Алақандай жерден табыс тауып отыр
Өз еңбегін ұйымдастыра білген адам кәсібін дөңгелете алады. Бұл туралы француз экономисі Жан Батист Сейдің «Кәсіпкер – адамдарды өндірістік ауқымда ұйымдастыратын адам» деген анықтамасы бар. Еліміздің ұзақ мерзімді стратегиялық даму жоспарында кәсіпкерлікті дамыту саласы негізгі индикаторлардың бірі болып белгіленді. Бұл саланың даму перспективалары туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында ылғи атап көрсетіп, Үкіметтің алдына негізгі міндеттер мен тапсырмалар қойып отырады. Қазақстанда мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға қатысты жасалынып жатқан қолдау мен көмек аз емес. Мысалы мемлекеттік грант беру жобасы. Ұлттық жобаға қатысып, өз бизнесін ашқандардың бірі шымкенттік - Самат Сұлтанов. Былтыр "Бастау-Бизнес" жобасы бойынша оқып, қайтарымсыз 555600 теңге грант алған. Есік алдағы үй іргелік жеріне үлкендеу жылыжай сыймайтын болғасын осы қаржыға шағын 0,5 соттық жылыжай салған. «Алғашында сыртымнан көрген адамдар күлді «кішкентай жерден не табыс табады, оданда мал алып бақпайма» деп. Үндемедім, бастаған ісімді жалғастыра бердім. Жылыжайды салып бітіргесін күздік 200 түп қияр ектім. Аллаға шүкір өсіп өнімін берді. Сосын қарап отырмай қысқа қарай суыққа төзімді редиска егіп оданда өнім алдым. Оны бітіргесін ерте көктемге туралап қайта қияр ектім. Оданда жаман болмадым. Сол 200 түп қиярдан бір тоннаға жуық өнім алдым. Жұмсаған грантты "кеткен қаржыны" тез ақтап алдым. Осы шағын жылыжайды тоқтатпай жұмыс істетіп жатырмыз. Алла қаласа бұл кәсіпті үлкейтіп, тек қияр ғана емес басқада түрлі жемістерді өсірсем деген ниетім бар. Сөзімнің басында айтып кеткенімдегі "күлген" кісілер енді үйрет деп жүр. Менің есік алдым кең сол жерге істесем болады екен ғой ә? деп бекерге шөп басып жатқан жерін енді көргендей айтып жүр. Жұрттың сөзімен емес өз ойымызбен жүруді үйренейік. Сіз тек тоқтамаңыз!»,- дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады. Ағымдағы жылы Шымкент қаласы бойынша барлығы 1150 азаматқа мемлекеттік грант тағайындау жоспарланған.