Еркек-еркек болса, әйел-әйел болар еді

Oinet.kz 26-07-2022 1651

Алты жасар балам «су ішем мама, су ішем» деп еді, ана жақта бала емізіп отырған әйелім кітап оқып отырған маған: «анаған су құйып бере салшы!» деді. Мен осының алдында ғана осы «намыс» сайтындағы «Әкенің беделі қалай өседі?» деген анау бір мақаланы оқымағанда баяғымша ұшып түрегелер едім, мізбақпадым. 

Screenshot_1.jpg

Естімеген кісідей есінеп-құсынап кітабымды оқи бердім. Бір кезде емшектегі баланы сілке тастап қатыным жұлқынсын. «Кішкентай ғана нәрсе ғой, тұяғың қимылдаса өліп кетесің бе?» деп шаптықты кеп. Үндемедім. Күн күркіреп, найзағай жарқылдап, жаңбыр сіркіреп басылған соң, ештеңе болмағандай жұмсақ қана, «келші!» дедім. «Мен де мұны кішкентай нәрсе деп ойлайтынмын. Жоқ, бұл әсте кішкентай нәрсе емес екен, отыр сөйлесейік!» – дедім. 

Бүгіннен бастап баламның жұмысына мені қолқанат қылуды тоқтат! Оның шамасы келмейтін, әке ретінде атқаратын, көмектесетін жұмыстарды, көрсетер мейірімнің мөлшерін өзім білемін. Ол он минут кешігіп су ішсе шөлден өліп қалмайтын еді, балаңды емізіп болған соң жұлқынбай, бұлқынбай барып құйып бере сал. Әйтпесе өзі құйып ішетіндей қылып үйрет. Дәл осылай кете берсек бұл балалар ертең екеумізді де «құл» қылып, дегенімен жүргізетініне көзім анық жетті. Қысқасы, сен мені құрметтетіп балаларды тәрбиелеуің керек екен. Балаларымыздың бойына қорыққаннан емес, құрметтегеннен сыйлайтындай дән егіп үлгеруіміз керек екен. Ертең үлкейгенде кішкене кезінде қорқытып басқарған амалың жүзеге аспай қалады. Сонда не амал істемексің? Міне, алты жас! Кешіктік, сондада «ештен кеш жақсы». 

«Балам әкеңнің киімін жоғары көтеріп қой!», «балам, әкеңнен ұят болмасын!», «әкеңнің аяқ киімін дұрыстап қой!», «әкеңді тамаққа шақыр!», «әкеңнен рұқсат сұра!», «әкеңді шығарып сал!», «әкең келе жатыр, үйді жинастырыңдар!», «әкеңнің мазасын алма!» … Осындай сөздердің бір күнде кем дегенде біреуі айтылып тұруы керек. Және мұны балаға істете біл. Ал мен күнде емес, аптасына бір рет болса да «мамаларыңа рахмет айтыңдар!», «мамаларың ренжіп қалмасын!», «мамаларыңа сыйлық әперейік!», «мамаларыңмен ақылдасыңдар!» деген сөздерді айтып тұруым керек. Ин ша Алла солай болады. 

Баласына әкесін сыйлата алған әйел – нағыз әйел! Ол әйелдің басы баласының алдында да, жарының алдында да қадірлі боларына күмәніңіз болмасын! Алладан алар сыйы басқа әңгіме.

Нашар қызға қалыңмалға жеті сиыр берген жігіт (оқыңыз қызы)
Мұндай бауырдың барынан жоғы жақсы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу