Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Күйеуім жоқ. Бірақ сүйгеніммен жасырын өмір сүріп жатқаныма 20 жыл болды. Бір-бірімізді шын сүйеміз. Сол үшін аса бақыттымыз. Бірақ ол құрбымның ері екені есіме түссе, барлық шаттығым шытынап қоя береді.
Иә, менің жан құрбымның күйеуі. Онымен училищьеде бір курста оқып, жатақханада бір бөлмеде тұрдық. Өріп қойған қолаң шашы қылтасына түсіп тұратын. Өзі өте өжет қыз еді. Әсіресе, гитарамен ән салғанда оның жүзі нұрланып, тіптен сұлуланып кететін. Мұндайда жігіт атаулы да «тағы бір ән» деп сылтауратып, қасынан шықпай қоюшы еді. Ал томаға тұйық мен көптің көзіне түсе бермейтінмін. Дегенмен сөз салған жігіттер болмады емес, болды. Бірақ оның ешбірі менің жүрегімді селт еткізе алмады. Нақтысында, біреуінен басқасы...
Мен онымен дискотека өтетін кафенің барында таныстым. Біз тұратын жатақхананың төменгі қабатының бір шетінде кафе бар-тын. Онда кешкі сегізде жастарға арналып би кеші өтетін. Қыздармен кешкісін сол араға бардық. Бірақ би әлі бастала қоймапты. Кафе бары жиегіне тақалып едім, оның бір шетінде қара торы жігіттің отырғанын байқадым. Ұялшақтығымды бөлмедегі қыздар бетіме баса бергеннен кейін, өзімді сынап көрейін дедім. Сөйтіп әлгі жігітті сөзге тартып көрмек боп, қасына тақалалып: «Менің есімім Әсем» дедім дауыстап. Басында таң қалған ол жігітпен одан кейін емін-еркін әңгіме-дүкен құрып, бірге би билеп, жақсы араласып кеттік. Мен оған бөлмемнің нөмерін айттым...
Сол кездесуімізде ол маған келіп тұратынын айтып, қоштасқан. Дегбірім қашып, оның тағатсыздана күте бастадым. Әне-міне келіп қалатын секілді. Ұзын бойлы, қапсағай денелі, қара-торы өңді жігіт бейнесі қайта-қайта көз алдыма келе берді. Сонда мен оған ғашық болып қалғанымды түсіндім.
Ол бір аптадан соң біздің бөлмеге бас сұқты. Келісті де келбетті жігіт бөлмедегі қыздардың есін шығарып жібергендей. Барлығы оны сөзге айналдырып, ананы-мынаны сұрап жатыр. Бір уақытта оның көзі төсектің бірінің үстінде тұрған гитараға түсті. «Мынау кімдікі» деп сұрады. Ақыры ол да өзге жігіттер секілді қасымдағы Шелектің қызының арбауына түсті. Ол бөлмемізге келуін жиілете бастады. Маған келіп жүрген секілді ойын ойнайды. Бірақ бар көңілі - әнші құрбымда. Мені құшақтап, әңгіме айтқан болады. Ондағы ойы – құрбымның қызғанышын ояту, сөйтіп өзіне деген сүйіспеншілігін арттыру. Ақымақ емеспін ғой. Оның барлығын жақсы білемін, бірақ сезім алдында дәрменсізбін, сондықтан бұл ойынының бір бөлшегі болудан бас тартпадым. Одан үмітімді еш үзгім келмеді...
Күндердің күні екеуі қол ұстасып, менің алдыма келді. Бір-бірін сүйіп қалғандарын айтып, менен кешірім сұрады. Бұлай болатынын мен жақсы білдім. Бірақ мұны өз құлағыңмен естіп, көзбен көрген бір басқа екен. Кеудені керген өкініштен өкіріп жылап қоя бердім. Екі бетімді басып алып, сыртқа тұра ұмтылдым. «Нақұрыстар, сатқындар» деп айғайлап келемін. Көз алдым қап-қараңғы. Адам қатты ашуланса түк көрмей қалады деген рас екен. Есімді жинасам, үлкен жолдың шетіндегі суағар ішіне түсіп кетіппін. Артымнан өкшелеп жеткен екеуі мені көтеріп алып, жатақханаға алып барды. Төсегіме сұлық түстім. Содан екі-үш күн есімді жинай алмай, елес құсап есеңгіреп жүрдім.
Негізі, осымен барлығы аяқталуы тиіс еді. Алайда менің мүшкіл халім оның аянышын туғызған секілді. Сол кезде маған осындай осал сәттерді неге пайдаланбасқа деген ой келді. Не керек, түрлі себеппен оны шақырып алатын болдым. Құрбым ауылға тұрмысқа шығатынын жеткізуге кеткен сәтті текке жібермедім. Жалғыз қорқатынымды айтып, оны бөлмеге шақырып алдым. Сол түнді бірге өткіздік. Менің пәк боп шыққаным оны қатты таң қалдырды. Неге таң қалды?.. Кейін білдім, қасымдағы құрбым ол жағынан жұрдай екен. Бірақ құрбымның бұл кемшілігі, менің артықшылығым оны тоқтатпады. Олар бас қосып, отау құрды.
Тойда мен қыз жолдас болдым. Сырықтай ұзын, шитік шикіл сары күйеу жолдас емеуірін білдіргендей болды. Ішім астан-кестен шыққан маған сол сәтте бәрібір еді. Алдыма келген бокалды жібермей сілтей бердім. Ішімді өртеп бара жатқан отты сөндірсе деймін. «Бақытымнан айырылған күнді мына сарымен бірге жоқтайын» деп ойлап отырмын. Сөйтсем әрбір қимылымды қалт жібермей бақылап отырған ол мұның барлығына қарсы боп шықты. Кезекті бір бокалды көтергелі жатқан қолымды қарс ұстаған қалыңдық күйеуі мені шеткері жаққа алып шықты. «Болды, жетер енді» дейді. «Менің басым бос, енді не істеймін десем өзім білемін» деп қоямын оған. Ашуланып, тістеніп, құлағыма жақындай сөйлеген ол: «Сенің басың бос емес, сен менікісің» деді. Басында абдырап қалдым, өйткені мұндайды одан күткенім жоқ, одан кейін тоқтай алмай, қарқылдап күле бастадым. «Адамның күлкісін келтірмеші» дедім. Бірақ бұл арада күлкілі түк жоқ еді, шындығы солай-тын. Мен онікі болғанмын, әлі де оныкімін, үйленіп жатса да одан бас тартпақ ойым жоқ. Сонда маған не істеу керек? Оның жауабын ол айтты. Ол маған жиі келіп тұруға уәде етті. Мен оған үнсіз келістім.
Одан бері 20 жылға жуық уақыт өтті. Қазір оның жекеменшік клиникасы бар. Екі отбасыны асырауға тапқан табысы артығымен жететін сияқты. Маған қала ортасынан бір бөлмелі үй алып берген. Барлық іс-қимылым бақылауда, ол сондай қызғаншақ, бірақ оның көзіне шөп салу менің өңім түгілі түсіме де кірмейді.
Бірде Түркияға, тағы бірде Каирға демалуға бардық. Барлығымыз, яғни оның әйелі, бала-шағасы және мен. Құрбымнан қуыстанып, қатты қиналдым. Демалған құрлы болмадым. Ақыры шыдамай Жанарға: «Менен күйеуіңді қызғанбайсың ба, біртүрлі боп жүрмін сендерге ілесіп алғаныма» деп қойдым. Сөйтсем ол күліп: «Басқа-басқа, бірақ сенен қызғанбаймын» деді. Оның талғамындағы қыз-келіншектер қатарына мен жатпайды екенмін. Осылайша өз-өзіме келгенім бар.
Иә, ол - құрбымның баршамен мойындалған, ресми күйеуі, ал менің баршадан жасырын махаббатым. Құрбымның екі ұлы, бір қызы бар. Ал менің бір қызым бар. Оның тұңғышы институтта оқиды. Менің қызымның болса, енді-енді тілі шығып келеді, ол кейіннен дүниеге келді. Алдында ол келіспегендіктен жүктілігімді үзген кезім де болды. Ақыры өзгеге күйеуге шықпайтындығыма, сүйгеніммен өмірлік көңіл қосқаныма әбден көзім жеткенде онымен санасып жатпай-ақ қызымды туып алдым.
Өзінен аумайды. Ол да қызы десе ішкен асын жерге қояды. Оны «папа» деп жүр. Қызым өскен сайын менен маза қаша бастады. Өйткені құрбыммен араласып тұрамыз. Өткенде балаларды қыдыртуға барлығымызды отағасы бірге алып шықты. Ол үйдегілермен бірге біздікі де оны «папалап» қоймайды. Зәрем ұшып кетті. «Ер адам көрсе, осындай әдеті бар, барлығын папа» деп айта береді деп ақталдым. Ал құрбыма жұмыстағы бір көңілдесімнен өзім үшін туып алдым деп кезінде сыр ақтарғанмын. Ол оған сенді. Тіпті, бұл шешімімді қуаттады да. Үйді де сол көңілдесім әперуге көмектесті дегем. Қалай дегенмен де бұлай жүре берсек, күндердің күні екі үйдің балалары папалары бір адам екенін біліп қоюы оп-оңай ғой. Сұмдық сонда болады...
Осы бір ой соңғы кездері маған маза бермей жүр. Мен өзім үшін емес, қызым үшін алаңмын. Кейде осы қаладан көшіп кетсем бе деймін. Бірақ ол мені жібермейді. Ал өйтпесек ұзақ жыл сақтаған құпиямыз ашылып қалатын түрі бар. Солай десем, «Сен бостан босқа алаңдайсың, осыған дейін де ешкім білмеді, осыдан кейін де ешкім білмейді, тек сақ болсақ, болғаны» деп қояды. Әрине, оған сенгім келеді. Бірақ қызымның өмірін күл-талқан еткім келмейді. Мен секілді ол да жасырынбақ ойнап, іштей қиналмаса деймін. Сонда маған қайткен дұрыс?.. Қатты қиналып жүрмін...
Мүмкін бұл менің күнәм үшін осы өмірдегі жазам шығар. Оны өтеуге дайынмын. Бірақ қызымның еш жазығы жоқ қой. Ол біздің жалғандығымыздан жапа шекпесе деймін. Менің басыма жазғанды оған бермесе екен деп тілеймін...