Тұрғындар да жауапкершілікті сезінуде
Еліміздің қазіргі таңдағы қарқынды дамып келе жатқан экономикалық жағдайында, қала дендрофлорасын дамыту аса маңызды іс шара болып табылады. Осыған орай, елімізде соңғы жылдары абаттандыру жұмыстары «Жасыл Қазақстан» сынды бағдарламалардың аясында қарқын алып келеді.
Шымкент қаласында да ұлттық жобаның орындалу барысы жоғары деңгейде. Мәселен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан бойынша 2 миллиард түп көшет отырғызу тапсырмасы шеңберінде Шымқалада қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының ұйытқы болуымен шаһардың жасыл белдеуі мен орман қорларына, көше бойына биылғы жылға 200 мыңға жуық көшет отырғызу жоспарланған болса, оның 40 мың түп ағашы ерте көктемде егілген. Ал қалған 160 мың түп көшет жыл соңына дейін егілетін болады.
Қоршаған ортаның жағдайы, қаланың экологиясы тек бір басқармаға ғана міндеттелген жүк емес. Табиғат – ортақ үйіміз болғандықтан оны тазалығы мен әсемдігі барша адамзатқа ортақ міндет. Осы қағиданы ескере жүретін шымкенттіктер қаланың көгалдандыруына, абаттандырылуына және тазалығы мен қауіпсіздігін қорғауға ат салысып келеді.
Қарапайым тұрғындардан бастап, зиялы қауым өкілдеріне дейін басқарма мамандарына көшет ексек деген ұсыныстармен жиі келетін көрінеді. Мамандар ұсынысты қабыл алған бойда көшет егетін жерді мақұлдауы тиіс немесе таңдап береді. Өйткені ағаш суғаруға қолжетімді жерде орналасуы тиіс. Жақында ғана Шымкент қаласы әкімінің аппараты ішкі аудит қызметінің мамандары 100 ағаш ексе, «Халық банк» басшылығы да көшет егіп, қаланы көгалдандыруға ат салысқан.
Айта кетсек, тұрғындар, жеке азаматтар мен ұйымдар тарапынан егіліп жатқан көшеттер биылғы жылғы егілетін 200 мың көшетке кірмейді.
Сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес қала тұрғындары басқармаға тікелей өз өтініштері мен арыз-шағымдарын жеткізе алады. Бір сөзбен айтқанда халық пен мамандар арасында байланыс тығыз. Сондай-ақ «І-Komek» порталының да шаһардың абаттануына, көгалдандырылуына қосып жатқан үлесі зор.