Кімнің бұқасы күшті?
Бүгін клубта маңызды жиналыс өтеді. Жиналыстың басты тақырыбы:
«Қазақтың сиыры неге қысыр қалады?» Былай қарағанда көтерген мәселе өте өзекті. Кім-кімді де ойландырары қақ. Әсіресе жыл сайын сиырлары қысыр қалып, ақтан ауыздары құрғап қалған кемпір-шалдар мәз. Әбден үкіметке сенген олар, енді қорадағы сиырларын ауыл әкімі Талтаңбай қашырып беретіндей үлкен сеніммен келіп отыр. Рас, ауылда бұқа жоқ. Еркек малды жұрт жазда семіртіп күзде етке тапсырады. Соғымға сояды. Болмаса, салмағы ұлғайсын деп, піштіріп тастайды. Жұқпалы індет жайлап қырылғандары қаншама? Қорасындағы малының саны кеміген сайын қазақтың күйі кететіні елге мәлім ғой...Жиналыстың алғашқы сөзі соғыс ардагері, экс-зоотехник Қауқарбай шалға берілді:
- Жолдастар, жасыратыны жоқ, соңғы кезде ауылда бала саны азайды.
- Бала емес, бұзау-деді, әкімнің көмекшісі. Оны естіп жатқан ол жоқ
- Келіндеріміздің емшектері суалып, құрсақтары қуарып барады.
- Ақсақал, сіз не деп кеттіңіз? Жиналыс келіндер туралы емес, сиырлар туралы- деп, әкім орнынан ақырып атып тұрды.
- Сиыр дейсің бе? Тағы кімнің сиыры жоғалды?-деді Қауқарбай. Ол дүйім жиналыстың не туралы өтіп жатқанын ұғып тұрған жоқ. Әйтеуір, клубта әкім жиналыс өткізеді деген соң келе салыпты. Құлағы нашар естиді. Қалтырып орындыққа әзер отырды. Қаңбақтай ғана салмағы бар. Жел тұрса кез-келген жаққа домалайын деп тұр.
- Құрметті, ауылдастар! -деп, бастады әңгімесін ел ағасы Талтаңбай.
- Біз кедейшілікпен, жоқшылықпен күрестік. Жесірлік, жемқорлықпен де күрестік. Енді қазақ сиырларының қысыр қалмауы үшін де күресеміз. Екі сиыры бар қазақ ол бай отбасы...
- Сонда қалай күресеміз?- деп, монша жағатын Тәкеш миығынан мырс етті.
- Ол былай, біздің қазақтың бұқалары әлсіз, әлжуаз, сондықтанда шет елден бұқа әкелеміз. Шет елдің бұқасы күшті, қайратты. Біздің сиырлармен шағылыстырғанда әр түсті, әр түрлі сиырлар пайда болады. Сүті мен еті екі есеге көбейеді. Әкімнің бұл ұсынысына халық аң-таң. Шет елден инвесторлар келіп жұмыс жасап жатыр дегенді естіп жүр. Шет елден қазақтың сәбилерін асырап алуға жанашырлар келіп жатыр дегенді де жиі естиді. Ал енді, шет елден ауылға бұқа әкелеміз дегенді бірінші рет естіп тұр. Клубтың іші гу-гу әңгімеге ұласты. Біреулері бетін шымшып, ернін шығарып жатса, енді біреулері басын изеп жатыр. Үйінде сиыры жоқтар өсек айтып мәз. Жиналыс емес, тойға келген сияқты. Оларға ауылға Африкадан піл әкелсін бәрі-бір. Екі дүние бір қадам. Үй жағалап шәй ішетін Тыныштық жеңгей мұздай клубта термостан буын бұрқыратып қою қара шәйді тартып отыр. Арасында қолын шапалақтап қояды. Таяғын шошайтып бір шал орындықтан әзер тұрды:
- Әй, Әкім бала қазақтың бұқасы нашар деп кім айтты? Біздің қазақтың қасқа бас бір бұқасы кезінде бір ауылдың сиырларын бұзаулатқан, қарағым...
Ел ағасының ел алдындағы мына айтқан сөздері, елу жыл мал баққан Маманбайдың жүйке тамырын күтірлетіп шайнап жіберді.
- Олай демеңіз қария, Америкадан қара бұқа алдырсақ, ыстыққа төзімді ірі етті бұзау аламыз. Ал, Германиядан сары бұқа алдырсақ сүтті тұқым пайда болады. Қытайдың ала бұқасынан еңбекқор бұзау туады-деп, әкім айтқан сөзінен қайтар емес. Бұл ұсыныс көпшілікке ұнамады. Әсіресе, үйінде жалғыз бұқасы бар Кебесбай жиналыста тулап отыр. Өйткені, бизнесі банкрот болайын деп тұр. Ол ауылда сиыр мен бұқаның арасында жеңгетайлық, былайша айтқанда "сутенерлік" қызметтен әр сиырдың иесінен 3000 теңге ақша алады. Кебесбайдың әйелі Қиғаш орындықтан ұшып түрегелді. Дүрдиген ерні шошайып, аузынан көбік атқылап оталып кетті.
- Бұл дұрыс емес, бұл дегеніңіз сиырлардың жеке басына қол сұғушылық. Қазақтың сиырына қазақтың бұқасы керек!- деді қолын жоғары көтеріп. Манадан бері төменгі ернін тістеп әзер отырған Таяқгул сөзге араласты.
- Әй, Қиғаш сонда күніміз сенің үйіңдегі қасқа бас бұқаға түсу керек пе? Қазір біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да "бір сиырға бір бұқа болу" керек- деп, айқайлап жіберді. Көпшілік әйелдер жағы Таяқгулді қолдағандай сыңай білдірді. Таяқгул - ауылдағы байынан таяқ жейтін қатындардың құқығын заңмен қорғайтын әйел. «Еркектерден
қалай құтылуға болады?» атты құрып алған тәуелсіз одағы бар. Одақ тікелей еріккен еркектермен күреседі. Содан болар еркектер қауымы тыс жармады. Таяқгулдің айтқанын қолдамады. Тек, бес қатын жіберген Әнеш әкімнің ұсынысын алақанын ысқылап қолдап отыр.
- Сендер босқа даурықпаңдар, бізге шет елдің бұқасы қажет емес, оданда өзіміздің бұқаларға жағдай жасау керек- деді, көп балалы ана Бердігул. Ол одақтан бес жыл бұрын бас тартқан болатын. Оның сөзін мал маманы Маманбай іліп әкетті:
- Бердігул келін өте дұрыс айтады. Бұқаны алыстан іздемейік. Оларға жағдай жасайық. Бұқаға берілетін жем-шөпті көбейтіп, мал қораларды жөнге келтіріп, есі бар еркек малдарды құрбандыққа шалуды азайту керек... Маманбайдың бұл ұсынысы ауыл әкімі Талтаңбайдың жүрегіне жақпады. Тікенше қадалды. Онсызда күлмейтін беті бедірейіп қатып қалды.
- Ау, ағайындар біз көп ұлтты елміз. Шет елден бұқа әкелгенде тұрған не бар?-деп, Әкім екі қолын аспанға көтерді.
- Ағай, сонда бұқаның қызметі тегін ба?-деді, залда отырған бір келіншек жымиып.
- Айналайын, қазір тегін жатқан дүние жоқ. Біз бір бұқаны 4000 мың ақш долларына сатып аламыз. Сондықтан қарағым, әрине ақылы болады- деп әкім ақырып. Ақылы деген сөз ақыры Кебесбайды және оның әйелін жындандырып жіберді.
- Біз шет елден бұқа әкелуге қарсымыз, қазақтың бұқасы әлсіз дегенді көрсетеміз- деп, Кебесбай мен Қиғаш клубтың есігін бір теуіп сыртқа шықты. Әбден ызасы қайнаған олар қорасындағы байлаулы тұрған қасқа бас бұқасын жетектеп клубтың алдына әкелді. Шешімін таппаған жиналыс аяқталып, халық үйлеріне тарап бара жатыр. Талтаңбай талтаңдап күнге күйген ескі папкасын құшақтап клубтың артын айнала бергенде, қазақтың қасқа бас бұқасы жұлқынып бас жібін үзіп, әкімді тұра қуды.
Әкім ойбайлап тұра қашты. Қашқанда қайда барады? Бұқа секіріп барып бір сүзді. Түкке керегі жоқ папкасындағы жиналыстың хаттамасы аспанға ұшты. Екінші рет сүзгенде басындағы шапкасы талға ілініп, тоқыр шекесі жарқ етті. Үшінші сүзгенде шалбары шешіліп, тоңқайып қалды. Көзі қызарып бабында тұрған бұқа төртінші рет аспанға секіре бергенде, Кебесбай бас жібінен шап беріп ұстап алды. Әйтпесе, төртінші рет басқаша сүзетін еді. Тап осы сәтте қорадағы барлық сиырлар мөңіреп ауылды басына көтерді. Мал маманы Маманбайдың айтуына қарағанда сиырлар, ауыл шаруашылығына көңіл бөлмейтін, төрт-түлік малдың қадірін білмейтін, қолынан түк келмейтін, өтірік айтатын әкімнің бізге керегі жоқ-деп, мөңірепті.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН