Ибрагим Исаев. «Несібе»

Oinet.kz 30-09-2018 867

photo_264593.jpeg

Мынау өмір адамзатқа

қымбат неге, несімен,

Деп ойласам, сондай кезде

түседі еске несібем.

Қиналасың, ойланасың

бұл өмірде құр қалып,

Жүрген жоқпын ба екен дейсің

несібемнен осы мен.

 

Бірақ ондай күпір ойдан арашалап өзімді,

Басқа арнаға бұра салам

ойымдағы сөзімді.

Бар болмысым осы менің, ашқан кезден көзімді,

Несібем деп түсінемін

бойымдағы төзімді.

 

Өз несібем өзімді іздеп табатынын

сезем де,

Қалғып кетпей,

қарғып кетем өмір дейтін өзенге.

Жаратқанға шүкір деймін,

өкінбеймін ешқашан,

Несібемнен айырмаған

мынау қиын кезеңде.

 

Несібесі бар адамның,

көңілінде бар байлық,

Жетпейтініңді ойлайсың ғой,

таусылғанда қалмай түк.

Шын несібе жаныңды ұғып,

жалындырып келмейді,

Ол несібе – несібе емес,

күтетұғын сарғайтып.

 

Қиналғанда ұстатпайды,

қанша асығып, әлектен,

Кей несібе досым болып

жолығады кенеттен.

Несібемнің көзі де тұр,

ізі жатыр қаншама,

Өмірімнің жолдарында

бұған дейін мен өткен.

 

Сол несібем есік қағып тұрмаса да күнде кеп,

Мені әйтеуір бұл дүниеде

жаратушым жүр жебеп.

Өкінбеймін, шүкір деймін,

мынау жарық жалғанға,

Несібемнен айырмаған

жаратқанға ырза боп.

Ибрагим Исаев. «Сөз салмағы»
Ибрагим Исаев. «Елге сәлем»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу