Шынайы шайыр

Oinet.kz 01-12-2023 177

Screenshot_20.jpg

Шынайы шайыр

Шаншылып көкке ұшқым келеді,

Қалқыған қыран түске енеді.

Елеусіз ғана жүр едім, бейқам,

Беймаза жүрек не дей береді?..


Тылсымын көктің ашқым келеді,

Уыстап жұлдыз, шашқым келеді.

Ай менен күннің сырына қанып,

Қайтадан жерді басқым келеді.


Бастау ап таудан, тасқын келеді,

Арнасын қашап, ашқым келеді.

Тоғандар тосса көлденең тұрып,

Көбесін сөгіп, асқым келеді.

Өлең-жыр кернеп, тасқын келеді, - дейді Оңтүстік өңірінің шайыры, айтулы ақын Кендебай Ахат. Осы бір өлең жолдарынан-ақ оның өмірге, өлеңге деген ғашықтығын, шалқар шабытын аңғарасың. Асау армандарын да байқатады. 

Майса шуақ шашып, жылы жымиып қана күн кешкен жігіттің шайырлығы шынайы екенін елең еткізген әуелгі әуендерінен-ақ аңғарасың. Мамандығы дәрігерлер әдебиет әлеміне келсе, әжептеуір тірлік тындырары тарихтан белгілі. «Тұранның Тұманбайы» атанған айтулы, ақиық ақын Тұманбай Молдағалиев інісінің «Көгершін көңіл» атты жыр жинағына ақеділ алғы сөз арнаған еді. Кендебай Ахаттың кезекті кітабына кіріспе пікір жазарда Тұмағамыздың сол тамшы-тілектерін қайталай қарап шыққанбыз. Ағынан жарылатын ақын өзінен кейінгі буын саналар шайыр бауырының өлеңдеріндегі лиризмді, жібектің өріміндей нәзіктікті, жас жігіттің қуатындай өршілдікті, туған өлкенің сұлу табиғатына деген іңкәрлікті айрықшалай атап көрсетіпті.

Тұмағаң: «Ақыры өлеңге келген екенсің, Кендебай, жүрегіңді ашып кел»,-- дейді.

 Ал әлемнің әйгілі ақыны атанған Мұхтар Шаханов Кендебайға арнаған өлеңінде: «Сендей дархан азаматтың жүрегіне сенемін» - депті.

 Көрдіңіз бе, екі дүлдүл де Кендебай Ахаттың жүрегіне жол ашады. Жауапкершілік жүктейді. Салмақ артады.  

Ахат Кендебайдың кітаптарынан Тұманбай Молдағалиев  келісті көрсеткен ерекшеліктердің дами түскенін, шайыр шынайылығының шымырланып, ширай түскенін түсінесің. «Бисмиллаһи-әр-рахмани-әр-Раһим: Асыл болсын, беу, жамағат мұратың. Ағаштардың арасында жыр жазған; Асанбайлар, Кендебайлар шын ақын», - деп Әбілда Аймақ шумақ шиырғандай, Кендебай да ақындық жүрегін ашып тастаған, қоғамның кесел-кесепаттарына дәрігерше диагноз қойып, елінің ертеңі үшін емдегісі келетін. Ағалары атап айтқан лиризмнен гөрі тіршіліктің трагизміне терең мән бере тебіренетін. Әрине, нәзіктік, махаббат, сұлулық, тамылжыған табиғат жайындағы жырлары аз емес. «Тас дәуірде махаббат болды ма екен?», «Ағаштар сыры», «Сезім», «Муза», «Қызыл жейде» сияқты өлеңдері осы ойымызға айқын айғақ.  Лирикалық кейіпкер періште құшақты аңсайды, түсінде хор қызын құшады, ояна кеткенде пенденің құшағында жатады. Келіншек талға қыз күнін сағынтады. Абайсызда етегін жел көтерген қырмызы гүлді қымсынтып қояды. Алайда аталмыш жинағында қоғамның қауіпті дерттері туралы толғаныстары басымырақ.

  «Төр де бүгін сатулы,

  Көр де бүгін сатулы.

  Қорқау табыр жіліктеп,

  Бөліп алған азулы.


  Өнеріңді, жырыңды,

  Не қылады жырынды.

  Қайыршы ғып ақынды,

  Заман солай сүрінді», - дейді шайырымыз.

Немесе, мына шумақтарын оқыңызшы:

  «Дөкей күйеу – атышулы атағы,

  Шет елдерге қыз апарып сатады.

  Шаш етектен болса керек пайдасы,

  Туған күнін Венецияда жасады.


  Базар ашып атшаптырым аумағы,

  Әкім інім қатарынан қалмады.

  Бірақ, бірақ... Қаптап жүріп теңгені,

  Қайыршыға көз қиығын салмады».Кендебай Ахат ашынып айтқан аурулар, көрсеткен кемшіліктер қоғамымызда шынында да бар. Ақынның ашық жүрегі шырыл қақпай қалай шыдайды? Қайыршылардың хал-ахуалына тікелей арналған бірнеше өлең және бар.

 Күрсінтіп отырып, күлдіріп қоятын қасиет Кендебай Ахаттың адами мінезіне де, ақындық қолтаңбасына да жарасып тұратын:

«Өлшенбейтін безбенменен салмағы,

  Қызық екен ақындардың талғамы.

  Бақай есеп бұйырмастан бағына,

  Ұсталмаған теңеу табу – арманы».

 «Қорқауланған қоғамымызда», «Қылмысқа белшесінен батқан байлары басымданып бара жатқан қоғамымызда», «Қайыршыланған қоғамымызда», «Жетім қоғамымызда» ақыныңыз қанша азап шеккенімен, «ұсталмаған теңеу табуды» басты арманы санады.  Кітаптағы «Кісілік пен кішілік» балладасы, «Бақ пен сор» поэмасы, Әбілда Аймақпен айтысы һәм шайырымыздың шынайылығын сан қырынан танытады.

Осындай да, көп қаламгерді өз туындыларымен тәнті еткен Кендебай Ахаттың еңбектерін оқырман назарына ұсынбасақ әбестік болар. 

********

Ешкімге ұқсамаған кем-кетістігімменен,

Ешкімге бұлдамаған жөн-жетістігімменен,

Інгеннің сүтін емген жырларым желіндеді,

(Ойларым ішке симай сыртына тебіндеді),

Қол жайып, бата берді періште төріндегі.

О, муза!

Айқара аш құшақты, мен келемін

Жарқырап найзағайдай Алатау көгіндегі!


Бостандық

Бостандық алдық, бодандық кетті қазақтан,

Құрсауды бұзып, жарыққа шықтық, тозақтан.

Ойымыз еркін, ғасырлар бойы шектелген,

Түзедік бойды, бүгілген белді азаптан.


Тәуелсіз елде қырандар биік самғаған,

Өрелі жандар әділет жолын таңдаған.

Атадан қалған қастерлі бесік – аманат,

Өсетін халық, ұрпақтың қамын қамдаған.


Кіндік қан тамған бұл жерді бабам қорғаған,

Жасынға жанып, ақындар жырын арнаған.

Өтінде желдің шайқалып қара шаңырақ,

Қорқыттан мұра қылқобыз болып зарлаған.


Мойынына артып қыршындар қанын жүктеген,

Тарады Кеңес қайсарлық бізден күтпеген.

Бәйшешек болып қан тамған жердің үстінде,

Желтоқсанның тоңын ұрпақсыз жарып көктеген.


Бостандық алдық, бодандық кетті қазақтан,

Құрсауды бұзып, жарыққа шықтық, тозақтан.

Ойымыз еркін, ғасырлар бойы шектелген,

Түзедік бойды, бүгілген белді азаптан.


***

Мейлі, мені мойында, мойындама,

Шыжық-ойды шыжғырар шойын таба.

Үзілместей көрінген қыл-ғұмырың,

Бір актілі сахнада ойын ғана.


Мейлі, мені мойында, мойындама,

Барлық билік бір сенің қолыңда ма?

Аяққаптай көсілген көкірегің,

Аяқдопты тебетін ойынхана.


Мейлі, мені мойында, мойындама,

Оғаштау боп көрінер ойым дара.

Пенделігің жабысып жаға жыртса,

Тектілігің - қанағат, тойым ғана.

..................................................

Тарих ертең береді, қойып баға...


БАЗАРЛАР КЕШЕНІ

Ару қала айналып қан базарға,

Жер де қалмай барады бой жазарға.

Төр босатты саялы саябақтар,

Тас қамалды казино, сауналарға.


Даңқой ағам шалқиды қыр базарда,

Жеңгетайлар қарпиды қыз базарда.

Өткен-кеткен көлікке сығырайып,

Ер-азамат қалғиды құл-базарда.


Бәрі мұнда нарыққа бағынады,

Керек затың қиналмай табылады.

Күндіз-түні тынбастан үлкен-кіші,

Қу құлқынның қамын жеп, сабылады.


Мәшинелер тығындап, кең көшені,

Шығып жатқан түтіннен сең көшеді.

Қиратылған зауыттар залалынан,

Жүз еседей артыққа, тең деседі.


Тапсырыспен ішіне тас қамалдың,

Көліктері кіреді қасқалардың.

Көрсетілген мәзірге ылайықты,

Мәселесін шешеді басқалардың.


Не қалайды, не істеу көкейінде?..

Мұндағының бәрі де жетегінде.

Шығыстағы сұлтанның гареміндей,

Кәнизактар аунайды төсегінде.


Қаптап кеткен базарлар кешенінде,

Егесі бар даңғылдың, көшенің де.

Ұмыт қалған бір ақын, қалтарыста,

Ажырата алмай жүр есебін де.


ҰЛЫЛЫҚТЫ ҚАЗАҚША МОЙЫНДАУ

(Шәмші Қалдаяқовтың рухына)

Дарын туып, өгейсіту - қазақ үшін сол сөз бе?

Қазақ болып туылғанға қамығасың кей кезде.

Әсіреден ажыратар тылсым күші болмаса,

Ұлылықтың белгілері көрінбейді жай көзге.


Алпыс жасқа келгенінше сылтау іздеп сынақтан,

Тұғырына шығармастан басып келдік иықтан.

Лауазымға бас иместен ғұмыр кешті елеусіз,

Марғау елде әнін айтып, ән патшасын ұмытқан.


Жүрек қылын шерте алмас күш салғандар білекке,

Жүрегінен шықса ғана ән жетеді жүрекке.

Бірінші рет өткен кеші үш күн қатар созылып,

Қазақконцерт тарлық жасап толып кетті тілекке.


Ешбір өнер жұлдызына бұйырмаған мұндай бақ,

Қанша қазақ санын соқты сонда залға симай қап.

Мейлі дархан, мейлі міншіл, болсын мейлі дарақы,

Осындай да марқаясың қазақтықты қимай қап.


Еңсемізді басқан кезде Желтоқсанның салқыны,

Жас қазаққа жігер беріп, Шәмші әні қалқыды.

Қолдан жаққан жұлдыздардың арасында құлпырып,

Жылдан-жылға еселенер жұлдызының жарқылы.


Кие қонған бұл өнерде әркімнің бар таласы,

Саф өнер мен даңғазаның жер мен көктей арасы.

Ән тағдырын аманатқа қазақтарға қалдырып,

Қазақ болып көзін жұмды Қалдаяқтың баласы.


P.S. Пенделіктің батпағынан бас көтеріп қарашы,

Тар маңдайға симай кетті, қазақтың бір данасы!


КӨҢІЛ

Қарадан қалған хан-көңіл,

Тарқатып шерді басылар

Түнерген аспан - қамкөңіл,

Нөсер боп жауып, ашылар.


Көңіл бір хошын тапқанда,

Шабыттың буы қамшылар.

Көкжиек түндік жапқанда,

Жұлдыздар көкке шаншылар.


Ептілер жүрсе тақ қорып,

Мансаптың бағы ашылар.

Ақынның тұнған қақ болып,

Көзінде ыстық жасы бар.


Түлкідей заман түрленсе,

Қулықтың тіні бүр ашар.

Періште-сезім кірленсе,

Жүректің құлпын кім ашар?

Қоштасу

(Әлиакбар ақынның рухына)


Дәруін іздеп жүректің көптен,

Көктем боп көңіл жырларын төккен.

Мұраттың ізгі жолында жүріп,

Тал түсте ақты жұлдызың көктен.


Артыңда шүкір, көздерің қалды,

Тәспідей тізген сөздерің қалды.

Тіріге сенен теберік болып,

Бедері түскен іздерің қалды.


Қатыгез тағдыр сұм еді неткен,

Ажалдың оғы мезгілсіз жеткен.

Өзекті өртеп, жай түсті бізге,

Қош енді, інім, сыр бүгіп өткен.


Амалды таппай жазмышқа өктем,

Қабынды қанша жалғанда өкпең.

«Орнында барлар оңалар!» дейді,

Бақыл бол қалқам, арманда кеткен!


Балапаным-ау

Балақаным-ау,

Балапаным-ау,

Алайыншы өзіңді алақаныма-ау.

Қанаттарың қатайып, бекігенше,

Несібеңді қолымнан жалатамын-ау.


Балақыным-ау,

Балапаным-ау.

Тылсым күшті бойыма таратасың-ау.

Қара тасты балқытар бал қылықпен,

Қалғып кеткен сезімді оятасың-ау.


Балақаным-ау,

Балапаным-ау.

Бар пейілді еркіңе қаратасың-ау,

Маған сәби шағымды сағындырып,

Еркелеуді ерекше жаратасың-ау.


ӨКІНІШТІ

Өкінішті. Оһ, қандай өкінішті,

Нарық салған сойқанның беті күшті.

Кіріптар боп қажыған қайран жүрек,

Бұлқынады бұза алмай бекіністі.


Өкінішті. Оһ, қандай өкінішті,

Жердің асты, сатылды жердің үсті.

Бар қазақты лақтырып күресінге,

Несібесін аз қазақ кешіп ішті.


Өкінішті. Оһ, қандай өкінішті,

Ен байлығы елімнің тегін ұшты.

Ұсақталған ұрпағы Атилланың,

Әруақ аттап, бастады кесір істі.


Өкінішті. Оһ, қандай өкінішті,

Өркениет қолдаса шегіністі?

Алмағайып кезеңде қайран жүрек,

Бұлқынады бұзардай бекіністі.


***

Мейлі, мені мойында, мойындама,

Шыжық-ойды шыжғырар шойын таба.

Үзілместей көрінген қыл-ғұмырың,

Бір актілі сахнада ойын ғана.


Мейлі, мені мойында, мойындама,

Барлық билік бір сенің қолыңда ма?

Аяққаптай көсілген көкірегің,

Аяқдопты тебетін ойынхана.


Мейлі, мені мойында, мойындама,

Оғаштау боп көрінер ойым дара.

Пенделігің жабысып жаға жыртса,

Тектілігің - қанағат, тойым ғана.

..................................................

Тарих ертең береді, қойып баға.


ДӘРІГЕРГЕ ӨТІНІШ

Мен жатармын төсекте аласұрып,

Кәрі дүние қарайды баласынып.

Қаба сақал әкемнің қолындағы,

Намысымды осады қара шыбық.


Шырылдайды шыбын жан безек қағып,

Мүңкір-Нәңкір тұрғандай есеп алып.

Қызыл-жасыл дүние дөңгеленіп,

Тәнім қызып барады, өзек талып.


Балалық шақ бақытсыз сағы сынған,

Шайпау тағдыр жүрекке қағы тұнған.

Көз алдымда көлбеңдеп кезек-кезек,

Бар өмірім өтуде тағы сыннан.


Бұл жалғанға басында жылап келіп,

Ой маржанын жинадым құрап-теріп.

Түмен жырдың қара жер бетін бүркеп,

Жатпақшы ма, астына сұрақ көміп?


Ей, дәрігер, нәубетті жырақ қылып,

Алып таста кеселді бір-ақ сылып.

Іштегі шер қатпасын шемен болып,

Барыңды сал, өтінем жылап тұрып!


ЖҰМЫССЫЗДЫҢ САНДЫРАҒЫ

Шабыт қайда жыр болып нөсерлетер,

Гүлдер қайда сезімді еркелетер?

Оттық қайда?..

Кеткені ме тұтанбай білте бекер?


Кезім қайда ұсынған бал мен шекер,

Жастық қайда шешімді келте кесер?

Шаттық қайда..,

Думан қайда өзімен ерте кетер?


Ілім қайда саязды терең етер,

Күнім қайда ауырды жеңілдетер?

Теңгең қайда..,

Жеңгең қайда – теңгені керек етер?


БАТА

Көш бастаған азаматтар ел сенімін ақтасын,

Сарбаздарға сабыр беріп нәпсі-сайтан тоқтасын.

Аман қылып қазағымның әрбір момын отбасын,

Ата салтын қадірлемес имансыздан сақтасын!


Құлқындары талғамайтын аш көздерден сақтасын,

Үмітіңді жалғамайтын жігерсізден сақтасын.

Кәусарыңды ылайлайтын доңыздардан аулақ қып,

Дүниенің құлы болған тексіздерден сақтасын!


Жон арқаңнан таспа тілер тағылардан сақтасын,

Қайырымсыз қара жүрек малы бардан сақтасын.

Жер түгілі көрді сатар жетесізден аулақ қып,

Тұлпарларға жол сілтеген жабырлардан сақтасын.


Ақ-қараны ажыратпас қазылардан сақтасын,

Буынсызға пышақ салар базынадан сақтасын.

Көңілі алаң халқымызды несібеден қақпасын,

Қазақты қазақ жау көріп, қазақты қазақ шаппасын!

Аумин!


БЕЛ ҮСТІНДЕГІ ОЙ

Жоқ та болдым, ағайын, тоқ та болдым,

Еркін маздап жанбадым, шоқ та болдым.

Қара шұбар тағдырым бұра тартып,

Күресінге атылған оқ та болдым.


Бас та болдым, ағайын, аш та болдым,

Жасамыс боп қатайдым, жас та болдым.

Өксік өртеп өзекті өзеуреген,

Күлшем жоқта қолымда жат та болдым.


Ауыздықтап асауын қасқа жолдың,

Жақын емес, тізгінін жатқа бердім.

Сан жығылып, сан тұрып қас қылғанда,

Көптен қалмай, қайтадан атқа қондым.


Өткеніме үңіліп, мың қарадым,

Ішке жұтып көбісін тұмшаладым.

Елу деген белесте ойға батсам,

Балтырымды қарыды, мұз балағым.


Көктем өтті тұманды азабымен,

Жазда өтті сан түрлі сабағымен.

Көп күттірмей сары қарын күз де жетті,

Қамбама сай егіннің орағымен.


Сыбағаны қос-қостан табағымен,

Шампанында таттық қой арағымен.

Тоқтап тұрып бір сәтке ойланайық,

Қыс та жетер қар жауған қабағымен.

О, ағайын!..

Сері мінезді Серік
Қазақтың қанын жазған қаламгер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу