«Оңтүстік» АЭА-да 31 кәсіпорын жұмыс істеуде
Үшінші мегаполисте кәсіпкерліктің, әсіресе жеңіл өнеркәсіптің дамуына «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы ерекше әсерін тигізіп отыр. Биыл бірінші жартыжылдықта Шымкентте өндірілген жеңілөнеркәсіп өнімдерінің 79,1 пайызы осы аймақтың үлесіне тиесілі. Осының өзі мұның еліміздегі ең тиімді арнайы экономикалық аймақтың біріне айналғанын көрсетеді.
Нақтырақ айтар болсақ, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестициялық құны 130.4 миллиард теңгені құрайтын 53 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар толық жүзеге асқан кезде 6 198 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында әзірге 31 кәсіпорын ашылған. Соның бірі ретінде 2013 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Бал-текстиль» компаниясының кілем фабрикасын айтуға болады. Аталған серіктестік кілем фабрикасына қоса, 2015 жылы синтетикалық иірім жіп өндірісін де жолға қойды. Бүгінде компанияда 232 адам еңбек етіп, жылына 7 млн шаршы метр кілем мен 4 мың тонна синтетикалық иірім жіп өндіреді.
Ал, «Azala Cotton» ЖШС «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан мақта иірім жібін шығаратын елдегі жалғыз фабриканы ашқан. Бұл кәсіпорынға тартылған инвестицияның жалпы көлемі 7,07 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын 300-ге жуық адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 6 мың тоннаға дейін кардтық және тарамдалған мақта-мата иірім жібін шығаруға мүмкіндік береді. Компания өнімдерінің 90 пайыздан астамы Ресей мен ҚХР нарықтарына экспортталады.
Компания бүгінде қолданыстағы өндіріспен қатар синтетика аралас иірілген жіп шығаратын цех салуды қолға алған. Жаңа өндірістік желіні іске қосу өндіріс көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Шымкенттің жеңіл өнеркәсіп саласында табысты жұмыс істеп келе жатқанда компаниялардың тағы бірі – «Azala Textile» ЖШС. Бұл кәсіпорын жіптен иіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндіріс циклі бар фабрика ашқан. Онда жылына 2,8 мың тонна иірім жіп пен 14 миллион метр қатты матадан дайындалатын тоқыма бұйымдары шығарылады. Бүгінгі таңда кәсіпорын дайын маталар, түкті және вафельді сүлгілер, жаймалар, төсек-орын жабдықтарын, жастық-көрпе тыстары мен балаларға арналған тоқыма бұйымдарды нарыққа шығарып отыр.