Шымкент тағы бір гүлзармен толықты
Республика күніне орай Шымкент тағы бір гүлзармен толықты. Қала әкімі Мұрат Әйтенов скверің ашылу рәсіміне қатысып, ел игілігіне берді. Заманауи үлгіде салынған скверде орындықтар, қоқыс жәшіктері, арнайы ағаштан жасалған шатыр, селфи аймағы, әткеншектер, мен стилді жарықшамдар орнатылған. Тақтатастары фортепиано пернелері іспеттес төселген. Гүлзардың ашылуында Шымкент әкімі мен зиялы қауым өкілдері ағаш отырғызды. Мұрат Дүйсенбекұлы жұртшылыққа жылы лебізін жеткізді. “Қазақстан - қуатты мемлекет. Бұл күнге оңай жетпегеніміз тарихтан белгілі. Барымызды бағалап, туған жердің қадіріне жете білейік. Туымыз тұғырлы, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!”-деді.
Жаңа гүлзар Қазыбек би - Есенберлин көшелерінің қиылысында, Ш.Қалдаяқов атындағы филармония мен А.Пушкин атындағы кітапхана ғимаратының ортасында орналасқан. Бұрын бұл жерде “адвокаттар алқасының” ғимараты бар еді, өртеніп кеткен соң барлығы сүрілген. Тұрғындар енді бұл жердің тынығатын аймаққа айналғанына қуанып, әкімдік пен мердігер компанияға алғысын айтты.
Айта кетейік, Шымкент саябағы көп қалалардың бірі. Шымкенттегі Дендросаябақ, «Тәуелсіздік», «Жайлаукөл», «Қиял әлемі», «Абай», «Орталық», «Кең баба», «Жеңіс», тағы басқа саябақтар мен «Шәмші гүлзары», зообақ, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған. Қалада саябақтар мен гүлзарларға 2022-2026 жылдарға арналған даму концепциясының жобасы әзірленген. Шымкент қаласының қалалық жайлортаны дамыту басқармасының балансында 8 саябақ және 39 гүлзарлар мен аллеялар, 37 субұрқақ, 44 ұңғыма, 50 ескерткіштер бар. 8 саябақ, 39 гүлзар күтіп-ұстау жұмыстары мердігер мекеме "Build Stroy" ЖШС, 2021 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс жасауда. Қаладағы саябақтар мен гүлзарлар өнеркәсібі дамыған шаһардың экологиялық ахуалығын жақсартуға септігін тигізіп тұр.