Балалар әдебиетінің классигі

Oinet.kz 01-12-2023 584

Қазақ прозасына, балалар әдебиетіне  ерекше леп әкелген қаламгердің бірегейі – Бердібек Соқпақбаев. Жазушы қаламынан шыққан кез келген туынды оқырманды баурап алады. 

Screenshot_1.jpg

Б.Соқпақбаев – өзі өмір сүрген кезеңнің келбетін боямасыз суреттеген қаламгер. Ашаршылық пен жетімдіктің зардабын тартқан жазушы "Балалық шаққа саяхат" повесінде балғын балалығының қиындыққа толы болғанын жеткізген. Анасы ұзақ уақыт науқастанып, көз алдында өмірден өтеді. Бұл шығармада сегіз жастағы бұғанасы қатпаған бала Бердібектің бір үзім нан үшін ауыр жұмысқа жегілгені, емшектегі інісі Тұрдыбектің тоқтаусыз жылағаны, жетімдіктің зардабын шеккен қиын күндері бейнеленген. "Дүниеде мен үшін одан асқан жексұрын сөз жоқ. Тақиясын қорыған тазшадай осы сөз қай жағымнан сарп ете қалады деп зәрем ұшып, үрейленіп тұрамын. Балалар, менің қымбатты жан достарым! "Жетім" деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар! Ұр, соқ, төбелес! Тіпті етінен ет кесіп ал, бірақ әлгідей деп тілдеме. Аяңдар!" Жазушы өз естелігінде балалық шағының ауыр күндерін былай жеткізген еді: "Сегіз жасымда шешем өліп, жетім қалдым. Колхоздастырудың алғашқы жылдары, ең бір қиын кез. Осы күннің өзінде жүрегім қарс айырыла жаздайды. Япыр-ау, қалай тірі қалдым? Осы күнге қалай жеттім? Нағыз итжандының өзі екенмін-ау деп таңданамын". "Балалық шаққа саяхат" повесіндегі кейіпкерлердің есімдері өзгертілмеген. Жүсіпбек Қорғасбектің "Өзгеше ойлы қаламгер" мақаласында көркем шығармада өзінің, аға-інілерінің, әке-шешесінің атын өзгертпей берген басқа ешкім жоқ екені жазылған. 1960 жылы кітап болып басылып шыққан "Балалық шаққа саяхат" туындысы бойынша 1965 жылы фильм түсірілді. Режиссері қазақ кино өнерінің классигі – Абдолла Қарсақбаев. Бердібек Соқпақбаевтың әрбір шығармасы боямасыз, шынайы суреттелген. Жазушының кейіпкерлерін ешқашан көтермелеп, әсірелеп жазбағанын Жүсіпбек Қорғасбек "Өзгеше ойлы қаламгер" жазбасында былай баяндайды: "Жазушы жанына ең жақын адамның бейнесін: "Әкем Ыдырыс кең өңеш, қомағай адам. Қасық оның қолына тиген кезде тостағандағы талқанның бір жамбасы үңірейіп қалады" деп келтіреді. Оның алды-артындағылар "әкем менің" деп жазғанда үстіне бір түйір тозаң қон¬дырмайтын. Әдеби кейіпкер болған соң әжуалап жазғаны ма дейін десең, өмірбаянында да әкесінің есімі Ыдырыс екені тайға таңба басқандай көрсетіліп тұр. Ол аздай келесі бір бетінде: "Әкемнің бойы ортадан төмен, иықты. Өзі құсап селбіретіп қияқ мұрт қояды. Уайымсыз адам, күйіп-піскенді білмейді, жайбарақат. Мезгілсіз тозып, шаршамайды. Аш болса да, тоқ болса да екі беті қып-қызыл. Тамақ таңдамайды, өңешінен өткеннің бәрін ішіп-жейді. Ауырмайды" - дейді. "Осы кісі өз әкесін жазып отыр ма?" деп, өмірбаянына ұрланып тағы қарайсың. Осыдан соң жаңа бір әзірде атүсті сыдыртып шыққан бір-екі эпизодты тауып алып, қайта шұқшиясың. Жазушы: "Шешем Әсбет – тілді де отты адам еді. Тек ауру иектеп алған да қор қылған. Әкемнің ынжықтығын бетіне басып, қай¬рап айтып отыратын. Бірақ әкем ағаш пышақ тәрізді, қанша қайраса да өтпейді", - деп тағы бір түйіп қояды". Оқытушы Ермек Адаеваның "Бердібек Соқпақбаев шығармаларының идеялық-көркемдік ерекшеліктері" атты мақаласында жазушының әдебиетке әуел баста ақын ретінде келгені айтылады. Бердібек Соқпақбаевтың тұңғыш өлеңдер жинағы 1950 жылы “Бұлақ” деген атпен жарық көрген. "Жинақтағы тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін өлең-тақпақтарда орнымен ойнақы қозғалған тақырып, ой, өнегелік сөз бала ұғымына қона кетеді. Тілінің жеңілдігі мен әуенділігі, оқиғаларының өмірден алынып, аса ықшам болып келуі балаларды қызықтырады", - дейді мақала авторы. Жазушының суреткерлік қарымы проза әлемінде танымал болды. Бердібек Соқпақбаевтың қаламынан қандай туындылар шыққан? Жазушының мына шығармалары жас пен қарияның сүйіп оқитын туындыларына айналды. “Жекпе-жек”; “Менің атым – Қожа”; “Балалық шаққа саяхат”; “Қайдасың, Гауһар?” повесі; “Өлгендер қайтып келмейді” романы. Бердібек Соқпақбаев шығармаларында қандай тақырыптар қозғалады? Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетіне екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары қосылды. Жазушы шығармаларында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы балалардың өмірі, тылдағы еңбек жағдайы әсерлі етіп суреттелген. Сонымен қатар достық, махаббат және спорт тақырыптарын ерекше жеткізе білген. Жазушының “Он алты жасар чемпион” повесі 1951 жылы жарық көрді. Автор еңбек еткен адамның қай кезде де арман-мақсатына жететінін, қиындыққа мойымау керегін шығарма кейіпкері Мұрат бейнесі арқылы көрсетеді. Бұл повесть 1957 жылы "Чемпион" деген атпен шығады. Ал 1962 жылы "Жекпе-жек" деген атаумен тағы да өңделіп шығарылған еді. Менің атым – Қожа 1957 жылы жазушының "Өзім туралы повесть" деп аталатын шығармасы жарыққа шықты. Осы тұста әдебиетшілер арасында талас туған деседі. "Менің атым – Қожа" повесі неліктен бірінші қазақ тілінде шықпады? Ол кезде әдебиет тәрбие құралы болған. Ал жазушылар бұл туындыдағы бас кейіпкердің қыңыр, шәлкес мінез-құлқы балалардың ой-санасына әсер етеді деп қорыққан. Дегенмен повесть орыс тіліне аударылғаннан кейін өзбек, молдаван, украин, латыш, француз, литван тілдерінде басылып шықты. Повесть желісі бойынша режиссер Абдолла Қарсақбаевтың "Менің атым – Қожа" кинотуындысы 1967 жылы Францияның Канн қаласында өткен балалар мен жасөспірімдер көркем фильмдерінің дүниежүзілік фестивалінде жүлделі орынға лайық деп танылды. Оқытушы Ермек Сабырбайқызы "Бердібек Соқпақбаев шығармаларының идеялық-көркемдік ерекшеліктері" мақаласында Бердібек Соқпақбаев туындыдағы көркем бейненің кілең ұнамды сипаттардан тұрмайтынын, өмірдің өзі сияқты оның да табиғаты күрделі екенін көрсететін, әрқилы сәттерде сынап-талдап, оның да өзіндік бітім-болмысы бар “адам-азамат” екенін кестелегенін жазған. "Қожа өмірден үйренеді, қате басады, сабақ алады. Образ диалектикасы дегеніміз – осы", - дейді автор. Қожа мінезінің даралануына септігін тигізген жазушының түрлі ұтымды, психологиялық ситуацияларды молынан пайдалануы болса керек. "Менің атым – Қожа" повесі неше тілге аударылды? Балалар мен жасөспірімдерге арнап жиырмадан аса туынды жазған Бердібек Соқпақбаевтың "Менің атым – Қожа повесі бастапқыда протестік шығарма деп танылған. Сондықтан бұл туынды ұзақ уақыт қолжазба күйінде жатты. Повесть ең алдымен орыс тіліне аударылып, Мәскеудегі "Детская литература" баспасынан жарық көрді. Содан кейін француз тіліне аударылды. Көптің көңілінен шыққан туынды артынша әлемнің 30 тіліне аударылып шықты. 

Бердібек Соқпақбаевтың кез келген шығармасын оқи отырып, бүкпесіз суреттелген қоғам шындығын көруге болады. Жазушының әдебиетке деген шынайылығының көрінісі де осы болса керек. 

Боямасыз болмыс
Балалар әдебиеті қателікті кешірмейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу