Сая Қасымбек. Күзгі романс

Oinet.kz 05-06-2019 2121

Screenshot_3.jpg

Қала орталығындағы саябақ, күзгі аспанның түнерген қабағына менсінбей қарағандай сыңай танытып, өз ырқымен өмірін жалғастыруда. Саялы бақтың ортасындағы кәрі емен. “Апыр-ай, уақыт шіркіннің секундымен үндесіп жататын тек табиғат қана екен-ау?! Күз түсті деп біз бүріскен сайын, табиғат шіркін жайнай түскен бе қалай?!”- деген оймен айналасындағы сұлулыққа таң-тамаша қараған Қамал, кәрі еменнің түбіндегі отырғышқа асықпай, бейне бір сағынған жанымен көріскендей, әр тақтайын сипалай түсіп, жайғасты. Күзгі ауаның таңғы шығын жұтқысы келгендей тереңінен тыныстап, рахаттана демалды. Сірескен бойын жазғысы кеп екі қолын екі қанатына кере түсіп, басын шалқайта бергені сол екен, еменнен үзілген жапырақтар, Қамалдың бетін сипай өтіп, жер бауырлап ұша бастады. Күнде көріп жүрсе де, мына көрініс бүгін Қамалға ерекше әсер еткендей. Әр жапырағынның өзіндік мінезі бар сияқты. Әнебір жапырақ, шыбығынан жұлқынып шығып, жолындағы жапырақтарды баса-көктей жерге ұмтылуы Сәлиманың мінезіне келетін сияқты ма қалай?!. Мынасын қарай гөр?! Тіптен, үзілген күннің өзінде жерге түсуге асықпай, ауада билей түсіп, еркелей, сықылықтай күлетін сияқты ма қалай?! Иә. Иә...еркелей күледі. Апыр-ау, Шырынымның мінезі ғой?!. Иә, Шырынның мінезінен аусайшы?!. Жерге түскенге дейін ағашымен қоса ауаны да ынтықтыра түскен мінезі тура Шырынжанның мінезі...О, құдайым-ай, мынасының мінезін қарай гөр?! Ауа желпіп өткен сәтте үзіліп ұшқан жапырақты қарашы?! Ештеңемен жұмысы жоқ, “тағдыр салды, мен көндімге” балап, үн-түнсіз жерге түскен жапырақтың мінезі аумаған Айым?.. Өз теңеуінен өзі ләззат алған Қамал, мырс етіп күліп жібергенін байқамай қалды. Ерсі қылығымды ешкім байқамады ма деген пиғылмен жан-жағына қараған Қамалдың көзіне, саябақтың екінші жағына қарай жәйлап басып бара жатқан әйел түсті. “Өзі күнде осы уақытта келеді. Кім болды екен?..Тілдессем ба екен?” – деген ойдан Қамал тез арада айныды. Кім біледі, бұның тілдескісі келгенін теріске балап жүрсе ыңғайсыз болар. Қамал, жаңа ғана өзі белгілеген жапырақтарды іздеп жерге үңіле қарады. Міне қызық?! Ен тағып, мінез берген жапырақтары, қалың жапырақтарға сіңіп, енінен айырылыпты. Әрқайсысы бір тағдырды арқалаған жапырақтардың, аяқ астындағы жапырақтармен араласып, қарапайым күйге түскені, Қамалдың жүрегін сыздатып, бейне бір асылынан айырылғандай күйге түсірді. Жаңа ғана ұмытыла бастаған бейнелерді көз алдына келтіріп, жүрек лүпілін жылдамдатқан сезімі, күзгі аспандағы түнерген бұлтша сұрықсыз күйге айналып сала берді. Жапырақтардың арасынан еміне ен  таққан есімдерді табуға күдерін үзген Қамал, сағымға айналған бейнелерді жандандырғысы келген жанша көзін жұмды. Шырын...Сәлима...Айым...Тағдыр шіркіннің таразысының екінші тасын тартқан, тағдырына тіршілік сыйлаған, күйіндірген, сүйіндірген бейнелер...Егер тіршілік шіркін қайырыла келсе, үшеуімен де қайта кездесуді қалар еді-ау... «Әсіресе, Шырынмен кездестірсе, айырылмасқа жан салар едім»,- деген ой Қамалды өткен күндер жетегіне сүйрелей жөнелді. Тәтті ойдың айдынында қалқып отырған Қамалды, жөткірінген дауыс селк еткізді. Көзін ашқан Қамал, алдында тұрған адамды неге жорырын білмей сасқалақтап, бетін көруге тырысып, басын кекжите жоғары қарады. Шалқайғаннан басынан түсіп кетуге аз-ақ қалған шляпасын қолымен еріксіз ұстап үлгерді. Бір қолымен шляпасын ұстап, басын кекжите қараған  Қамал,  қарсы алдынан ажарлы жүзі бозаң тартқан әйелді көрді. “Осы әйелді қайдан көрдім?! Оу?!. Әлігі...саябақтың екінші жағына қарай өтетін әйел емес пе?!”- деген ой, Қамалдың санасында зулап жүріп жатты.

- Кешіріңіз, сізде жүрекке ішетін дәрі жоқ па? – деген әлсіз дауыстан есін жиған Қамал, - А...дәрі дейсіз бе?! Жүректікі дейсіз бе?!- деп, тосыннан болған оқиғадан қолдары икемге келмей, қалтасына қолдарын ебедейсіз салып, жанталаса дәріні іздей бастады.

- Кешіріңіз, сізді әуреге салдым ғой деймін. Егер, жоқ болса, әуреленбей-ақ қойыңыз. – деп бұрылып кетуге ыңғайланған әйелдің қолынан шап беріп ұстай алғанын өзі де сезбей қалды. Қылығының дөрекілеу болғанын соңынан түсініп, - Асықпасаңызшы...Ол құрғырды қалтамнан тастамаушы едім. Қазір...Қазір...Сіз, алдымен отырсаңызшы. Тұрмаңыз...Отырыңыз.- деп бейтаныс әйелге құрақ ұшып, қасынан орын босатты. – Уһ! Табылды-ау, әйтеуір?! Мінекейіңіз, тіліңізге баса қойыңыз.- деп бір түйір дәріні бейтаныс әйелге ұсынып, жаны ашыған кейіппен жүзіне үңіле қарады. Бейтаныс еркектің үңіле қарағанынан қымсынған әйел, еріксіз жымыйғандай кейіп танытып, дәріні тілінің астына бастырып, тезірек сөлін сорғысы келген жанша көздерін жұмып, екі қолымен иегін тіреп, үнсіз отырып қалды. “Түсі игіден – түңілме демекші, мына әйелдің жүзі не деген мейірімді еді?!” деген ой Қамалдың жүрегіне жайлы әсер етті. “Қап, дәрімді ұмытып кеткенім-ай?! Мына кісі мені бір, орынсыз соқтығысатын біреуге балап қалса қайтемін?! Өзі бір ақкөңіл адам екен.” деген ой әйелдің жанына жылулық сепкендей, дәріден бөлінген сөлді құшырланып жұта бастады. Екеуінің арасындағы үнсіздікті өзі ретке келтірмесе, бейтаныс әйелдің сөйлей қоюының екіталай екендігіне көзі жеткен Қамал, жайлап жөткірініп, мұртының арасынан дауысын көтере, сөзге тартты.

- Бүгінгідей ауа-райы, әдетте, жүрекке тез әсер етеді.- деп, бейтаныс әйелдің жүзіне көзінің құйрығымен қарап, “не деп жауап берер екен” деген жанша кідіріңкіреп қалды. Қарсы жауап болмаған соң, амалы таусылып, сөзін жалғастыруға мәжбүр болған Қамал, бойына күш беретіндей басындағы шляпасын бастырмалата еңкейтіңкіреп, дауысын нығайта түсті.

- Айтайын дегенім, қарап отырғанша әңгіме-дүкен құра отырайық. Менің есімім – Қамал деген болады. – деп, қарсы жауап күткендей, бейтаныс әйелге ұмсына қарады. Бұл жолы жауап бермесе болмайтынан көзі жеткендей; - Гүлдариға,- деп жәй ғана жауап қатқан бейтаныс әйел, қымсынғаннан екі қолын қайда жіберерін білмей, қалтасына қолын салып, кішкене кітапты суырып алап, кеудесіне қыса түсті. 

- Кітап оқығанды ұнатасыз ба? – деп, Қамал, кітаптың атауын көргісі келген жанша қалтасынан көзілдірігін алып, көзіне кие бастады.

- Ие. Өлең оқығанды жақсы көремін.

- О?! Поэззиямен доспын деңіз. Дұрыс...Менің негізгі жақсы көретінім газет оқу. Әдеби кітаптарға да кетәрі емеспін. Реті келсе өлеңді де оқып тастаймыз, - деп, әйелмен сұхбатты жалғастырғысы келген сипат танытты. Қамалдың бұнысы, тілдесерге өз қатарын тапқан Гүлдариғаға да ұнағандай.

- Ер-азаматтар көбіне газетке үйір келеді ғой. Біздерге кітап ыңғайлы.- деп жауабын екіұшты етіп, қолындағы кітабына жаңа көргендей үңіле түсті.

- Құрметті демалысқа шыққаныма аттай бір жыл болды. Саясаттың басын біраз жыл қатырған жайым бар. – деп өз сөзіне өзі мырс еткен Қамал, қасындағы әйелге жақындай отырды. – Түріңізге қарасам, замандас сияқтымыз. Қарап отырғанша әңгіме-дүкен құрайық, Гүлдариға замандас...-деп іші пысқан адамның кейпін таныта, Гүлдариғаға тілтарта қараған Қамал, қолындағы таяғымен, жапырақтарды түрткілей бастады.

- Сөзің жарасса әңгіме-дүкен дегеніңіз жақсы нәрсе ғой. Бірақ...Мен...Әңгімеге онша жоқ едім.- деп, Гүлдариға кінәлі жанша Қамалға жымия қарады. Гүлдариғаның жәй ғана жымиғаны Қамалдың жүрегіне ерекше әсер етті. “Апырым-ай, жымыйғаны неткен әдемі?! Өзі де кезінде керімнің нағыз өзі болса керек?!”- деген ой Қамалдың санасында сумаңдап жүріп жатты. 

- Е...Әңгімені қуып жататын кім бар дейсіз?! Күні бойы ағашқа қарап, жапыраққа үңілгеннен де жалығады екенсің. Бұрын жұмысбасты боп жүріп ештеңені байқамайды екенбіз. Сол кезде деймін-ау, кейде тіпті, жиырма төрт сағаттың өзі аз сияқты көрінуші еді. Ал, енді...- тамағына тас тірелгендей үні шықпай қалғанына қысылған Қамал, жөткірініп жібергенін өз байқамай қалды.

- Сөзіңіздің жаны бар, - деп Қамалдың жан-дүниесін түсінгендей сөзді іліп кеткен Гүлдариға, - Кезінде жетпейтін уақытты, енді кеп тауыса алмай әлекке түсудеміз. Тіршіліктің ағымы солай.- деп үнсіз қалды. Арадағы үнсіздікті бұзуға әлдері келмеген жандарша, екеуі де үзіліп түсіп жатқан жапырақтарға үңіле түсті. 

- Мына жапырақтардың әрқайсының мінезі бар сияқты. Сізше қалай? – деп Қамал, сұхбатты жалғастырғысы келгендей Гүлдариғаға бұрылды.

- Мінезі деймісіз...Білмеймін...Мүмкін солай болар...Бұрын-соңды мән бермеппін.

- Жо-жоқ, оқасы жоқ. Бұрын мен де мән берген емеспін. Бүгін...Неге екені қайдам, бүгін мән берсем бола ма?! Анаған қараңызшы, - деп, ағаштың басынан үзілейін деп тұрған жапыраққа қарай қолындағы таяғын шошайтып,- ана бір сарғыш жапыраққа қараңызшы.

- Қайсы?! Жапырақтардың бәрі бірдей сары емес пе?!- деп Гүлдариға да Қамалдың сөзіне елігіп, жапырақтарға үңіле бастады.

- Бәрі бірдей болғанымен, арасында ерекшелері бар. Әне, әнеки...Міне, енді үзілді. Көрдіңіз бе?!

- Иә, иә, енді көрдім.

- Көрсеңіз, қалай ұшатын мінезіне қараңызшы. Қалай ойлайсыз?! Мінезі бар емес пе?!

- Мынауыңыз нағыз барып тұрған жәйбасар ғой?! Тіптен, түсуді ойламайтын сияқты, - деп Гүлдариға, Қамал ұсынған ойынға еріксіз еніп кеткенін өзі де байқамай қалды.

- Мынасы ше?! Мынасының мінезі қалай?!

- Ой, мынауыңыз нағыз барып тұрған атаман?! Жолындағы жапырақтарды жайпап барады ғой тіптен?!

- Әһа?! Енді түсіне бастадыңыз ба? Ал, мына біреуі ше?!

- Оныңыз ба?! Оныңыз маған тартқан екен.

- Қалай?!

- Солай!..Мен сияқты қайда айтса, сонда жүре береді...- Ащы ойын айтып салғанына ыңғайсызданған Гүлдариға, - Бүгінше осы сұхбатымыз жеткілікті сияқты. Сізбен танысқаныма қуаныштымын. Мені балалар іздеп қалған болар. Сау болыңыз.- деп орнынан жылдам тұра бастады. – А...Айтпақшы, дер кезінде тауып берген дәріңізге рахмет. Бүгін үстімдегі сырт киімімді ауыстырып едім...Дәрімді ауыстырып салуды ұмытыппын...Сау болыңыз.- деп асығыс қамдана бастады.

- Оқасы жоқ. Басқаны ұмытсақ та, дәрі шіркінді ұмытпайтын күйге жеттік қой...Мен күнде осында серуендеуге келемін. Лажы болса кездесіп, әңгіме-дүкен құрайық, замандас,- деп Қамал орнынан тұрып, Гүлдариғаға қоштаспаққа қолын ұсынды.

- Бұйыртса келерміз. Сау болыңыз.- деп, Гүлдариға әжім басқан әдемі саусақтарын Қамалға ұсынды. Әжім басқанымен әдемілігін жоймаған Гүлдариғаның әлсіз, нәзік саусақтарын қолына қысқан Қамалдың жүрегі еріксіз солқ ете қалғандай болды. Ұзағырақ қысып қалған Қамалдың алақанынан саусақтарын күшпен суырған Гүлдариға, ыңғайсыздана көздерін кірпігімен қымтап, теріс бұрылып кете бастады. Сәл бүкшиген Гүлдариғаның иықтарына көзін қадаған Қамал, аз уақыт бұрын бейтаныс болған әйелдің, қимасына айналғанын сезбей қалды. Жапан дүзде жалғыз қалған жанша көңілі құлазып сала берген Қамал, Гүлдариғамен бірге қарсы алған жапырақтарын іздеп, жерге үңіле қарады. 

                                               ***

  Күрең күздің мамыражай шуағынан жанына шипа іздеген жанша, саябақты көмкерген жапырақты ескекпен ескендей аяқтарымен кеше басып, Гүлдариға келе жатыр. Қолында әдеттегінше өлең кітабы. “Сәнімді мұзбен шарпыдың, есікті мұң да сан ашты...”- деген ақын сөздері жанына дауа бергендей, іштей жымыйып, әр сөздің нәрін алғандай әсерден жан дүниесі тояттана түсті. “Шіркін, ақын болсаң, осылай жаз”- десе де, әр сөздің астарындағы салмақтан жүрегі сығылғандай ма қалай?! Ақын болмаса да, ақынжанды Гүлдариға, есті өлең жолдарын оқыса, ескі танысын көргендей рахаттанып қалады. “Сәнімді мұзбен шарпыдың...Рас-ау, бақытты сәттің қамшының сабындай қысқалығын ойлауға мұршамыз келмейтіні шындық. Пенделікке салып, бақытты сәтімізді бітпейтіндей сезініп, бақытсыздыққа ұшырап жататынымыз жасырын емес-ау өзі?..Бәлкім, артында мұзы тақалып тұрмаса, сәннің де сәні қалмас па еді, кім білсін?!” деген ойлар Гүлдариғаның нәзік жанының қыл пернелерінде күйдей күмбірлеп, сезімдерін тербете түсті. Тегінде табиғаттың әр мезгілін кезіне сәйкес ұната білетін Гүлдариға үшін, неге екені белгісіз күздің қоңыржай күндері ерекше ұнайды. Адам жанына еш салмағын салмай, жаймашуақ өте шығатын күз айының шуақты күндері саябақты аралап, бойын кеулеген жалғыздықтан серпілгендей жұбаныш табатын сәтін айрықша қадірлейтін Гүлдариға, көбіне өлең кітабын қалтасына салып, осылай серуендегенді ұнатады. Бәлкім, жалғыздықтан қашып құтыламын деп өзін алдаусыратады ма, кім білсін...“Бір тамшы бақыт ерітер, шеңгелдеп берген мұзыңды” деген Оңайгүл Тұржанның өлең жолдарынан жаны ерекше тұщынып, тіршілік философиясын бір шумақ өлеңге сиғыза білген ақынның шеберлігіне тәнті бола түсті. “Апырм-ай, сұлулықтың бәрін өнер жасайды екен-ау, ә?! Біз болсақ, шұбырта сөйлеп, көбік сөзбен көпсітіп жіберер едік. Мына ақын қыз кесте тоқығандай қалай әдемі келтірген, ә?! Жобамда өзі де бақыт шіркінге кенеле қоймаған болса керек. Ақындар мен жазушылар жүрегіндегі қуанышы мен шерін шығармашылық арқылы шығарады деуші еді. Мына сөздердің бір пұшпағы ақынның өз тағдырында жатқан болар. Шіркін, өз ойымды мен де осылай жырлай алсамшы?!.”  Гүлдариға жанын егеген жалғыздықтан осылай, өлең жолдарын оқып, ой тасында таразылау арқылы сергігенді жаны қалайды. Әлде...Мәжбүрліктен қашып шыққысы келеді ма?..Шындығына келсе, қайсысының салмағы басым екенін кім білсін?! Әйел жаны ашылмайтын жұмбақ сандық. Кейде кілтін өзі де таба алмай сарсаңға түсіп жатады емес пе?! Иә...Әйел сезімінің параметірін өлшеп білген жан жер бетінде жоқ болар. Егде тартқанда сүреңсіз сүрлеуге түскен өмірін көз алдынан өткізіп келе жатып, жол үстінде бейсауыт жатқан ағашқа сүрініп кеткен Гүлдариға, шомған ойынан оянып, аяғының астындағы ағашқа үңіле қарап тұрып қалды. Алғашында түсіне алмай, қиялын қудалай түскен Гүлдариға, сәл болмағанда омақаса құлай жаздағанын көріп, есін жинай қойды. Бойын тіктеп, желкесіне қарай жылжып кеткен жібек орамалын туралап байлап, адымын жылдамдата түсті. Әдеттегі орнына өтпес бұрын, кешегі бейтаныс еркектің, Қамалдың отыратын орнына көзі еріксіз ауды. Отыр екен...Газетке шұқшыйып қалыпты. “Тағы да саясатын оқып отырған болар. Амандассам ба екен, әлде, байқамағансып өтіп кетсем ба екен?” деген дүдамал ойдан Гүлдариға еріксіз кідіріп, тұрып қалды. Гүлдариғаның осы сәтін аңдып отырған жанша; - Иә, замандас, амансыз ба?! Денсаулығыңыз дұрысталды ма?!- деген Қамалдың дауысы шықты. Басын газеттен көтермесе де, тұсына келген бұны дөп басып танығанына таң қалған Гүлдариға; - Һімм...Иә...Есенсіз бе?..- деп өтіп кетуге ыңғайланды.

- Кешегідей емес, бүгін күннің көзі жайнап тұр. Саулығыңызға жайлы әсер ететін болар. – деп, Гүлдариғаның кеткенін қаламағандай рай танытқан Қамал, қолындағы газетін асығыс бүктей бастады.

- Иә...Бүгін күн ерекше жайнап тұр...- деген Гүлдариға, әңгімені жалғастырудың ретін таппай, өз орнына қарай қадам басты.

- Неге екені қайдам, осы еменнің түбін ерекше жақсы көремін.- деп Қамал, жаңа бір әңгіме бастағысы келгендей рай танытты. – Асығыс болмасаңыз отырыңыз. Әрине...қарсы болмасаңыз...- деп, Қамал өз ұсынысынан өзі ыңғайсызданғандай кейіп танытты. Шындығында, Гүлдариғаны таңертеңнен бері күтіп отырғанын іштей бүгіп қалған Қамал, өз ойын білдіргісі келмей, - Жобамда түнгі шық қалың болса керек. Айып етпесеңіз, мына газетті төсеніп отырсаңыз қалай болады? – деп, қолындағы бүктеулі газетті Гүлдариғаға ұсынған орынға төсей бастады.

- Қайбір шық бола қойды дейсіз? Әйтседе, пейіліңізге рахмет. – деп Гүлдариға, Қамал төсеген газетке жайғасып отыра бастады. - Өзіңіз қалайсыз? – деп ымыраға келген жанша Қамалдың бетіне көз тоқтатып қарай бастады. Орта бойлы, шымыр денелі, отты көзінің жанары әлі сөнбеген, дөңдеу мұрынды, мұрты дөңгелек жүзіне жарасқан Қамалдың келбеті көз тояттардай келбетті екен. “Жобасы үлкен қызметте болған. Жас кезінде келбетті болған шамасы. Қазір де жаман емес” деген ұры ой Гүлдариғаны еріксіз қуыстандырды. 

- Күздің аты – күз емес пе?! Кешкісін суыта бастады.- деп жайма-шуақ сұхбатқа ден қойған Қамалдың үні, Гүлдариғаның ішкі ойынан бейхабар жайтта әңгімені өрбіте түсті. – Осы газеті құрғырды оқымасам басым ауырады, оқи қалсаң...Бірін-бірі атып, шатып жатқан бір жан...Әлемнің қалай төңкеріліп түспей тұрғанына таң қалмасқа амалың жоқ. Кешіріңіз, менің әңгімем сізді қызықтырмайтын болар. – деп, Гүлдариғаның үнсіз қалғанын неге жорырын білмей сасқалақтап, - Өзіңіз ше?! Өзіңіз немен айналыстыңыз? – деп бастырмалата сұрақ қойды. Жауабын неден бастарын білмеген Гүлдариға үнсіз отырып қалды.

- Егер, жауап қатқыңыз келмесе, оқасы жоқ, жауап бермеуіңізге болады,-деген Қамалдың үнінен ренішті байқаған Гүлдариға; - Жоға-а...Анау айтқан маңызды ештеңемен айналысқан жоқпын. Күндегі тіршілік...Сейілдеп қайтуға келген едім. – деп, асығыс жауап беріп, басындағы орамалын реттегісі келгендей, маңдайына түскен шашын сипалай бастады. – Шынымды айтсам, сіздің кешегі ойыныңыз маған үлкен әсер берді.- деп жаңа тақырыпқа жол салды.

- Ә-ә...Әсер берді деймісіз?!. Соған өзім де таң-тамаша болғанымды жасырмаймын. Кейде көңіл құрғырдың әрнәрсені мазалап, жабырқаған жүректі жұбатарға жол іздеп далбасалайтын кездері болады. Сондай бір сәтіне тап болдыңыз жобасы. Егер жағымсыз әсер етсе айып етпеңіз.

- О не дегеніңіз. Қайта бұрын мән бермеген нәрсеме ой салдырдыңыз.

- Солай ма?! Олай болса дұрыс екен. “Кәрі атан ойнақтаса жұт болады” демекші, біздікі, уақытымыз оза бастағанда өмір ағымына басқаша көзбен қарай бастағанда, қиялға берілу ме деп қалдым. Бұрын байқамайтын нәрсеге мән бере қарасаң, басқаша...Жансыз нәрсенің өзі жандыға айналып кете ме қалай?!

- Оның бәрі уақыттың көптігінен.

- Көптігінен дедіңіз бе?

- Иә. Асып-төгіліп жатқан уақытты қысқартудың жолын іздегеннен болар. Дегенменде Сіз әдемі қисындарды табады екенсіз. Жаныңыз романтик болар.

- Қайдағы романтика?! Жәй, ойламаған жерден мән бергендіктен болар. Адам мінезінің – табиғатпен ұштас екенін бұрын байқамаппын.

- Жобамда, тағдырлас болған жандарды іздейсіз-ау деймін?!

- Іздегеннен не шығар дейсіз?! Жәй, өткен күндердің елесін іздеген әурешілік қой...Екеуі де үнсіз қалды. Кешегі күнге дейін бір қалада, бір аумақта өмір сүрген бейтаныс адамдардың, бір шеңберге жиылып, ішкі ойларының түйіскен тұсы адам сенгісіз жайт еді. Екеуінің де ішкі жанайқайлары бұлқынып шығарға жол іздеп, тілдесерге жан іздеген жалқы жүректер еді. Қамалдың алабұртқан жүзінен өз жанын жегідей жеген дәрменсіздікті көрген Гүлдариға, әйелдік нәзік жүрегімен, көңілін аулауға жол іздеді.

- Сіз айтпасаңыз, күнде көріп жүрген жапырақтарда мінез болады деп ойламаппын. Егер қиналмасаңыз...Жансыз жапырақтарды неге адамның мінезіне салыстырғаныңыздың себебін айтсыз ба?!

- Себебін дейсіз бе?! Ол сізге қызық бола қояр ма екен?!

- Неге болмасын?! Алдымен айтып көріңіз.

- Айтқанда...Менің тіршілігім әйелге тәуелді болды десем сенер ма едіңіз?!

- Әрине, сенемін. Тіршіліктің түбірі - әйел мен еркектен тұрмайды ма?!

- Дұрыс, әрине. Әйтсе де, менің тағдырымда маңызды орын алған үш әйел болды. – деп, “не айтар екен?!” деген оймен Қамал көзіне түскен күннен қалқаланамын деп, бетін бұның иығына тақай түскен Гүлдариғаға қарады. Аңысын аңдағандай кейіп танытқан Гүлдариға, тәттіге қызыққан балаша, құлағын төсеп, еміне тыңдай бастады. Айтайын деген әңгімесіне қасындағы әйелдің қарсы еместігі Қамалға дем бергендей, жөткірініп алып әңгімесін жалғастырды. “Қалай басталып еді?! Иә, Сәлимадан басталып еді-ау?..”

- Мен өзі туа бітті осы қалада өмір сүрген адаммын. Жас кезімде біраз уақыт сыртта болғаныммен, айналып өз қалама оралдым. Мына кәрі емен менімен тағдырлас десе де болғандай. Алғашқы махаббатымды, Сәлиманы осы ағаштың түбінде кездестіргенмін. Ол кезде бұл ағаш та жас еді. Көктемгі май мерекесі күні жастар боп жиналып осы саябаққа серуенге келгенбіз. Аспан аядай ашық еді. Кенеттен күн бұлттанып, көзді ашып-жұмғанша аспан тарсылдап, найзағай шатырлап, жауын құйды да кетті. Мен ешқайда қашып үлгере алмай, осы еменді кеп тасаладым. Қарасам, менен де басқа бір талдырмаш қыз паналап тұр екен. Екеуміз төбеден құйған жауыннан тасалаймыз деп бір-бірімізге иық тірестіре тақалғанымызды байқамай қалдық. Тап сол сәтте анау айтқан ештеңе бола қоймағанымен, бейтаныс жас қыздың иықтаса тұрғаны әсер етпей қалмайды екен. Байқаймын, ол да маған көзінің астымен ұрлана қарап қояды. Алдында ренжіген жаңбырыма, енді керісінше, қуана бастадым. Себебі, қасымдағы қыз киіктің лағындай сүйкімді екен. Егер, күн жаумаса – қыз да жоқ еді. Іштей жауын жауа түссе деп тілеп тұрмын. Көктемнің жауыны қайбір созылып қарық қылушы еді, жауын да бітті. Іштей қатты өкінгеніммен, қимылдауға қорқып, үнсіз тұрмын. Қыздың да қимылдайтын түрі жоқ. Бұнысы маған ұнады. Тілімді жұтып алған немеше қанша уақыт тұрғанымды кім білсін, - Жауын тоқтады білем.- деген қыздың үні есімді жиғызды.

- Демек, алғашқы қадамды қыз жасаған болды ғой,- деп Гүлдариға жымия қарап, молынан әңгімеге қанғысы келген адамша, саусақтарын айқастыра, жайласа түсті.

- Туасы қыз деген халық өте сезімтал емес пе?! Менің бұзаудай мөлиген көздерімнен, тілімнің байланып  тұрғанын сезсе керек. Оны кейін өзі де айтып, мәз боп күлетін. Қыздың сөзінен кейін жауап қатуға мәжбір екенімді мойындап; - Иә, тоқтады.- деп төтесінен қойып қалдым. Маған үңіле қараған қыз, ештеңе шықпасын сезгендей, орнынан жайлап қозғала бастады. Қасымнан ұзай бастаған қызды көріп есімді зорға жинап, соңынан тұра жүгірдім.

- Әрине. Өйтпесеңіз қыздан айырыласыз ғой, - деп Гүлдариға көздері жайнай түсіп, тыңдай отырып сөзге араласып қояды.

- Қысқасы таныстық. Аты – Сәлима екен. Институттың соңғы курсында оқиды екен. 

- Сіз ше?! Сіз ол кезде немен айналысатын едіңіз?

- Мен де соңғы курста оқитынмын. Мінезі өте тік. Ойын атып салатын, бірақ, иілгенге – көл мінезі бар қыз екен. Көңіліне тисең бітті, ашуы қайтамын дегенше ай өтеді.

- Негізі сондай мінездерге өте қызығамын.- деп Гүлдариға күрсініп салды.

- Неге? Ай бойы торсыйып жүргеннің несі жақсы?

- Кейде сол да жақсы ма деп қалдым. Жәрайды, әрі қарай жалғастыра беріңіз. Құлағым сізде.

- Һімм...Не керек, екеуміз дипломымызды алған күні үйленіп тындық.

- Тоқтаңыз. Сіз біртүрлі...Үйленген сияқты емес, жазаға кесілгендей айтқаныңызға жол болсын?

- Шындығында жазаға кесілмегенмен де, соған маңайлас тіршілік басталды. Мен жас кезімнен қоғам ісіне белене араласып, қайда жүрсем де қым-қиғаш оқиғаның ортасында жүргенім. Ол болса менің жүрген ізімді аңдитын мінез шығарды. Алдымен бірі, соңынан екінші қызым дүниеге келді. Әйелімнің мінезіне етім өліп кеткені сонша, кейде әйелімнің айқайын естіп отырып, естімеуге үйреніп алдым.

- Біріңғай мінездеме.

- Кешіріңіз, не дедіңіз?!

- Әйелі туралы еркектерден берілетін біріңғай мінездеме деймін.

- Жо-жоқ, сіз дұрыс түсінбедіңіз.

- Дұрыс түсіндім. Әдетте еркек шіркіндер, әйелдерін қызғаншақ, қолынан түк келмейтін дөрекі етіп көрсетуге тырысады.

- Керісінше. Менің әйеліме достарымның көбісі ынтық болатын.

- Көрдіңіз бе?! Демек, жақсы жағы да жеткілікті болды ғой?!

- Әрине. Егер, жақсы жағы басым болмаса онымен бірге тұрмас едім ғой. Бір қызығы, осы күні әйелім екеуміз екі қалада тұрамыз.

- Қалай?!

- Таң қалатын ештеңесі жоқ. Құжат бойынша ерлі-зайыптымыз. Іс жүзінде бөлек тұрамыз. Екі жақ осы шешімді дұрыс деп қабылдадық.

- Қызық екен?! Қартайған шақта адам деген бірге болуға тырысатын еді...Сіздер керісінше...

- Жалпы менің өмірімнің ағысы керісінше болды десем жаңылыспаспын деймін. Әйелімнің қонақжайлығы, келіп-кетім достарымды қабылдауы, бәрі, бәрі жаман емес. Тек...Екеуміздің арамыздағы құз жылдан-жылға ұлғая бастады. Оның үстіне...

- Сіз басқа әйелді кездестірдіңіз. Солай ма?!- деп Гүлдариға сынаған көзбен Қамалға тесіле қарады.

- Оны сіз қайдан білдіңіз?!

- Жобасы соған кеп тірелді  емес пе?!

- Иә...Айымды кездестірдім. Үріп ауызға салғандай жап-жас қызды көргенде есімнен тана ғашық болдым. Жас кезіңде жастық жалынмен көп нәрсеге мән бермейді екенсің. Есейген кезде кездескен сезімнің шоғы қарып түседі екен. 

- Араңыздағы жас шамасы қанша жыл?!

- Отыз жас.

- О?! Мынауыңызға сене қояр ма екем?! Отыз жас дегеніңіз, әкесімен жасты кісіге жас қыздың еліге қоюы?..

- Сіз маған сенбей отырсыз ба?! 

- Тоқтаңыз. Бәлкім ол қыз сіздің қоластыңызда, немесе, қалай десем екен...Сізге деген мүдделігі болды ма?

- Мүдделі деп айта алмаймын. Бірақ, менің қарамағымда қызмет атқаратын. Сіз маған күманданып отырсыз ғой деймін?! Жо-жоқ, ешқандай зорлық болған жоқ. Қайта қыздың өзі мені қалады.

- Ерте есейген қыз болды ғой.

- Неге олай дейсіз?

- Өзінен отыз жас үлкен еркекті...Қызметі бар еркекті қалағаны, ол қыздың тіршіліктің қыспағынан қашып, құтыларға жол іздегені.

- Сіз тым қатал екенсіз. – деп Қамал түйіліп отырып қалды.

- Кешіріңіз, мен өзімнің сараптамамды айттым. Пікірімді тықпалағаныма кешірім өтінемін. Қаламасаңыз айтпай-ақ қойыңыз. Біз де тіршілік шіркіннің талқысын көрдік қой. Кешіріңіз, мен жәй әшейін, өмірден түйгенімді айтқаным ғой... – Гүлдариға орнынан тұрып, кетуге ыңғайланды. Қамалдың тырс етке дыбысы естілмеді. Артынан қайырыла дыбыс шықпаған соң, Гүлдариға жәйлап басып ұзай бастады. Қасынан ұзап бара жатқан Гүлдариғаны тоқтатқысы келгенімен, іштей бір дүмпудің әсерінен Қамал тоқтатпады. “Апыр-ай, құтыларға жол іздегені деді ме мына әйел?! Неге олай деді?! Ол мені сүйеді ғой?! Сонша жылдан бері алдауы мүмкін емес?! Әлде, мына әйел бірдеңені сезеді ма екен?!” деген ойлар Қамалдың жүрегін алау-далау етіп, кенеттен тынысының тарылып, көздерінің қарауыта бастағанын байқады. Жалма-жан қалтасындағы құтысын алып, бір түйір дәріні тілінің астына тастап үлгерді.

                        ***

   Кеше кешкісін басталған жауын, түнімен тоқтамай құйды. Таң алдында ғана саябыр тауып, таңертеңгілік күннің көзі ашылып, күздің күрең симфониясы басталған кез. Үстіне жеңіл пальтосын киген Қамал, қолындағы таяғымен асфальтты тықылдататып, саябақтағы орнына жақындап келеді. Қолтығы тола бүктелген газетке мән бермей, сүлесоқ қалыпта, әдеттегі орнына автоматты түрде кеп отыра кетті. Қолтығындағы газетті алуды ұмытып кеткендей. Таяғымен алдында үйіліп жатқан жапырақтарды төңкерістіріп, бейне бір арасынан жоғалтқан затын іздегендей сапырылыстыра бастады. Қызып кеткені соншалық, есесі кеткендей еселете сапырылыстырып, желпілдеген жапырақтарды сабалай бастағанын сезбей қалды. Қатты қимылдан қолтығынан сыпырылып түскен газеттер, жапырақтарды құтқарғысы келген жанша, алдындағы күллі жапырақты жаба, жайылып шашылды. Алдына шашылып түскен газеттерден есін жиған Қамал, мына ерсі қылығын ешкім байқап қоймады ма екен деген оймен жан-жағына ұрлана қарады. Құдай сақтағанда ешкім көзге түсе қоймады. Шашылып жатқан газеттерге тесіле қарап отырды да, алу керектігін түсініп, еңкейіп, газеттерді біртіндеп жинай бастады. Үйілген газетті қасына тастай салды. Күнделікті әрбір әріпін қадағалап оқитын газетіне енжар көзбен қараған Қамал, басын шалқайтып, кәрі еменге көз салды. Түсе-түсе жапырағы да азайған кәрі емен, Қамалдың жан-дүниесін сезгендей еш қимылсыз, селт етпестен тына қалыпты. Әшейінде заулап түсіп жататын жапырақтары шыбықтарға жармасып, бір-бірімен үнсіз сыбырласып, бұның жан-дүниесін түсінгендей қабақ танытты. Түнімен жауған жаңбырдың суы кәрі еменнің бойына әбден сіңіп, таңғы салқын ауаға тоңғандай, бет қабыршықтары қарақошқылдана түскендей. Түнімен көз ілмегені есіне түсті. “Неге сонша әбігерге түстім?! Неге ұйықтай алмай қалдым?!” деген ой тізбегінің соңына жете алмай, көзін жұмып, кешегі оқиғаға қайта оралғанын байқамай қалды. “Иә...Құтыларға жол іздеді деді ә?!.Кім біледі, бәлкім солай да болар?!” Өз ойынан өзі шошыған Қамал, көзін ашып, ауа жетпегендей қарманып, орнынан қозғалып барып отырды. Ұзақ жылдар бойы мойындағысы келмеген жәйттің ойына орала кеткеніне біржағынан іштей намыстанып қалғандай күйге түсіп, жүрегі тарсылдай соқты. Соңғы кездері Айымның үйіне барған кезде, сүйіктісінің есікті кірбиген қабақпен ашатыны есіне түсті. Үйленуге балаларынан бата алмай, қаланың ортасынан төрт бөлмелі пәтерді алып берген болатын. Өзінің келіп-кетуіне де ыңғайлы. Алғашқы жылдары бәрі армандағанындай ғажайып өмір болатын. Бұл қашан келсе де, Айымның зарыға, сағына күтіп отырғаны. Алғашында еріндерін бұртыйтып ашуланғанымен, көп ұзамай мойынына асылып, сықылықтай күлетін. Тек, соңғы кездері... Іштей дүдамалы болғанымен, мән бергісі келмеген жайттың астары қақырап, көбесі ашылғандай жүрегі талықсып, жанталасып дәрісін аузына сүңгітіп жіберді. “Иә, иә...Кіртиген қабағын көбіне басының ауырғанымен байланыстыратын. Бұл барғанда ғана басының ауруы кездейсоқ емес қой?! Сонда менің ұзақ жылдар бойы сүйгенім...Бәрін соның жолына тәрк еткенім заяда кеткені ме?! Әлде...Мен шынымен кәртайдым ба?! Алпыс бес деген көп жас па?!..Жүрегім құлшынғанымен, Айым үшін...әрине...Ол үшін қартайыппын-ау, ә?! Ойын ашық айтуға не кедергі боп жүр екен?! Не де болса бүгіннен қалдырмай сұрауым керек...” деген ойға бекінген Қамал, әлденені іздегендей жан-жағына қарады. Көзіне ешкім түсе қоймады. Түнімен көз ілмеуіне себепкер болған Гүлдариғаның көрінбеуі ашуын келтірді. Бақытсыз күйге түсуіне сол себепкер болғандай, көзіне түсе қалса бар ашуын алғысы кеп, орнынан тұрып, ерсілі-қарсылы адымдап жүре бастады. Бұны құтқарғысы келгендей, бұрылыстағы ағаш арасынан Гүлдариға көрінді. Баяу басқан бір тұтам әйелді көргенде, қуанарын, не қуанбасын білмегендей, Қамал бір орнында түйіліп тұрып қалды. Гүлдариға, бейне бір Қамалдың ішкі жан-дүниесін оқып шыққан жанша, отырғышқа үнсіз кеп отырды. Тіпті, амандаспады да. Әйелдің мына қаракетін неге жорырын білмеген Қамал, аңыра қарап біраз тұрды да, амалсыздан амандасуға мәжбүр болды.

- Есенсіз бе? – деп ернінің ұшымен ғана жауап берген Гүлдариғаның жауабы бұған мазақ сияқты көрініп кетті.

- Иә, жәйлі жатып, жақсы ұйықтадыңыз ба?!- деп шымши сұрақ қойғанын Қамалдың өзі де байқамай қалды.

- Таң атқанша көз ілмедім.- деген Гүлдариғаның жауабына Қамал, еріксіз аңырая қарады. Әйелдің жүзін барлай қарап, кіртиген қабағынан шындықты көргендей болды. Сұрарға сұрақ таппай, әйелдің қасына отыра кетті. – Сіздің де көз ілмегеніңіз көрініп тұр. Бәріне мен кінәлімін. Кешіріңіз.- деп Гүлдариға, айыпты жүзбен бұның көздеріне бұрылып қарады. Сыры кетсе де, сыны кетпеген әдемі әйелдің жүзінен торлаған қасіретті  көрген Қамал, бар ашуынан айырылып, әбігерге түскенін байқамай қалды.

- О не дегеніңіз?! Оқасы жоқ...Сол құрғырды бастаған өзім ғой...өзім...-деп бар кінәні мойнына ала жалпақтай бастады. – Сіз?! Сіз де соған бола шынымен көз ілмедіңіз бе?!

- Иә.

- Оу...Сізге жол болсын?!

- Сіз маған сеніп жүрегіңіздегі сырыңызды, құпияңызды аштыңыз. Мен болсам...Ақымды сізден алғандай болдым. Кешіріңіз. Өз басымдағы бақытсыздықты сізден көргендей болғандығыннан болар.

- Бақытсыздықты?!

- Иә...Бұл сөз сізге таңсық емес болар. Адам Ата мен Хауа Ана жаратылғалы бері бақытсыздық деген шіркін мына біздермен жағаласып жүреді дейді ғой. Кім біледі?! Егер бақытсыздық басым түспесе “бақыт” деген ұғымды қабылдамай кетер ма едік?! Сіз маған таңырқап отырған боларсыз?!

- Жо-жоқ, сіз күтпеген жерден...

- Кеше ғана менің бетіме басқан едің, енді кеп бұлбұлша сайрайсың демексіз бе?!

- Сіз өзі көріпкел болдыңыз ғой?!

-Қайдағы көріпкелдікті айтасыз?! Сіздің көңіл-күйіңізді түсіну үшін көріпкелдіктің қажеті шамалы. Мен жәй...Қасірет торының қаншалық ауқымды екеніне әрдайым көзімді жеткізетінімді айтамын. Мен көбіне; “Жер бетінде бақытты адамдар көбірек. Менен басқа адамдар өз бақытын кездестіреді” деп ойлаушы едім. Әрине, бұным жас баланың шатпағы секілді. Бірақ...Жасымыз келгенімен, жанымыз әлі сөнбегендіктен бақытты сәтті аңсаймыз. Солай емес пе?!

- Әрине...Кеудеңде шырағың сөнбеген соң, жас мөлшерін мойындағың келмейді екен. Әттең...Төлқұжаттағы жастан асып кете алмаймыз ғой?!- деп Қамал, әйелді көңілдендіргісі келгендей күлді. Бұның күлкісі әйелге әсер ете қоймады. Тіптен, селк етпеді де. – Кешіріңіз, артық сөз айттым ғой деймін?..

- Жоқ, шындықты айттыңыз. Ол шындықты тек біздер...алпысты алқымдап, жетпіске желкелеп кетіп бара жатқандар түсінеміз. Жастар, әрине біздің сөздерімізге күледі. Өйткені жастықтың өзі – күлкінің көмбесі емес пе?! Сіздің жаныңызға тигеніме өзім де қатты өкіндім. Әркім өз білгенінше бақытын іздейді. Оның еш сөкеттігі жоқ. Әлсіздер...Мен сияқты көнпіс келеді.

- Сіз неге өзіңізді жерге соғып сөйлейсіз?! Әлде?!.

- “Сіз де бақытсыз ба едіңіз” демексіз ғой?!

- Мен олай дегенім жоқ.

- Тіліңіздің ұшында тұрған сөзді көру қиын емес. Иә. “Бақытсызбын” деу артық болар, бірақ, жетісіп тұрғаны да шамалы. Мен – Сәлимамын.

- Кешіріңіз?!

- Иә, сіз айтқан бірінші әйел, Сәлимамын. Жо-жоқ, Сәлиманың нақты өзі болмағанымен, Сәлиманың кебін киген әйелмін. Менің де күйеуім, отыз жыл отасқан күйеуім, басқа біреуге...жас қызға кетіп қалған. Мінеки, менің бар тарихым осы. – деп, Гүлдариға өзінің кеудесін кеулеген бар сырын жайып салғанына ыңғайсызданғандай, қалтасындағы дәрісіне жармасты. Қолына алған құтысының қақпағын аша алмай әбігерге түскен әйелдің күйін түсінген Қамал құтыны алып, қақпағын ашып, бір түйір дәріні Гүлдариғаның алақанына салды. Дәріні жалма-жан тілінің астына сүңгітіп жіберген әйел, көздерін жұмып, үнсіз отырып қалды. Бұдан әрі әйелді мазалағысы келмеген Қамал үнсіздікті бұзбай, қолындағы құтыны айналдырып, ойға батты. – Неге олай?! – деген Гүлдариғаның сұрағынан селке ете қалды.

- Нені айтасыз?

-Сіздер...Еркектер...Неге отыз жыл отасқан жарларыңызды оп-оңай тастап кете бересіздер?!

- Неге оп-оңай деп ойлайсыз?! 

- Әйтседе тастап кеттіңіздер ғой?!

- Кім білсін?! Сол сәтте алдыңда күтіп тұрған бақыттан айырылып қалатындай жанығасың. Кейде, болашағың енді басталғандай көрінеді. Шындығында, бақытыңды енді тапқандай күйге түскендіктен болар. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын жайттар да бар ғой. Мүмкін еркек жарықтықтардың әлсіздігі болар...

- Өз мінін мойындаған еркекті алғаш рет көруім. Сізге рахмет. Әлсіздік жайлы әділ айттыңыз. Осы сөзіңіз үшін сізді кешірдім.- деп Гүлдариға, Қамалға жымия қарады. Өмірде әйелдің күле қараған көзінен сиқырлы не бар екен?! Жаңа ғана қасірет кешіп отырған Гүлдариғаның жанарында, жанын егеген көңілсіздікті серпіп тастағысы келгендей үміт шырағы жана қалыпты. Кенет, қасында отырған әйелдің бүкіл болмысы ерекше сұлуланып, бұның жан-дүниесімен ұштасып жатқандай сезінді. Сәл уақыт бұрын түтіп жегісі келген әйелдің, жанын егеген жанжарасын мейірімді бір ғана қараған көздерімен жұмсартып, жүрегін сыққан дәрменсіздікті жәй ғана жымиғанымен жылытқанына таңырқай қараған Қамал, бойын кернеген беймағылұм сезімді өзі де түсінбей, бей-жай күйге түсті. “Апырым-ай, мына әйелдің жан сұлулығын бұрын қалай байқамағанмын?! Бәлкім, мен іздеген жансерігім осы ма екен?! Өзі не деп еді?..Иә,иә... «Күйеуім тастап кетті» деген еді ғой?! Демек...” Ішкі ойын Гүлдариға сезіп қалмады ма екен деген күмәнмен көзінің қиығын жәйлап әйелге тастады. Жоқ. Гүлдариға да өз ойына шомып, көздерін жердегі жапырақтардан алмай, қадалып қарап қалыпты. Көптен бері сұхбаттасарға жан таппай жүргенде кездескен Қамалдың, дауласа отырып жөн сөзге келе білетін мінезі Гүлдариғаға да ұнағандай. “Неге үнсіз қалды?!” деген оймен жәйлап қасында отырған Қамалға бұрылған Гүлдариға, оның шалқая түсіп, кәрі еменге үңіле қарап отырғанын көрді. Қамалдың көзі қадалған жаққа Гүлдариға да еріксіз мойын бұрды.    Екеуінің күйін сезгендей кәрі еменнің бұтақтары күзгі ауаның ырғағымен жәйлап сыбдыр қаға бастады. Бағанадан бері тырс етіп жерге түспей қалған жапырақтар, дирижердің таяқшасынан жарлық алған оркестірше жапырлай ұшып, өз симфониясына кірісті. Күзгі саябақтың сырлы сазын тыңдап екі жүрек үнсіз отыр. Әрқайсының жүрегінде сырқыраған сағыныш, өз симфониясын тереңнен тартып, қыл пернесін баса түсіп, жан дауасын табуға жанталасуда...

Сайлаубай Жұбатырұлы: «Рухани ахуалымыз кінәратты»
Тілдесу
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу