұран» шағын ауданы маңында орналасқан көлемі 134 гектар аумақтағы жасыл белдеуге ағымдағы жылы 111 622 дана қарағаш көшеттерін егу жоспарланған. Аталған жұмыстарға 6 трактор, 3 ағаш отырғызу тіркемелері мен 6 соқа және 30 жұмысшы  жұмылдырылмақ.   

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған  Жолдауына сәйкес 2024 жылға дейін Шымкент маңындағы жасыл белдеудің жалпы көлемін 13 мың гектарға дейін жеткізу және жыл сайын 200 мың дана ағаш көшетін отырғызу жоспарланған.  

«Бір тал кессең, он тал ек»
Экспортер-кәсіпорындар көбейген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу