Инвесторларға үлкен қолдау бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дағдарыс кезінде кәсіпкерлік саласына қолдау көрсету тапсырмасы негізінде құрылған «Shymkent INVEST» – «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисінде инвесторларға үлкен қолдау бар. Атап айтқанда, оларды негізінен қызықтыратыны – әлеуметтік нысандар құрылысы. Әуелі өз қаражаттарына мектеп, аурухана салып, сосын оны мемлекет қарамағына өткізетін арнайы бағдарламаға қатысқанды қалайды. Фронт-офиске жеке кәсібін дөңгелетіп жүргендердің кейбірі жобасын жүзеге асыруға жер сұрап келсе, енді бірі өз жобасын бастау үшін қаржылық қолдау мәселесімен келеді. Бұл ретте «Shymkent» ӘКК-нің «1000 сауда нүктесі» деп аталатын жобасы бар. Берілетін жердің аумағы – 16 шаршы метр. Ол жерге шағын дүңгіршек салуға болады. Кәсіпкер «Shymkent» ӘКК құзырындағы бұл учаскені конкурс арқылы ала алады.
«Қазір қалада әр бұрышта тауарын сатып отыратын саудагерлер көп. Олардың бұл кәсібі көбіне заңсыз да болуы мүмкін. Сондықтан, оларға саудасын жүзеге асыруға ресми түрде мүмкіндік беру мақсатында жоғарыда аталған «1000 сауда нүктесі» жобасы қолға алынып отыр. Бұл жобаның бір артықшылығы – жерді жалдау құнының арзандығында. 16 шаршы метр жерге ай сайын 28 мың теңге төлеп тұрады. Басқа жекеменшік учаскелерді жалға алу құны айына 100-300 мың теңге аралығында болуы мүмкіні. Дегенмен учаскеге түсетін нысанды кәсіпкер өз қалтасынан салуы тиіс», – дейді «Shymkent INVEST» – «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисінің жетекішісі Саян Нүркенұлы.
Бұл бағдарламаға отандық тауар, түрлі кәдесыйлар сататын, франшизамен жұмыс істейтін және жылдам тамақтандыру орнын ашуды ұйғарған кәсіпкерлер қатыса алады. Мобильді сауда нүктелері үшін көлік құралының техникалық құжаты немесе оны жалға алу келісімшарты және көліктің талапқа сәйкес жабдықталуы талап етіледі. Бағдарламаға қатысу үшін «Бизнеске арналған үкіметтің» кеңсесіне бару қажет.
Фронт-офис кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша жан-жақты қызмет көрсетіп, нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Мұнда кәсібін ашқысы келетіндердің барлық сұрақтарына жауап беріледі. Мамандар жеңілдетілген несие алу, сауда орындарын іске қосу, индустриялық, көлік-логистикалық, агро-индустриялық және арнайы - экономикалық аймақтардан жер телімін алу сынды мәселелер бойынша кеңес беруге дайын.