Дендрологиялық саябақта көшет отырғызылды
Республика күніне және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығана орай бүгінгі мегаполистің өкпесіне айналған дендрологиялық саябақта мерейлі жиын өтті. Шымкенттік өнерпаздар мен Жамбыл облысының «Тараз» триосы жырдан шашу шашып, әсем әнді әуелетті.
Түркістан облысының құрметті азаматы Исмат Тұрсынқұлов пен Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев дендрологиялық саябақтың тарихын баяндады.
— Cоциолистік Еңбек Ері Асанбай Асқаров 1978 жылы қаланың қоқыс полигоны орналасқан аймақты толығымен тазартып, оны қаланың жасыл желегіне айналдыруды қолға алды. Асқаровтың өзі күндіз-түні жұмыстың басында жүріп, саябақ аумағын 7 секторға бөлді. Сөйтіп, әр секторға түрлі ағаштарды отырғызды. Қай бөлікте қандай ағаш отырғызылатынын, оларға қандай күтім қажет екенін мамандармен келісіп, өзі қадағалап жүретін, - деді И.Тұрсынқұлұлы.
Біртуар азаматтың 100 жылдығына орай дендрологиялық бақта 20-дан аса ағаш көшеті отырғызылды. 1979 жылы А.Асқаровтың өз қолымен отырғызған шынар ағашының қарсы бетіне қызы Жаннет Асанбайқызы мен Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Э.Қонаев шынар ағашын отырғызды. Ал, өзге көшеттерді Жамбыл, Түркістан облысынан келген делегаттар мен Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері отырғызды. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев отырғызылған көшеттерді баптауды әрбір азамат өз жауапкершілігіне алып, кем дегенде жылына бір мәрте келіп тұруды ұсынды.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте Мемлекет басшысының «Жасыл Қазақстан» жобасын іске асыру мақсатында шаһарда бірқатар шаралар қолға алынған. 2025 жылдар аралығында қала аумағында 5,46 миллион түп ағаш көшеттер егіледі деп күтілуде.
Ал «ағаштар патшалығы» дендрологиялық саябақта ағаш пен бұтаның 350 түрі өседі. Қазақстанның Қызыл кітабына енген 7 ағаш түрі және сирек кездесетін 61 ағаш-бұта түрі бар. Жалпы, саябақ аумағындағы ағаш-бұталардың саны 100 мың данадан асады. Қазіргі таңда тұқымбақта 62 түрлі ағаш-бұта түрінің 8469 түп көшеті өсірілуде. Жалпы, дендросаябақтың жалпы жер көлемі 130 гектарға жуық. Оның ішінде орталық учаскесі 117 гектар аумақты құраса, Қошқар ата учаскесі – 12,33 гектар. Бұл аймақ су қорғау аймағы жерлеріне жатады.