Көмірқышқыл газын өңдейтін зауыт салынады
Шымкент қаласында көмірқышқыл газын қайта өңдейтін кәсіпорын салу ұсынылды. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағылығымен өткен инвестициялық штаб отырысында «РЕТ» ЖШС-нің өкілі көмірқышқыл газын қайта өңдейтін зауыт жобасын ұсынды.
Жоба құны – 3,5 млн АҚШ долларын құрайды. 2022-2023 жылдарға жоспарланған жоба тәулігіне 40 тоннадан астам көмірқышқыл газын қайта өңдеуге қауқарлы. Шымкент қаласында қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру қажет екенін айтқан қала басшысы аталған жобаның іске асырылуына барынша қолдау көрсетуді тапсырды.
Жаңа өндіріс Шымкент қаласының экологиялық жағдайына оң әсерін тигізеді, сонымен бірге тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Шымкентте соңғы жылдары адам саны өсіп, сонымен бірге автокөлік саны да артқан. Әрбір көліктен ортаға көмірқышқыл газы бөлінетіні белгілі. Бұл газдар қала экологиясын нашарлатып, адам денсаулығына кері әсер етеді. Осы орайда қала экологиясын жақсарту мақсатында зауыт салу құптарлық іс.
Атмосфераға көмірқышқыл газының техногендік түсуінің негізгі көзі түтін газдары болып табылады. Түтін газдарын залалсыздандырудың бір әдісі - олардан көмірқышқыл газын алу. Көмірқышқыл газы тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылады.