Шағын шаруашылығы бар тұрғындарға 1-2 пайызбен несие беріледі

Oinet.kz 28-10-2021 591

Screenshot_3.jpg

Ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков агросаладағы 9 айдың қорытындысын баяндады. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы "Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі" атты Жолдауы аясында іске асырылатын жоспарлар жайлы айтып өтті. 

Асқар Сәкенұлының мәлімдеуінше 9 айда 31,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Негізгі капиталға 4,2 млрд теңге инвестиция тартылған. 29,3 мың гектар алқапқа дақылдар егіліп, 85,4 мың тонна өнім жиналған. 

Брифинг барысында басқарма басшысы Жолдау аясында қолға алынатын жоспарлармен бөлісті. 

– "Іскер қала" бағдарламасы бойынша шағын шаруашылығы бар қала тұрғындарына 1-2 пайызбен несие беріледі. Мәселен бұл қаражатқа олар тамшылатып суару әдісімен үйіргелік жеріне көкөніс еге алады. Ал оны қалай егудің әдісі де 3 күндік семинарда тегін үйретіледі. Сондай-ақ келесі жылдан бастап кооперацияны дамыту мақсатында кәсіпкерлерге айналым қаражатына 0,01 пайызбен несие берілетін болады. Мәселен арзан несие алған кәсіпкер бройлер балапандарын шаруаларға өсіріп беруге таратады. Кейін ол өнімді төмен бағада саудалайды. Бұл азық-түлік құнының арзандауына септігін тигізсе, екіншіден қосымша жұмыс орнының ашылуына оң әсерін береді, - деді Асқар Сәкенұлы. 

А. Қаныбеков өз сөзінде ветеринария саласындағы қызмет түрлері толық цифрландырылатынын және мал дәрігерлерінің айлық жалақысы 125 мыңнан алдағы 5 жылда 200 мың теңгеге дейін өсетінін жеткізді.

Шымкент "Іскер қалаға" айналады
17 жоба іске қосылып, 248 жаңа жұмыс орыны ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу