Жандарбек Жұман. «Көшелер»
Армандарым жоғалды кешегі ерген,
Не болсада көремін пешенемнен.
Жаяулатып келемін жалғыз өзім,
Шылымның исі сінген көшелермен.
Маңғазданып тұрады маған бақыт,
Сұрақтар көп жайғасқан санамда тік.
Жәйбарақат жатқым-ақ келед,бірақ,
Болашағым қояды алаңдатып.
Жүріп барад өмірдің есіл көші,
Мен қашан табады екем шешімді осы...
Көшедегі көліктер кептелісі-
миымдағы жоспарлар көшірмесі.
Толтырып тұрғаннан соң қала сапын,
Үміттерім оянған жаңаша тым.
Зәулім боп анау тұрған ғимараттар,
Арманымның алдында аласа тым...
Қуанышты жерлеген қылыш қайғым,
Сонда да еңсемді бұл тік ұстаймын.
Көшелерден ой жұтып, сыр алмасып,
Жаныма жақын болар жыр ұстаймын!