«Silkway Alliance» өндірістік паркі іске қосылды
Шымкент алдағы жылдары дотацияда отырған өңірден донор өңірге айналуы тиіс. 2018 жылы республикалық мәртебе алған үшінші мегаполиске қазынаға қарап алақан жаймайтын, Алматымен Астана сияқты өз-өзін қамтамасыз ететін, тіпті қажет болса, республикалық бюджетке кіріс келтіретін қалаға айналу міндеті жүктелді. Әрине, мұндай міндеттің жүгі ауыр. Ол үшін қаладаөнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту қажет. Қазір Шымкент қалалық әкімдігі тарапынан осы бағытта біршама жоба қолға алынып жатыр. Экономика өсімінің негізгі драйвері саналатын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында шаһарда «Іскер қала» жобасы қолға алынған болатын. Жобаның алғашқы бағыты өндірістік парктер құру болып табылады.
Мұнда өндіріс саласы бойынша қалада тоқтап тұрған немесе бос тұрған ғимараттарды пайдалану жоспарланған. Яғни, өндірістік ғимараттарды парктер тізіміне енгізіп, жалға алу шығындарының бір бөлігін өтеу қарастырылған. Бірінші жылы – 75 пайыз, екінші жылы – 30 пайыз, үшінші жылы – 25 пайыз шығын өтеледі.
Өндірістік парктер тізіміне енгізу үшін кәсіпкер «Бизнеске арналған үкіметке» жүгінеді. Содан соң жұмыс тобы ғимаратқа қорытынды беріп, өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралады. Жоба мақұлданған жағдайда реестрге енеді. Бұл парктерде экономиканы жандандыратын өндірістік саладағы жобалар іске асырылуы тиіс. Кәсіпкерге қойылатын басты екі талап бар: олар — Шымкент қаласында тіркелген болуы қажет және жоба сұранысқа қажетті тауар өндірісіне негізделуі керек. Бүгінде осы парктердің жұмысын үлгі ретінде ағымдағы жылы «Трубмашхолдинг» ЖШС-нің базасында «Silkway Alliance» өндірістік паркі іске қосылған. Ол «Тассай» индустриалды аймағының маңында орналасқан. Сонымен қатар паркте кооперация шеңберінде жиһаз бен жасанды тас өндіретін кәсіпкерлер бірлесіп бүтін бір өнім шығарып жатыр. Өндірістік парктің алаңы 4,4 гектар, аумағы 3500 шаршы метр. Толық инфрақұрылыммен қамтылған. Бүгінгі таңда паркте инвестиция көлемі 1 миллиард 5 миллион теңгені құрап отыр. Сала мамандарының айтуынша қазір мұнда 7 жоба іске асырылып отыр. Сондай-ақ 120 жұмыс орны құрылған. Жалдау ақысын өтеу бойынша бүгінде 13 мииллон теңгеге қолдау көрсетіліп отыр. «Silkway Alliance» алаңында қазіргі таңда өндірістік орындар толған.