Кәсіпкерлер бас қосты
«Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Шымкент қалалық филиалында дөңгелек үстел жиыны өтті. Аталған басқосуға Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері Мырзахмет Сынабаев, Рүстем Әшетаев, Азат Әміртай және жергілікті кәсіпкерлер келді. Кездесуде ҚР Президентінің Жолдауы аясындағы кәсіпкерлікке қолдау және дамыту тетіктері сөз болды.
– Қалалық қоғамдық кеңес үкімет пен халықтың арасындағы «алтын көпір» рөлін атқарып жатыр деуге болады. Мысалы, бір жағынан, азаматтардың өтініштерін билік өкілдеріне жеткізу болса, екінші жағынан, құқықтық-нормативтік актілерді, жаңашылдықтарды халық арасында түсіндіру де бар. Мемлекет басшысы Жолдауында экономика, оның ішінде кәсіпкерлікке баса назар аударды. Оның ішінде қоғамдық кеңестің отырыстарында құрылыс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, қалалық сәулет, жер қатынастары, тұрғын үй, коммуналды шаруашылық тақырыптары жиі көтеріледі. Осы салаларға қатысты ой-пікірлеріңіз, талап-шағымдарыңыз болса, бірге талқылайық. Біз жауапты мамандарға жеткізуге тырысамыз, – деді Мырзахмет Сынабаев.
Жиынға қатысушы кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Іскер азаматтарды, оның ішінде, әсіресе, жеңілдетілген несие алу мен басқа да қаржылық қолдау мәселелері мазалайды. Кейбір кәсіпкерлер жұмыс істеп тұрған өндірісі бола тұра екінші деңгейлі банктен несие алуда кедергіге тап болатындарын жеткізді. Қоғамдық кеңес мүшелері көтерілген мәселелер мен сұрақтарды жазып алып, тиісті органдарға жеткізуге уәде берді
Айта кетейік, Шымкент қаласында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында «Достық үйі» ғимаратында жиын өтті. Оған «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, «Дустлик» қауымдастығының төрағасы, Икрамжан Хашимжанов, қалалықмәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев, «Оқушылар сарайы» мекемесінің директоры Бақытжан Мұстафаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.