«Жігітке тән шалт мінез»: Мейрамбек Беспаев басы дауға қалған әріптесі туралы сөз етті
Алматы облысындағы "Көлсай көлдері" ұлттық саябақта отандық әнші Төреғали Төреәліден таяқ жеген гид қызметкері қоғамның қызу талқысына түсіп кетті. Төреғалидің бұл қылығын қалың жұртшылық сан-саққа жорығанымен, әріптестері Төреғалидың қылығын тентектік деп қарап отыр, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Мейрамбек Бесбаев Төреғали мен жас жігіттің арасында болған жанжалды ер шекіспей бекіспейді, ер азаматтың басында мұндай түсініспешіліктер болып тұрады деп ақтады.
“Төреғалидің бүгінгі жағдайын ойласам:
Қолымда бір қамшым бар сәліңгірдей,
Атандым елге тентек кәдімгідей.
Бір тентек ел ішінде жүрмей ме екен,
Соңыма неге түстің бәрің бірдей?” – деген Аманғали Серінің өлең жолдары еріксіз еске түседі. Төреғали інімнің басы дауға іліккелі әркім жағдайды сан саққа жүгіртіп жатыр. Көре алмайтындар "сауап болды" деп күндесе, жақсы білетіндер "жаңылғаны шығар" деп демеу болуда. Басы жарылып, көзі шыққан дәнеңе жоқ. "Ер шекіспей, бекіспейді" деген де бар бұл қазақта. Екі жігіт шекісіп қалып, енді қол алысып, құшақтасып жатса, достыққа қарай қадам басса, бұл бәріміздің ұтқанымыз емес пе?” – деді әнші.
Оның сөзінше, шекіскен екі жақ бітімге келсе, бұған құқық қорғау органдары да қарсы болмайды. Сонымен қатар Мейрамбек Бесбаев өз балаларыңды өзегінен тебем десеңіздер де өз еріктеріңіз деп халықтың сынына жауап берді.
“Төлеген Айбергеновтің "Қисықтығын өзгенің, түзу тұрып дәлелде" деген жолдарын еске алсақ, ең әуелі бәріміздің бойымызда бар өз мінімізден ұялар едік. Төреш өз мінезін игере алмапты, дұрыс емес. Бірақ кім бізге өз жақсысын әкеп береді дейсіз? Жігітке тән шалт мінез, жасындай жарқ еткен эмоциямен екі азамат бірін-бірі ренжіткені рас, дегенмен арты жақсылықпен аяқталып отыр. Бұл да мәмілеге асығатын, жау болғанша бауыр болуға ұмтылатын өзіміздің қазақи болмысымыз емес пе! Енді біз де елдігімізге жараспайтын ұсақ-түйек өсекті тоқтатып, керісінше ел іші даудан, сырты жаудан аман болсын деп тілейік", – деп жазған Мейрамбек Бесбаев.