Шымкент туризм саласының мамандарынан тапшылық көрмейді
Бүгінде Шымкент қаласының туристік ахуалы жақсарып, экономикалық әлеуеті артып келеді. Қалаға келуші туристер саны жылдан-жылға көбеюде. Ал туристерге қызмет көрсететін мамандарға деген сұраныс артуда. Туристер өздеріне сапалы қызмет көрсеткенін қалайды. Ал мұндай мамандар аспаннан салбырап түспесі белгілі. Оларды арнайы оқу орындары дайындайды. Және олар алғашқы жұмыс орындарынан тәжірибе жинайды.
Шымкент қаласында туризм саласы мамандарын даярлауға бейім білім ұясының бірі – С.Көбеев атындағы оқу ошағы. 2020-2021 оқу жылында аталмыш мектеп түлектерінің басым бөлігі туризм мамандығы бойынша білім гранттарының иегері атанған.
Аталшым білім ұясындағы алғашқы қоңырау салтанатына бүгін - қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Ермекұлы арнайы қатысты. Оқушыларды сапалы білім нәрімен сусындатып отырған мектеп табылдырығын биыл – 131 бүлдіршін аттаса, жалпы шәкірттер саны – 1200-ден асады.
Аталған оқу орны туризм саласының мамандарын дайындауда соңғы трендтегі жаңалықтарды қолданып, оқушыларының заман талабынан қалып кетпеуін қадағалайды.
Басқарма басшысы білікті ұстаздар, зияткер жастарды білім күні - дәстүрлі жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оларға ізденіс жолында сәттілік тіледі. Айта кетейік, білім беру мекемелерінің қызметкерлері және баланы білім ордасына алып келген адамдар «Ashyq» қосымшасын қолданады.