Кәсіпкерлік қанат жайған қала
Президенттің тапсырмасы бойынша биыл сәуір айында елімізде іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы қалыптастырылған болатын. Пул тоқсан сайынғы негізде жаңартылып, министрліктер мен әкімдіктердің сайттарында жарияланды. Бүгінгі таңда пул жалпы көлемі 24,4 триллион теңгені құрайтын 765 жобадан тұрады және 112 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейді. Көптеген жобаларды іске асыру 2025-2026 жылдарға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Осы жылы 3,2 трлн теңге сомасына 306 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында инвестициялық жобалардың 2025 жылға дейінгі пулы әзірленген. Оған жалпы құны 2 триллион 600 миллиард теңгені құрайтын және 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 242 жоба еніп отыр. Соның ішінде 159,7 миллиард теңгелік 50 жоба биыл іске асады деп күтілуде.
Салаға жауапты мамандардың мәліметінше қаладағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына 13,3 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінде 4,1 миллиард теңгеге 1 830 жобаға қолдау көрсетілген. Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74 жобаға 1,1 миллиард теңгеге қолдау көрсетілді. Жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы шеңберінде 944 миллион теңге бағытталып, бүгінде 183,4 миллион теңгеге 19 жоба қаржыландырылды.
Сонымен бірге, кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қолжеткізуі үшін «Shymkent–Atameken»микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 25 миллион теңгеге дейін 6 пайыз несие беріледі. Жыл басынан бері 86 жоба қолдау тапқан.
«Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 24 мыңнан астам кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға байланысты қолдау көрсетілуде.
Айта кетейік, Шымкент қаласына инвестиция тарту және инвесторларды қолдау мақсатында «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының «Shymkent Invest» инвестициялар тарту департаменті құрылған. Қазақстандағы қуатты қалалардың біріне айналған Шымкенттің экономикалық және әлеуметтік қарқыны мықты. Осы орайда инвесторларды қызықтыра алып отырған Шымқала алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.