Жаман аурудан 2 ай өмірі қалған бастық осыны істеп аман қалды
Қаладағы әжептәуір құрылыс компаниясының директоры, қырықтың қырқасына іліккен Есеттен жаман ауру табылды.. Астанадағы дәрігер досы қынжыла отырып 2 ай өмірінің қалғанын жеткізді. «Біз қонақпыз. Екі айдың ішінде қанша адамның жол апатынан, өзге де пәле-пәтерден о дүниелік болып жататыны бір Аллаға мәлім. Ешкім қашан кететінін білмейді. Сен білесің...»-деді. Есет досының бұл сөзді жылату үшін әлде жұбату үшін айтқанын түсінбеді.
Қаралы хабарды сабырмен тыңдаған ол аэропортта досының қолын қысып тұрып, бұл хабардың құпия қалуын өтінді.
Ұшақтан түскен бойдан күтіп алған шопырымен құмырсқаның илеуіндей қыз-қыз қайнап жататын кеңсесіне емес, әке-шешесінің басына барып қайтты. Мазалай берген соң, ұялы телефонын өшіріп тастады. Өзіне сұраулы көзбен қараған шопырға ағасының адресін айтты. Шешесі марқұм ағасы екеуін құшағына қысып отырып, анасының қос қанаты ғой деп кезек-кезек бастарынан иіскейтін.
Әскерде орыс жерінде болған Есет қысына шыдай алмай ауырып, артынан ағасы іздеп келіп еді. Қожанасыр ағасы мұны оңаша шақырып алып, «ауылдағы тайыншаны сатып, ақшасын командиріңе беріп, сенің орныңа әскерде мен қалсам қайтеді»-деп еді-ау...
Сөйткен ағасының жол апатынан аяғынан айырылып жатқан баласына көмек сұрап хабарласқанына да біраз уақыт өтіп кетті. Әйтеуір бір жанталас өмір. «Енді кешіктіруге уақыт жоқ»-деді бұл өзін өзі кекетіп. Ағасында құдайға шүкір бала жетеді. Ауылдағы ең көрікті қыздардың біріне үйленгенде, жеңешесінің әдемілігіне малданып біразға дейін танауы шелектей болып жүріп еді-ау. Қазір қаладағы қуықтай екі бөлмелі үйде тұрып жатыр. Бұл ағасы сияқты ғашық болып, күйіп-жанбады. Кішкентай кезінен жоқшылықты көріп өскен бала, аяғын аңдап басып, есеппен отау құрды. Білдей құрылыс басқармасында жұмыс жасайтын дөкейдің бұлаңдап өскен жалғыз қызына құрық салды. Обалы қане, Әсия осы уақытқа дейін өзге ақымақ қатындардай «сенің осы дәрежеге жеткенің менің әкемнің арқасы» деп бетіне салық етіп басып көрген емес. Бойын күтіп сыланып қалған келіншегі Асқар мен Әминадан соң бала көтермей қойды. Осы уақытқа дейін мән бермей келген Әсет дәл бүгін балаларының аздығына өлердей өкініп келеді.
Атасы жұмысқа қасына алды. Зейнеткерлікке кеткенде тәп-тәуір лауазымға тағайындатып кетті. Жұмысқа деген өлермендігінің арқасында директорлыққа дейін өсіп, бүгінде жекеменшік құрылыс компаниясын басқарып отыр. Кең сарайдай үйі бар. Арқыраған қара джип астында. Күні кешеге дейін өзін ақ тауды айырып, қара тауды қайырып жүрген бүгінгі күннің батырындай сезінуші еді. Ал бүгін бәрі мағынасыз, бәрі сұрғылт қажетсіз нәрсеге айналып кеткен сияқты.
Күзетте жұмыс жасайтын ағасы әлі үйіне келе қоймапты. Бір кездері көздің жауын алатын сұлу жеңгесінің өңі солғын көрінді. Ыңғайсыздау үнсіздіктен соң бұл «қара тентекке келіп едім»-деді күмілжіп.
Көрші бөлмеден Асқаттың «Көке!»-деген жарқын даусы естілгенде қуанып кетті. Бала керуертте жатыр екен. Әйтеуір бір аяғы аман. Оған да шүкір.
«Көке сенің келетініңді білгенмін. Түнде түсімде көрдім!»-деді бала бұны тас қылып құшақтап. Есеттің жүрегі езіліп кетті. Асқаттың қасында біраз отырды. Бала фантастикалық кітап оқығанды ұнатады екен. Оқуды үздік оқитын ол болашақтта хирург болуды армандайтынын айтты. «Аяғым бар кезде мектептегі футбол командасының ең мықты шабуылшысы едім»-деп мақтанып та қойды. Ертең шетелге алып кететінін естігенде жүзі қуаныштан бал-бұл жанып шыға келді.Орнынан тұруға оқталғанда қолын қысып «Көке, мені емдеткен ақшаңызды аман жүрсем қайтарамын»-деді нық дауыспен. Бұл баланың қайсарлығына риза болды. «Енді ол ақша көкеңе керек болмайтын шығар»-деді ішкі даусы.
Жеңгесі ас үйге шай жасапты. Бойжетіп қалған Мәдина жұпыны киімінен қысылғандай имене қарап сәлем берді. Азық-түлік дүкеніне барып, бірнеше пакетті толтырып, Асқатқа компьютер алып қайтып келгенде ағасы жұмыстан оралған екен. Екеуі құшақтасып амандасты. «Баламысың»- деген, Асқат жолға жиналуды бастап та жіберіпті. Компьютерді көргенде бала ысқырып жіберді. Кішкентай үйдің іші үбірлі-шүбірлі балалардың қуанышты үніне толып кетті. Не алып берсе де қуанбайтын өз балалары есіне түсті. Кетерінде есепшіліктің оқуын қызыл дипломмен бітіріп, үйде жұмыссыз жатқан Мәдинаға бір уыс ақша ұсынды да «Бастан-аяқ киін. Ертеңнен бастап, бізде жұмыстасың. Кадрға ескертемін. Бізге сен сияқты энергиясы көп, білімді де білікті жас маман қажет-ақ»-деді күлімсіреп. Мәдинаның қуанғаннан беті қызарып кетті. «Рақмет, көке! Сеніміңізді ақтаймын...»-деген даусы даусы дірілдеп шықты...Ағасының отбасына қуаныш сыйлағанына өзін керемет бақытты сезінді.
Қоштасарда ағасы бірнәрсе сезгендей қапсыра құшақтап тұрып «бәрі жақсы ма» деді қамқор үнмен... Кішкентай кезінде көшеден таяқ жеп келген өзі үшін талай төбелеске түскен ағасының осы жолы дәрменсіз екенін ойлағанда, жүрегі сыздады. «Жақсы!»-деді бұл, ағасының құшағынан босап жатып. Осы кезде бағанадан бері ләм-мим деп тіл қатпаған жеңгесі таяқ жеген жас балаша өксіп жылады. «Өмір бойы тілеуіңді тілеп өтемін, Төрежан»-деді жылап тұрып қайран жеңгесі...
Далаға шыққан соң, шопырын босатып жіберіп, үйіне жаяу тартты. Өзін көптен бері бұлай жеңіл сезінген жоқ еді...Әрбір үйді тапсырған сайын бір мүжәлсіз отбасыға пәтер сыйлап, кілт тапсыруды үрдіске айналдырып жүрген Есет Жаңа жыл қарсаңында тапсырылатын үйден бөлінетін пәтерді ағасының отбасына беретін болып шешті.
Үйге кіргенде өзіне аңтарыла қараған келіншегін көрді. «Телефоның да өшіп жатыр. Жұмыстан да іздеді. Уайымдап...»-деп асыға сөйлеген Әсиясына сабырмен қарап, жатын бөлмесіне өтіп кетті.
Бүгін жұма екені есіне түсті. Аптаның соңғы күнінде жолдас жігіттермен жел шығарамыз дегенді желеу етіп, отырыс ұйымдастырып, көңіл көтеруді әдетке айналдырып еді...
«Енді мұндай ақымақ тірлікпен айналысуға уақыт жоқ, Есет мырза!»-деген ол киімшең диванға қисайды да, қалың ұйқыға кетті. Екі айдан соң, өзінен табылған жаман аурудың өзі түгілі ізін көре алмай дәрігерлердің айран-асыр қалатыны ұйқыдағы Есетке беймәлім еді.