Қазақтың қанын жазған қаламгер

Oinet.kz 01-12-2023 194

Айтулы ақын, жас қаламгер Серік Сейітманның «Қазақтың қаны» жинағы жарық көрген болатын. Автор Серік – «Қазақ радиосындағы» «Қазақты сүю», «Айдында жүзген ай сәуле» бағдарламаларының авторы және редактор-жүргізушісі. Республикалық жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің І дәрежелі лауреаты. 

Screenshot_21.jpg

Әдеби ортада жақсы аты аталып жүрген Серіктің жинағына тұп-тура 40 өлеңі мен «шумақталмаған ойлары» еніпті. «Қазаққа қорған болар қырық өлеңнен» Алаш деп соққан ақын жүрегінің дүрсілін, азаматтық-қайраткерлік мінезін анық танисыз. Кітаптың аты неге «Қазақтың қаны» деп аталған? Бұл жөнінде «Шумақталмаған ойларында: «Сонымен, «қазақ» «қаза» болмауы үшін ең әуелі қанын сақтауы керек. Онсыз бәрі бекер. Қазақтың қаны таза күйінде болашаққа аттанар болса, бүгінгі ұрпақтың ұлттық борыштың алдындағы, ата-баба аманатының алдындағы атқарған ең бір жемісті еңбегі осы болар еді» дейді ақын.

Серіктің өлеңі тіліп түседі. «Кесілді...» дейтін өлеңінде «Кіндігім кесілді балтамен», «Тұсауым кесілді пышақпен», «Насыбайым кесілді бәкімен» деп келетін ақын соңғы шумақтың екі жолын «Арман не Махамбет секілді, Басым да кесілсе қанжармен» деп түйіндейді. Өткір ой! «Арғымақ» деген өлеңін:

«Тас қамалым!

Үйіріңді иірді қас-қабағың.

Аман болсам,

Көктемде отау тігіп,

Отбасымды дәл сендей басқарамын!» деп аяқтайтын ақын жылқы тектес деп жүрген қазақтың қазіргі талай ұрпағының Отанына деген махаббатын қасқа айғырдың үйіріне деген махаббатымен салыстырып, ұялатынын айтады.

«Кемпірлермен билегенді ұнатам» деген өлеңінде қазақтың бұрынғы асыл аналарын бүгінгі аузынан кәпір сасып, қисалаңдап жүрген қыздарға үлгі ете сөйлейді. «Себебі олар жаушылықта мерген боп, Сан жығылып, қайта тұрды жерден көп. Әбиүрін, Сан тоңқалаң асса да, Күйеуінен басқа ешкім көрген жоқ» деп батыра жеткізеді. «Шешеңнің...» деген өлеңінде «Ана тілін менсінбейтін міскінді Ана тілде боқтайтын ұл ибалы» деген оқшау ой айтады. Аталған жинаққа төмендегі бірқатар өлеңдері еніп, оқырманның көңілін дөп басуда. 


ҚЫРАНДЫ ҚАЙРАУ

Біз – адам атаулы биікке құмармыз,

Биікке қол созып, жерге еніп тынармыз.

Жаралсақ егер де қанатты құс болып,

Аспаннан бір сәтке түспейтін шығармыз.


Ей, қыран!

Мұзбалақ!

Ғарышқа самғап ұш,

Жер жақты жарылқар қарқылдақ қарға-құс.

Айға алып барсаңшы Алатау арманын,

Осынша пәс пе еді сенде де ар-намыс?


Ерлікке жол бастар намыс қой еркектік,

Еркектік ісіңді ел жүрсін ертек қып.

Жар соғып өлуің – батырлық емес ол,

Оның – сол әншейін шарасыз тентектік.


Беу, құстар!

Жүрмеңдер жақпарда, беткейде,

Армандар сендерді мұншама шектей ме?

Дүниенің түндігін бір түріп қайтпасаң,

Қанатың – не теңің,

Аяқ та жетпей ме?!


Қанатты жәндік көп, ұзамас төбеден,

Қашыққа самғау да өлшенер өремен.

Мен егер құс болсам,

Шоқ күннен от көсеп,

Күлімді қалдырмай, өртеніп өлер ем!


ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫ

Түсінбей қалмаңыз қалай деп,

Балдырған сәтім ол таза-шық,

Тұмсығым қанады талай рет

Қазақтың қызына таласып...


Қасында қазақтың мұңының

Бір тиын үлде мен бүлдеңіз.

Ұлтымның қансүйер ұлымын,

Қанішер деп ойлап жүрмеңіз.


Қазақ деп қақсамай тізеңіз,

Алаш деп ақпаса қаныңыз,

Қара қыз,

Тез менен күдер үз,

Жаныммен үйлеспес жаныңыз.


Кеудеңді «ұлтым!» деп кернеген

Намысың болмаса қаныңда,

Есімің құрысын Ер деген,

Жігітім, батыр боп танылма.


Ертеңге елеңмін, алаңмын,

Бозарып барады самай-дүр.

Өз қанын сүймейтін адамның

Жүрегі тоқтамай қалай жүр?!.


Егемен елміз деп қуанған

Бабалар шаттанып көрінде.

Атажау қанына суарған

Атамның қылышы төрімде.


Тіленіп бақытсыз ұрысты,

Қанымды болса кім жылатқан,

Төрдегі қайқыбел қылышты

Қайтадан суырам қынаптан!


Малым бар – жаныма садаға!

Жаным бар – арыма садаға!

Арым бар – қаныма садаға!

Қаным бар – қаныма садаға!


КӨРШІ БӨЛМЕ

Түсімізде той толап, таңды атыра,

Пәтер жалдап күн кештік Алматыда.

Анам байғұс: «Тұратын үйің қандай,

Жылы ма?», – деп жазады әр хатына.


Бізден сұра ұйқының кереметін,

Жас жанұя қоңсымыз сор еметін.

Сықырлаған үнімен әлдилейтін

Сыйлаймыз сол бөлменің кереуетін.


Күйеуімнен алмай-ақ бүгін сыйды,

Тек жатайын демейді-ау, қылымсиды.

Күніменен күңкілдеп жас келіншек,

Түніменен ыңқылдап, ыңырсиды.


Ырғағына басқанда түнде жеңшем,

Ұлт қамымен биіктеп мүлдем еңсем,

Іштей ғана «Бас, аға!», – деп жатамын, –

«Қазақ санын көбейтер біз бенен сен».


Өзге ұлттікі болған соң мына мекен,

Мазалайды бір сұрақ сірә бөтен:

«Мәскеу жақта орыстар

Қазақтардың

Үйін жалдап, пәтерде тұра ма екен?!»


Десек те сарт заманды сауып тынды,

Ол бөлмеде сәбилер сауық құрды.

Ойлап көрсем, сол көрші аға-жеңгем

Түнгі кезеңде істейтін зауыт сынды.


Несібеңді жұтса да доп боқ қарын,

Мылтық-кедей, оларға оқты атпағын.

Заманға мен мұң шағам,

Ал сен, аға,

«Түнгі зауыт» жұмысын тоқтатпағын.


БИШІ ОТАН

 Жатса да жұрт екеуін де тең жырлап,

Өз анаңды шатастырма қызбенен.

«Отан» деген анамызды ең қымбат

Биші қызға айналдырдық біз деген.


« – Бишікештің қолындағы биші қыз,

Бізбен-дағы билегіңіз келеді-ақ.

Бірақ байға бұйырады исіңіз,

Сөзіңізді сезімі тас-керең ап...»


Көк қағаздың буы көзін улайды

Тілін, ділін танымастай құбылтып.

Ал ақшадан текті сәби тумайды,

Анасының қалдырмады құнын түк...


Ана төсін қан-жоса етіп талаған

Адамдарға күлсем де

Аздап қызықтым.

Емізігі менің Отан жан анам

Кеудесі емес, теңгесі бар бұзықтың...


Қарамаса, қарамасын ғашығым,

Мен шынайы сезіміме адалмын.

Жүрегінде жалдап тұрып лашығын,

Сүйе берем бетін Отан-Анамның!


ТҰЛПАРМЫН

Менің ділім төркіндеген Оғызға,

Менің мұңым тіл бітірген қобызға.

Ұқсамаймын,

Ұқсағым да келмейді,

Өз баласын өзі жейтін доңызға.


Әр құлынның тағдырына қайғырдым,

Әр құлынды қорғап жүріп тай қылдым.

Үйірі үшін басын тіккен ажалға

Асылтұқым ажынаған айғырмын.


Бестімін мен, туғаннан бес түлеген,

Қалың ойдың құшағында түнегем.

Құлағымды жымқырам да

Күйлеген

Құнажынды аулақ қуып жіберем.


Құнажынды қуғандығым – бақ маған,

Құлагердің мұрагері боп қалам.

Текті айғырдың ұрпағымын себебі

Бел баласы-байталына шаппаған.


Алай-дүлей күн туғызса ұлы таң,

Қанаттанып, бар дүниені ұмытам.

Басқа айғырды айдап жүріп аулаққа,

Баптаусыз-ақ өзімді-өзім суытам.


Күндіз Күнім,

Түнде медет Ай маған,

Қарбаластың қазанында қайнағам.

Ешқашан да

Ешкімнен де қашқам жоқ,

Қуғанымды жетіп алып шайнағам.


Жетіп алып, жеті жауды жеңгенмін,

Бақытымды үйіріммен тең бөлдім.

Танымайтын құрық дейтін ұғымды

Тұлпар текті Қазақ деген елденмін.


Гүлдей жайнап құлпырғанда алашым,

Айдай әлем аңтарыла қарасын.

Тұяғымның дүбірімен оятам

Үйірімнің ұйқыдағы санасын.


КӨК СЕРКЕ

Қарсы алдыңда дәу тұрса да не гөрім,

Бойыңдағы намыс еді сенерің.

Қарағайдай мүйізі бар көк серке,

Біт отардың көшбасшысы сен едің.


Малдың жауы шибөрі де шибөрі,

Мысың басып, отарыңа тимеді.

Саған сеніп,

Жамыраған қозы-лақ

Өрісінде ойнақтады, биледі.


Кер ешкінің сенен туған лағы бар,

Лақ та болса, күжірейген жалы бар.

Бақылдаушы ең,

Бақырдың да бұл жолы,

Бауыздалып кете бардың, жануар.


Тулақтай боп тапталдың да аттарға,

Лезде айналып кеттің солай көкпарға.

Отарыңда топ бастайтын дәстүрді

Аманаттап қалдырдың ба лақтарға?!


Қой бастаған қоңыраулы көк серке,

Тарихымды еске салдың ескерте.

Қарап тұрып көкпардағы кейпіңе,

Ойға оралды-ау Алаштағы Көп Серке!


КЕСІЛДІ

Қайда онда қарауға құнттап,

Өзім де өмірге аң-таң ем.

Анашым қорада туып қап,

Кіндігім кесілді балтамен.


Самғап бір кетердей айға анық,

Жел қуып, жарыстым ұшақпен.

Аяққа ала жіп байланып,

Тұсауым кесілді пышақпен.


Мешіттен тым жиі көретін

Молданың алдына жатып ем,

Қол созып жұрт сұрай беретін

Насыбайым кесілді бәкімен.


Қазақтың бір қызы, сірә да,

Ақынын сүйіпті жанымен.

Ақ некем қиылды жұмада

Байырғы шариат заңымен.


Жонымнан кесіп жеп етімді,

Жорықта алысып жаулармен,

Арман не Махамбет секілді

Басым да кесілсе қанжармен.


БӘТІҢКЕ

Бәтіңкем-ау, қанықпын хал-жайыңа,

Үн бітпеген тілің мен таңдайыңа.

Табаныма кіретін шөңге-тікен

Сенің барып қадалды маңдайыңа.


Аяқ дейтін аянбай қос ағаға,

Иілесің маңдай тер жоса бола.

Мен төріне шықсам да талай үйдің,

Қаңтарылып тұрдың сен босағада.


Бірде жылдам, бәсеңсіп бір жәй жүрдің,

Жігеріңді солайша құмдай қылдың.

Аяқ бастың бұйрығын бұлжытпады,

Сен аяқтың ақылын тыңдай білдің.


Ақылына сәні сай бір көрікті

Үйленуге аруға біз жерік-ті.

Бір бақыты сол бейбақ бәтіңкенің –

Әу бастан-ақ жұп құрап үлгеріпті.


Аяқкиім бөленбес сая-нұрға,

Ей, бауырым, сен оны аядың ба?!

Ешкімге ешкім бәтіңке болмасыншы,

Мен тозайын қазақтың аяғында!


КЕЛІНІМЕ

Бірде намазхан көршім қазақтың қыз-келіншектеріне бұлжымас қағидадай етіп өлең жазуымды сұрады. Мен бойдақ қайынағасынан сәлемін үзбей, иіліп тұратын ауылдағы келініме ризашылығымның белгісіндей жыр жазғалы жүргенімді айтып едім, ол: «Адам баласы тек Алланың алдында ғана иілуге тиіс» деп өзгеріп шыға келді...

Ұл-қызын атастырып бесіктегі,

Жесірін жылатпаған есіктегі,

Тұрмысы тұралаған туысына

Қол созған, жылу жинап, есіткені.


Үкідей үлбіретіп жас күнінен,

Атынан аластаумен ласты кілең,

Қызына жатжұрттық деп төрін берген,

Айналдым Алашымның дәстүрінен!


Мен қазір жазғы жәндік күйіндемін,

Белшемнен кешіп тұрмын мейір кенін.

Ақ екен жан әлемің жаулығыңдай,

Қарағым,

Иіле бер,

Иіл, келін!


Тәңірім сыйлап дәйім қанға сабыр,

Әжелік дәуреніңді қамдаса жүр.

Сен келіп, шаңыраққа шаттық қонды,

Келінжан, айналайын, көп жасағыр.


Бал санап нәрестеңнің еркелігін,

Кеш солай ғұмыр-бақи ертегі күн.

Ұрпағың ұлтын сүйер ұлан болсын,

Анасы Ұлы Елімнің ертеңінің.


Жүрмесін көңіліңді жасқап қайғы,

Қайғырсаң ата-енеңе ас батпайды.

Келінжан!

Иіле бер!

Сен иілсең –

Алаштың абыройы асқақтайды!


ҚАЗАҚҚА ҰҚСАЙДЫ

Қазаққа ұқсайды зәу мұзарт,

Асқақ шың бұлтпенен таласқан.

Сол шыңнан биіктеу жалғыз-ақ

Дүниеге шаңырақ – көк аспан.


Қазаққа ұқсайды, расында,

Күлімкөз алтын Күн көктегі.

Жарылқап досын да, қасын да,

Бәріне шуағын сепкені.


Қазаққа ұқсайды, бауырым,

Байқасаң, далиған қара жер.

Артылып үстіне ауырың,

Қойнына өлгеннің бәрі енер.


Қазаққа ұқсайды жақпарда

Жылт еткен таудың бал бұлағы.

Өзендер өзгеріп жатқанда,

Бастауы былғанбай тұр әлі.


Түзетіп тарихи қатаны,

Ғылымға жаңалық ендір сен.

О баста Алла Адам-Атаны

Қазақ қып жаратқан, мен білсем!

Шынайы шайыр
Балалар әдебиетінің өткені мен бүгінгі айнасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу