Мегаполисте жиһаз өндірісі дамып келеді

Oinet.kz 18-10-2022 552

image.png

Бүгінде Қазақстанда жиһаз өндірісі қарқынды дамып келеді. Салада жаңа кәсіпорындар ашылып, өндіріс ошақтарының отандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артуда. Жалпы, елімізде тұрғын үй құрылысы жылдан жылға белсенді жүргізілуіне байланысты жиһаз өнімдеріне деген сұраныс та жоғары болып отыр. Ағымдағы жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жиһаз өнімдерінің өндіріс көлемі 16,4 миллиард теңге болған. Атап айтқанда, қаңқасы металдан жасалған отыруға арналған жиһаз өндірісі 6 пайызға, кеңсеге арналған ағаштан жасалған жиһаз 30,4 пайызға, ас үй жиһазы 33,5 пайызға, сондай-ақ жатын бөлмеге арналған ағаштан жасалған жиһаздар өндірісі 2,2 пайызға артқан.

 Бұл саланың қанат жаюына үшінші мегаполистің де үлесі бар. Соңғы жылдары Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарламалардың және жергілікті әкімдіктің қолдауымен жұмысын бастаған жиһаз жасау кәсіпорындарының қатары көбейіп келеді. Солардың бірі «СК-АЙМАҚ» ЖШС шкаф жиһазы өнімдері мен құрылымдары өндірісі қарқынды жұмыс жасауда. Жобаның инвестиция көлемі — 500 миллион теңге, онда 50 жұмыс орны құрылған. Кәсіпорын жобалаудан бастап дайын өнім шығаруға дейін толық технологиялық циклын жүзеге асырады. Сонымен қатар, жобалық қуаттылығы жылына 7 000 жиһаз өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Жобаға «Тассай» индустриялық аймағынан 1,8 гектар жер бөлінген. Бүгінде «Тассай» ин­дустриялық аймағында жалпы құны 28,1 миллиард теңгені құрайтын 18 жоба іске асырылып, онда 800-ге жуық жұмыс орны ашылған. Аталған жобаларға «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар эко­номикасы» бағдарламалары аясында қолдау көрсетілген. 

Сондай-ақ Шымкентте үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығында 89 миллиард теңгеге 63 кәсіпорын бой көтерген. Соның нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылған. Ал екінші бесжылдықта 97,4 миллиард теңгеге 41 жоба қолдау тауып, соның арқасында 2,5 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасқан. 2020-2021 жылдар кезеңінде 414,3 миллиард теңгеге 90 жоба жүзеге асып, 7,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылған.

«AZALA Textile» - көшбасшы компания
Жиһаз кәсіпорындары бойынша Шымкент көш басында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу