Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Қазақта ертеден бүгінге дейін қаз-қалпында сақталып келген ырым-тыйым, салт-дәстүр жеткілікті. Соның ішінде жаңа келін ақ босағадан аттағанда отқа май құю дәстүрі бар. Ол қазақтың тәңірлік сенімге иланған кезінен, тіпті, оданда бұрынырақта болған деседі. Қазірде «Бұл дәстүрдің ислам шариғатымен байланысы бар ма, жоқ па?» деген екіжақты пікір жиі айталады. Ендеше, байыбына барып көрелік.
Осыған қатысты Шоқан Уәлиханов өзінің мақаласында:
«От киелі болып саналады. Отқа түкіруге, ошақты басуға болмайды. Жаңа түскен келін әкесінің үйіне кіріп, сәлем жасап, «әруақ» разы болсын» деп тағзым етіп, отқа бір қасық май құю керек. Жас келін сәлем еткенде, тізе бүгіп, еңкейіп, маңдайын еденге тигізеді. Отқа тамызған май жанып жатқанда, енесі немесе әйелдердің бірі алақанын отқа қыздырып, келіннің бетін сипайды. Үлкен үйдің отының құрметіне деп, қалыңдық атасының иығына шапан жабады, отағасы жас келінді: «Иін қандырып илеген терідей, мінезің жұмсақ болсын, қарағым», – деп бата беріп, тулаққа, қой терісіне отырғызады. Ант беру үшін, екі жерден от жағып, адам сол екі оттың арасынан өтіп, кісі өлтірген мылтықтың ұңғысын сүюге тиіс. Барлық шамандық салттың iшiнде отқа табыну қазақтарда әлi күшiнде. Қазақтар отты әулие деп санайды. Аса жоғары құрметтеудiң белгiсi ретiнде, моңғолдар сияқты отты «ана» деп атайды. Отта да тазартушы қасиет бар деп түсiнедi, екi оттың арасынан өткiзiп тазартады. Оны «аластау» дейдi. Қыстаудан көшкенде көштi екi оттың арасынан өткiзедi», – деп жазған.
Расымен, босаға аттап, отқа май құйып жатқан қазіргі келіндер бұл ырымды от пен майға табынғандықтан емес, ата-баба дәстүрін құрметтегендіктен, «бұрыңғы-соңғының жолы» деп жасайды. Демек, қазақы танымда қалыптасқан «шырағым сөнбесін», «отың өшпесін» деген игі тілекпен отқа май құяды. «Оттың өшпеуі», «шырақтың сөнбеуі» қазақ үшін азаматының, отбасының аман болуы, шаңырағының шайқалмауы, ел-жұрттың тыныштығы дегенді білдіреді. Сонымен қатар көшпенді қазақ елі үшін оттың өшпеуі тәжірибелік мәнге де ие болған. Үнемі оттық табыла бермейтін, шақпақ таспен от тұтата алмай қиналатын көшпенді бабалар түнгі оттың қоламтасын күлге көміп, таң атқанша сөніп қалмауын қамдаған. Таңертең оты өшпеген үйдің жылуы кетпейді, от тұтата алмай қиналмайды, дәрет суы дайын тұрады, ас-суын да жылдам даярлайды, яғни әрбір ісінің берекесі болады. Сондықтан оттың өшпеуі сол үйдегі келіннің ширақтығын, ептілігін, іске икемділігін көрсетеді. Оты өшіп қалғандар әдетте таң атпай асығып-үсігіп, көрші үйлерді мазалап, қоламта сұрап жүреді. Осы тәжірибе мен тағылымның барлығы отқа май құю үрдісінде жинақталған.
Оның тазартқыш күші, дезинфекциялаушы әсері ежелден белгілі. Ал қазіргі психотерапияда оттың жағымсыз энергияларды жоюға әсер ететіні дәлелденіп, кеңінен қолданылуда. Адам табиғатында жорамалдауға, ырымдауға бейімдік бар. Сондықтан да Пайғамбарымыздың хадисінде: «Ешбір адам үш нәрседен: жорамалдаудан, күдікті ойдан, қызғаныштан құтыла алмайды» делінген. Ырымға құлай сенуге болмайтыны да осы хадистің жалғасында айтылған. Яғни жоғарыда айтылғандай, ырым – сенімге емес, ниетке қатысты ғұрып. Оның жасалу-жасалмауына адам тағдыры байланысты емес. Дініміздегі жақсы нәрсені ырымдау жайына келсек, исламтанушы ғалымдарымыз мынадай бір хадисті келтіреді. Пайғамбарымыздың кезеңінде мұсылмандар мен мүшріктер арасында «Худайбия» келісімі жасалған. Сол келісімді жасасуға мүшріктер тарапы Суһайл атты кісіні жібереді. «Суһайл» есімінің мағынасы «жеңілдік» дегенді білдіретін. Оны көрген пайғамбар сахабаларына: «Істерің алға басып, жеңілдейтін болады. Олардың бұл адамды жібергені келісімді қалағаны ғой» деп, Суһайлдың келуін жақсылыққа жорыған екен. Көптеген ырым-тыйымдардың негізінде ғылыми-медициналық астар, этикалық-гигиеналық ұстаным бар екені белгілі. «Ақты төкпе, малды теппе, күлді шашпа, көкті жұлма, күн батарда ұйықтама, ай толғанда жолға шықпа» секілді ырым-тыйымдардың негізгі мәнін түсіну кімге болса да қиын емес. Бір ғана ай толғанда жолға шықпау ырымы осы кезеңде жер бетіндегі сулармен бірге адам қаны да таситынын, сондықтан адамдардың қақтығысқа, жанжалға бейім тұратындығын білгендіктен айтылған сақтандыру сөз болып табылады.
Ырым бөлек те, наным бөлек. Ырым нанымның тікелей көрінісі болса, қазақ екеуіне екі атау бермес еді. Ырымда «осылай етсе, солай болады» деген үзілді-кесілді сенім емес, «осылай етсек, солай болса екен» деген тілек, ниеттену, сұрау тұрады. Оның бәрін адам жақсылықтан үміт күтіп жасайды. Ал жақсылықты жалғыз Жаратушының ғана беретінін ата-баба «Жамандық көрсем, өзімнен, жақсылық көрсем, құдайдан» деп бір-ақ ауыз сөзбен бекіткен. Ізгі ниетпен жасалған ырымдарды пайғамбардың да құптағаны «Жаман ырым исламда жоқ. Бірақ маған жақсы ырым, жақсы сөз ұнайды» деген хадистен аңғарылады. Ал отпен аластау – келін түскенде ғана емес, ел көшкенде, жаңа қонысқа келгенде, адам науқастанғанда, назарланғанда басқа да жайттарда жиі қолданылатын ғұрып.
Несін жасырамыз, қазекең сақтаған салт, ырымдарды қазіргі көпшілік ұмытып, тұрмыста қолданбай алыстап барады. Оған ертеден бүгінге бұрмаланып жеткені қаншама?! Қоғам құндылықтарды өзі сұрыптайтындықтан ырым-тыйымдар өзін-өзі ретке келтіріп, сұрыпталып жатқан үдеріс. Мұндайда төңкерісшіл көзқараспен келіп, кесіп-жонып, алып тастау мақсатын ұстану дұрыс емес. Ғылыми негізі болсын, болмасын ырымды жасағаннан дін ислам жолынан азып, күпірлікке салынып кеткен қазақ жоқ. Сондықтан жақсылықтан үміттендіретін, ізгі істерге жетелейтін, жан дүниеге сенім ұялататын жағымды ырым-тыйымдар ұлт дүниетанымының ажырамас бір бөлігі ретінде өмір сүруге құқылы.