Шымкентте «Еңбек» бағдарламасы аясында несібесін тапқандар көп
Шымкентте Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы басталды. Қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Жаннат Оспанханованың айтуынша, бағдарламаның қала жастарына берері мол.
– Жаңа бағдарламаны көпшілік «Жастар практикасы» жобасымен шатастырып жатады. Мұндағы айырмашылық «Жастар тәжірибесінде» соңғы үш жылда жоғары оқу орнын тәмамдаған жас түлектерге 6 ай еңбек өтілін жинауға жолдама беріледі. Ондағы бекітілген жалақы мөлшері – 25 АЕК. Ал «Алғашқы жұмыс орны» аты айтып тұрғандай жұмыс тәжірибесі жоқ 29 жасқа дейінгі азаматтарға арналған. Екі бағдарламаның ұқсастығы болғанымен жалақы мөлшері және жұмыспен қамтылу уақыттарында айырмашылық бар. Жаңа жобамен жұмысқа орналасуға көп балалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүгедектер мен техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне басымдық беріледі, - дейді бөлім басшысы.
Жұмыспен қамту орталығында мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жыл басынан бері 12 654 адам жұмыспен қамту шарасына қатысқан. Оның ішінде, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқытуға 1900 адам жіберіліп, 21 азамат несиеге қол жеткізген. 600 тұрғын мемлекеттік грант алған. Сонымен қатар, 4279 адам бос жұмыс орындарына, 211-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 1078-і жастар практикасына, 2825-і ақылы қоғамдық жұмыстарға орналасыпты.