Балам құлағымдағы сырғама дейін алып қойды
15-10-2022
Үйдің кіре берісінде сəби жататын бесік арбаларды жиі көремін. Аналар балаларын салып əкеліп, есік аузына тастайды.
Бұл көріністі көп қабатты үйлердің бəрінен байқауға болады. Тіпті кейде ішінде баланың үстінен жабатын көрпешелерін де тастап кетіп жатады. Ол арбалар түнде иесіз қалып, тəңертең асыққан аналар балаларын бір түн иесіз қалған бесік арбаларға салып алып жүре береді.
Бұл бала арбалары қазір бала жататын бесіктің рөлін атқаратынын ескерсек, қазақ ешқашан сəби жататын бесікті, сəбидің жуылған кірін ешуақытта далаға тастамаған. Жын-шайтан, пəле-жала үйір болады деген. Егер алда-жалда далада иесіз қалып қойған жағдайда, міндетті түрде аластаған.
Бала жататын бесікті әрдайым қасиетті санаған, аяқпен баспаған, иесіз тастамаған, қатты ескірген кездің өзінде жерге тастамаған, биік жерге іліп қойған. Өйткені бесікпен ұрпағың өседі, әулетің көркейеді. Өмірге келген жас нәрестені періштеге балаған, сондықтан да бесікті таза ұстаған. Жын-шайтан жоламасын деп аластап, қасқырдың тісін, тұяғын іліп, үкі қадаған. Бесіктің керек жабдықтарын кірлетпеген.
Былтыр үйіміздің кіре-берісінде ішкі жабдығымен, иесіз жатқан бесікті көріп шошып кеткенмін. Сұмдық-ай! Баяғыда аналарымыз, әжелеріміз "бесікті, бала жататын бесік арбаны далаға иесіз тастамаңдар. Иесіз жатқан затқа жын-пәле үйір болады",- деуші еді. Мына жағдайды көріп, біздің ұлтымыздың өз дәстүрінен, ділінен алшақтап бара жатқанын көріп күйіндім. Біз бабаларымыз киелі санаған, олардың көзіндей болып жеткен асыл мұрамыздан безініп, жерініп, қасиетімізді жоғалтып жатқанымыз жаныма батты.
Қазақ үшін бесік – киелі, қасиетті зат. Оған қатысты ырымдар мен тыйымдар көп болған. Әрқайсының өз мән-мағынасы, орны бар. Бос бесікті тербетпейді. Наным-сенім бойынша бос бесікке ібіліс баласын жатқызады деген. Сондай-ақ бос бесікті еш уақытта жабусыз қалдырмаған. Үстіне ақ мата жауып, ең болмағанда ұршығына орамал байлап қою қажет. Бала өскен соң, бесікті жерге тастамайды, ата-бабамыз бесікті міндетті түрде төрге, маңдайшаға іліп қоятын болған.
Бесіктің теріс жағына отырмайды. Бесікті саудаламайды. Айтқан бағасына сатып алады. Бесік жасайтын шеберлер ынсапты болуы тиіс. Киелі дүниенің бағасын көтермеген, саудаласпаған. Сондай-ақ, халқымыз баласының бесігін біреу сұраса, арнайы ырым-жоралғы жасап, жақсылыққа балап, тек сондан кейін ғана жақын туыстарына ғана беретін болған.
Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен бірі байланысып, ұштасып жатады.
Сондықтан, біз үлкендер бесіктің киелі екенін, оны далаға, иесіз жерге тастауға болмайтындығын ұмыта бастаған ұрпаққа жеткізейік.
Ал жас аналарға айтарым, қазіргі бесік рөлін атқарып жүрген бала жататын арбаларды иесіз тастамаңыздар. Аппақ періштедей сəбиді иесіз, бір түн үйіңізден тыс жерде тұрған арбаға аластамай салу, жаман ырым.
Арба бесік емес, оған бала жатпайды, тек серуендейтін құрал дейтіндер де болады. Оларға айтарым, сəби пəк, періште, адам баласы үшін ұрпағынан артық, одан қымбат еш нəрсе жоқ. Сол қымбатыңды бір түн болса да, қараусыз қалған арбаға қалай жатқызуға болады? Ал қараусыз, кіреберісте қалған сəби арбасына шаң-тозаң түседі, шыбын-шіркей қонады, түрлі жəндіктер түсіп кетеді, кіре берісте түнде неше түрлі бөгде адамдар кіріп жүруі де мүмкін-. Тіпті ырымға сенбесеңіздер де, гигиеналық тұрғыдан да қараусыз қалдыруға болмайды.
Ал, жалпы, халық айтса, қалт айтпайды. Қазақтың ырымдарының артында үлкен тəрбие жатқанын ұмытпағайсыздар.
Мынау үйіміздің кіре-берісінде күнде иесіз қалатын бесік арба. Кейде мысық та түнеп жатады.