«Оңтүстік» индустриалды аймағындағы кәсіпорындар жас мамандарды жұмыспен қамтиды
М.Әуезов атындағы ОҚУ-да жастарды тұрақты жұмысқа қабылдау мәселесіне арналған үшжақты меморандумға қол қою рәсімі өтті. Іс-шара аясында «Оңтүстік Қазақстан металлургиялық компаниясы», «Шымкент металлургиялық компаниясы—ШМК», «Қазақстан-Қытай марганецті индустриалды тобы», «Абайл өндіріс» кәсіпорындарының өкілдері, М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Д.Қожамжарова және Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова өзара бірлескен меморандум құжатына қол қойды.
Қолға алынған жобаның негізгі мақсаты - студент жастарды өндірістік тәжірибеде біліктілігін шыңдап, оқу бітірген соң тұрақты жұмысқа орналасуға жәрдемдесу.
Б.Нарбекованың айтуынша, жастар «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша жұмысқа жолданып, квотамен елімізде еңбек етіп жатқан шетелдік мамандардың қасында жүріп тәжірибелерін шыңдамақ. Кәсіпорындар да өндіріс орны базасында студенттердің оқу-тәжірибеден өтуіне қол ұшын созуға әзір. Жобаға М.Әуезов атындағы ОҚУ алғашқылардың бірі болып таңдалуының себебі, мұнда студенттер техникалық мамандықтарды үш тілде меңгереді. Сондықтан ертең шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуда тілдік кедергі ешқандай қиындық тудырмайды.
Өз кезегінде «Қазақстан-Қытай марганецті индустриалды тобы» компаниясы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Жезбаев университет түлектерін кәсіпорынға жұмысқа шақырды.
— Біздің кәсіпорын «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан. Ферросиликонды марганец өндіреміз. Бүгінгі таңда кәсіпорынға әртүрлі мамандықтар бойынша жүзге жуық жұмысшы қажет. Университеттің жас мамандары бізге келіп жұмыс істесе деген ниетіміз бар. Өйткені компания жұмысшыларға бар жағдайды жасап отыр. Үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Кәсіпорынның заманауи үлгіде салынған өз жатақханасы бар. Тынығып, демалу үшін бар мүмкіндіктер қарастырылған. Өкінішке қарай бүгінгі жастарда тез байып кетсем деген қате түсінік қалыптасқан. Себебі көп жастар жұмысқа тұрсам деген ниетпен келеді, бірақ кәсіпорынның ішкі тіршілігін көрген соң көп тұрақтамай кетіп қалады. Оңай жерде нан жоқ екенін қазіргі жастар білсе екен. Ешкімге бірден жоғары айлық, жауапты қызмет берілмейді. Мұның барлығы тұрақты жұмыстың арқасында, уақытпен бірге тәжірибенің қалыптасуымен болады, - деді Н.Жезбаев.