Қытайдың ең кедей елге айналғысы жоқ

Oinet.kz 04-12-2020 28345

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон осыдан жеті жылдай бұрын Гарвард университетінде сөйлеген сөзінде 20 жылдан соң Қытай әлемдегі ең кедей елге айналатынын айтқан-ды. Оның себебі ретінде саясаткер: «Қытайда діни сенім жоқ. Бұл ең қорқыныштысы.  Ең бай адамдары басқа елдерге жер аударып кетеді. Қытайлықтар өмір салтын түсінбейді, сол себепті жақсы өмір сүруге лайықсыз. Олар қоршаған ортаны бұзып жатыр. Табиғи жаулап, тонаушылардың нақ өзі», деген дәйектерді келтірген. 

Қытай экономикасы.jpg

Жиырма жыл өткен жоқ, дегенмен Қытайдағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралы елдегі кедейшілік мәселесі толыққанды шешілгенін мәлімдеуде. Қытайдың өндіріс қарқыны соңғы үш жылда ең жоғары көрсеткішке жеткен. Сарапшылардың айтуынша, бұл Қытай экономикасының коронавирус зардабынан айыға бастағанын білдіреді. Жергілікті статистика бюросының мәліметі бойынша елдегі Менеджерлердің сату индексі 52 бағанынан асқан. Өндіріс көлемінің даму көрсеткіші 31 сала бойынша жұмыс істейтін 3 мың компанияның арасындағы сауалнама нәтижесі бойынша бағаланады. Ал қызмет көрсету деңгейі 37 саладағы 4 мың компанияның мәліметтеріне негізделеді. Жалпы Қытай экономикасы жыл аяғына дейін 2 пайыздық өсімге жетеді деп күтілуде. Бұл соңғы 30 жылдағы ең төменгі көрсеткіш болмақ. Алайда індет кезінде басқа елдермен салыстырғанда жоғарылау. Дегенмен, Қытайдың кедейшілікпен біржола қоштасқанына күмәнданушылар да баршылық.

Ұзақ уақыт бойы әлемдегі кедейлері көп елдердің қатарында келген Қытайда абсолютті кедейлікпен күресу Си Цзинпинь саясатының басты бағыттарының біріне айналды. Осыған байланысты 2020 жылдың аяғына дейін елдегі кедейшілікпен күресіп, кірісі төмен отбасы болмайтынына уәде берген-ді. Осы саясат аясында Си Цзинпинь 2014 жылы елдегі 832 ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартуға кірісті. Өткен дүйсенбіде Синьхуа агенттігі кедей аудандар тізіміндегі соңғы 9 аймақтың тұрмысы жақсарғанын хабарлады. Олардың бәрі Гуйчжоу провинциясында орналасқан. CGTN арнасы өз кезегінде Қытай межелі мерзімнен бір ай бұрын кедейшіліктен құтылу жоспары орындалғанын айтып, жарияға жар салды. Сыртқы істер министрінің өкілі Чжао Лицзянь баспасөз жиынында Қытайдың алға қойған мақсаты орындалғанын жеткізді. Global Times газетіне сұхбат берген сарапшылардың бірі кедейшілікпен күрестің қаншалықты табысты аяқталғанын білу үшін уақыт керек екенін айтады. Оның пайымдауынша, Бейжің билігі кең көлемді зерттеу жүргізуі тиіс. Яғни, оның қорытындысы 2021 жылдың ортасына таман ғана анықталады. Қытай билігі абсолютті кедейлік деңгейіне жылдық табысы 2300 юаньға жетпейтін тұрғындарды жатқызады. Ал Әлемдік банктің есептеуі бойынша жылдық табысы 700 долларға жетпейтіндер өте кедейлер тізіміне кіреді. Яғни Бейжің билігі кедейлерді анықтау тәсілі әлемдік стандарттан өзгеше болып тұр.

Бүкіл ел бойынша жан басына шаққандағы ұлттық жалпы кірістің көрсеткіші 10 410 долларға тең. Ал ауылды жерлердегі тұрғындардың жылдық орташа табысы 2440 долларды құрайды. Айырмашылық өте үлкен. Тіпті үлкен қалалардағы тұрғындардың табысында да айырмашылық орасан. Мәселен, Бейжің, Шанхай секілді мегаполистердің табысы анағұрлым артық. Оның үстіне, Қытай кедейшілікті жеңген күннің өзінде елде тұрмысы төмен отбасылар өте көп. Қытай премьер-министрі Ли Кэцян мамырда 600 миллион қытайлықтың ай сайынғы орташа табысы 1000 юань деп мәлімдеген. Демек, ел халқының 40 пайыздан астамының табысы 150 долларға жетер-жетпес. Бұдан бөлек, Бейжің билігінің кедейлікпен күрес мақсатында кейбір ауыл тұрғындарын түгелдей жаңа мекенге көшірген оқиғалар тіркелген. Осылайша тұрмысы төмен өңірлерде жаңа жұмыс орнын ашып, жол салып, ауыз су жеткізудің орнына халықты жағдайы жақсы аудандарға апарып орналастырған.

Дегенмен ақпарат құралдары Си Цзиньпин 2014 жылы өз жоспарын жариялағаннан кейін қыруар шаруа атқарылғанын жария етуде. Мысалы, былтыр 1 миллионға жуық тұрғынға таза ауыз су жеткізілген. Алыс елді мекендерге апаратын жаңа жолдар салынып, олардың ұзындығы 4,2 миллион шақырым болған.

Байлардың кірісіне салық көбейеді
Елулікке жақындап қалдық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу