Қаратауда 2 индустриалды аймақ ашылады
Еліміздің үшінші мегаполисі статусына ие болған Шымкент - мәдениет пен экономиканың, өнеркәсіп пен кәсіпкерліктің ірі орталығы. Үшінші мегаполис аз уақыттың ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы шаһарлары секілді өз қажеттілігін өзі өтей алатын донорлық өңірге айналып келеді.
Қала өзін-өзі асырау үшін ең алдымен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, кәсіпорындарды көбейту қажет. Ал жобаларды іске асыруда инвестицияның маңызы зор. Осы ретте Шымқалада ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, индустриялды аймақтардың қатары көбейіп келеді. Шаһарда жалпы аумағы 743 гектар құрайтын 4 индустриялық аймақта 185,3 миллиард теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.
Осы ретте Шымқаланың Қаратау ауданында қос бірдей индустриалды аймақтың құрылысы қызу жүргізілуде. Аталған аймақтарда 35 жоба жүзеге асырылып, 2000-ға жуық жұмыс орны ашылатын болады. Бұл туралы аудан әкімі Р.Мүлкеманов шаһар басшысы М.Әйтеновтің халықпен есепті кездесуінде мәлімдеді.
-Қазіргі кезде “Тассай” индустриалды аймағының аумағы 100 пайыз қамтылған. Осы кезге дейін 20 жобаны іске қосып, нәтижесінде 1500 адамды жұмысқа орналастырдық. Жыл соңына дейін тағы 8 нысанды іске қоссақ, 885 жұмыс орны ашылады-деді Рахымберді Жанысбекұлы.
Бұдан бөлек аудан әкімінің айтуынша, “Бозарық” тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағынан 21 тамақ өнеркәсібі, ал “агроиндустриалдық” аймақтан 14 өндірістік жылыжай кешенін ашу жоспарланған. Қазіргі таңда инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Идустриалды аймақтың басты бағыты - ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта терең өңдеу. Нақтырақ айтқанда биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндіру зауытын және сүт өндіру зауытын салу жобаларын жүзеге асыру, сонымен қатар шетел инвесторларымен бірлесе сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, сүрлейтін жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 7 миллиард теңгеге 6 жобаны іске асыруға жер телімдері ұсынылған.
Салаға жауапты мамандардың сөзінше индустриалық аймақтарда кәсіпорындарға үлкен жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер уческелері ұсынылады. Бизнес өкіліне жобасын жүзеге асыру үшін нағыз керегі осы жер телімі. Жоғарыда айтылғандай жер учаскелеріне мемлекет тарапынан инженерлік жүйелерге қосылу нүктелері тартылған.