Өзін-өзі ақтаған алғашқы орталық
Кез келген мемлекеттің немесе аймақтың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты көрсеткіш – елдің экономикасы. Ал экономиканың бәсекеге қабілетті болуының басты бағыты – индустриалды-инновациялық экономика құру және шикізаттық емес секторды дамыта отырып, инновациялық процестерге бет бұру, кәсіпкерлікті дамыту.
Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы Қазақстан бойынша өзін-өзі ақтаған ең алғашқы орталық болды. Кәсіпорындарды бір аумаққа шоғырландырған аймақтың басты мақсаты – кәсіпкерлерге қолдау көрсете отырып, мегаполистің кәсіпкерлік саласын, қаланың экономикасын дамыту. Инфрақұрылымды дамытудың басты факторына айналған аймақта бүгінде жалпы инвестиция құны 42.9 млрд теңгені құрайтын 25 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 2179 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етіліп отыр. 2010 жылдан бастап қазіргі күнге дейін арнайы экономикалық аймаққа қатысушы кәсіпорындар өндірген өнім әлемнің 22 мемлекетіне экспортталды. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін 22 жоба іске асырылып, 2046 жұмыс орындарын ашу көзделуде.
Экономикалық аймақтың Басқарушы компаниясының инвестициялық алаңды таныту бағдарламасы аясында қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі- Дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының Орталық Азиядағы ресми өкілдігі мәртебесін иелену болды. Бұл мәртебе әлемнің жетекші экономикалық аймақтарымен ынтымақтастық орнатуға, инвестицияларды тарту және озық зерттеулерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда «Оңтүстік» АЭА аумағы жеңіл өнеркәсіп, химия және мұнай химиясы өнімдерін шығаратын көптеген озық өндірушілердің қолайлы мекеніне айналып отыр. Дайын өнім әлемнің 22 еліне экспортталып, тұтынушы үшін жоғары сапа және қолайлы баға ара қатынасымен ерекшеленіп, шетелде үлкен сұранысқа иеленіп отыр. Сонымен қатар, АЭА қатысушылары арасында ұйымдастырылған өнеркәсіптік ынтымақтастық, салықтың негізгі түрлерінен (ҚҚС, КТС, мүлік және жер салығы) босату, сондай-ақ кедендік баждардың болмауы сияқты жеңілдіктер шетелдік және отандық инвесторлар үшін үлкен қызығушылық тудырады. Алдағы жоспарда, Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің бірлескен қызметке алғашқы қадам болып жобалық іске асыру құны 40 миллиард тг болатын "Сяньяндік тоқыма корпорациясы" АҚБ жіп иіретін фабрикасының салынатынын айта кеткен абзал.