Арам қанымды соратын басымда биттердің болмағанын қарашы
Марқұм жазушы Аягүл Мантайдың "Құстар қайтқанда" әңгімесі:
Біз тұратын бірінші көшенің бойымен қаздай тізіліп мектепке кетіп бара жатқан оқушыларды көзбен ұзатып салып, қызыға қараймын. «Мектепке қашан барамын» деп қиялдаймын.
Әкемнің ағасының Сәкен деген ұлы бар. Ағам мектепке барғанда қиғылық салып, көзімнің тостағанын жудым. Бірінші сыныпқа барған ағам бір-ақ күнде есейіп кетіп, менімен біраз күнге дейін ойнамай қойды. Сәкен – бірінші көшедегі өзі құралпы балалардың атаманы.
– Сәкен, доп ойнайықшы, – деймін жалынып.
– Ойнамаймын. Сабағыма дайындалуым керек.
– Жүр, кеттік. Комбайнға мінеміз.
– Айттым ғой саған, ойнамаймын. Сабаққа дайындалмасам, мұғалім саған емес, маған ұрысады. Әй, бірақ сен не білесің?
– Сәкен, дәптеріңді ұстап көрейінші.
– Кірлеп қалады.
– Сәкен, қарындаштарың-мен Боранның (күшігіміздің аты) суретін салайыншы.
– Қарындашым сынып қалса, ертең сурет cала алмаймын.
«Маған мұғалім қашан ұрысады екен?»
– Сәкен, мұғалім неге ұрысады?
– Жаман оқысаң, әрине, ұрысады.
«Осыдан мектепке барайын-шы, тек бес деген баға аламын».
– Жоқ, Мәкіш апай мені ұрған емес. Кеше Қазанбасты сабақта тыныш отырмағаны үшін бір сағат аяғын көтерткізіп, бұрышқа тұрғызып қойды.
«Ой, оқушы болу неткен қиын еді?!»
– Мектепте балалар төбелесесіңдер ме?
– Мектепте төбелесуге де, жаман сөз айтуға да болмайды.
«Үйде кіші атамнан жаман сөз айтқаны үшін таяқ жеп жүретін менің ағатайым қалай тез арада тәртіпті бола қалған?».
Оның бетіне сенімсіздене қарап:
– Сен сонда шынымен ешкіммен төбелеспейсің бе? – деп сұраймын.
Өйткені оның сотқар екенін, төбелес іздеп, аласұрып тұратынын білем ғой.
– Сабағыма дайындалуым керек, үйіңе бар, – дейді ол қабағын түйіп.
«Шіркін, Сәкеннің әдемі қарындаштарымен сурет салып көрер ме едім».
Әкем берген жиырма тиынға Сәкенге балмұздақ әперуге уәде беріп, оның қарындаштарымен сурет салу бақытына ие болдым. Сәкенге балмұздақ әперуін әпердім-ау, жылап, жартысын өзім жеп алдым. Уәдесінде тұрмаған маған Сәкен қарындаштарын ұстатпайтын болды. Мұз балмұздақ әкеп, тағы да қарындашын сұрадым.
Бетіме сенімсіздене қарап:
– Жылап жүрмейсің бе? – деп балмұздақты сүйсініп жей бастады.
Сәкенге қарап тұру қандай қиын еді. Ернімді жалай бастадым. Қарап тұруға шыдамым жетпеді.
– Бір жалайыншы, – дедім жалынышты үнмен.
– Бір тісте, сосын қайтып сұрама, – деген Сәкеннің жомарттығына разы болғаным сондай, мұздай балмұздақты үлкен етіп тістеймін деп, тісімді қарып, балмұздақты жерге түсіріп алдым. Топырақпен араласқан балмұздаққа қарау – біреу жеп тұрған балмұздаққа қарап тұрудан да қиын екен.
Ызаланған Сәкен:
– Ботқа, неткен қопалсың! – деп, басымнан он рет шертті. Әдеттегідей «опера» айтпай, жазамды үнсіз көтердім.
Сәкен бетіме таңдана қарап:
– Ботқа, неге жыламайсың, жыла! – деп сілкілей бастады.
Сонда да міз бақпай, тіс-теніп, жыламадым. «Тыриған арықпын ғой, Сәкен неге мені ботқа дейді?» деп ойланып көрмеппін.
– Қырсық, – деді мені жылата алмай шаршаған Сәкен.
Бір айдан кейін баяғыдай ағам мені ойнауға өзі шақыратын болды. Таңертең ұйқысын қимай: «Бүгін сабаққа бармай-ақ қояйыншы», – деп апасына жалынып жүретін оған жаным ашып, оның орнына барып, сабақ оқып келгім келеді. Сәкеннің сөмкесін арқалап, сабаққа барар едім, әттең, мектеп формам жоқ, әдемі топлиым да жоқ. Бір жазда аяғымдағы жалпақ, сары жолағы бар аяқкиімнің үшеуін тоздырдым.
«Мықты тігілген», – деп шешем дүкеннен тек осы тәпішкені әпереді.
«Ботқа» деп жыныма тигені аз болғандай, Сәкен:
– Тірәктір аяқкиіміңді киіп, мектепке барсаң, балалардың бәрі күледі, – деп мазақ етеді.
Бұл құрғырдың дүкенде барлық жасқа арналған түрі бар. «Трәктір аяқкиімім» ұнамайды, әрі бір аяқкиімді кие беруден жалықтым. Аяғымдағыны тоздырсам, осы жолы басқа аяқкиім әперетін шығар деп доп тебемін. Одан қалса, әдейілеп аяғымнан шешіп алып, цементке ақым кеткендей ұрамын. Өткенде судай жаңасын пышақпен тілгілеп, жыртып тастадым. Көріп қойған мамам ұрсып, әкеме тіккізіп, қайта кигізіп қойды. Мектепке жыртық аяқкиіммен барсам, балалар түгілі, мұғалім де күлетін шығар?! Ол кезде күндердің күнінде мектепке әжемнің кебісін сүйретіп баратынымды білмедім, әрине.
***
Үстіме көк көйлегім мен ақ фартугімді асығыс киіп, аяғыма не кигенімді байқамаппын. Сыныпқа кіріп келсем, бала-лардың бәрі жырқ-жырқ күледі. Неге күліп жатқанын түсінбеймін.
Таңқы Ораз:
– Мәәә, безгелдек, мынау менің әжемнің кебісі ғой, ақ түймесінен танып тұрмын. Түймені өзім қадағанмын. Менің ескі сары жейдемнің түймесі. Әжем өткенде тойға барғанда ұрлатып алған болатын. Сен өзі ұры екенсің ғой. Жаныңның барында әжемнің кебісін шеш, – деп бұйырғанда қорланып жылап жібердім.
Біздің ауылдың кемпірлері кебісіне малға ен салғандай белгі соғады. Олардың кебісінен қызыл-жасыл түймелерді көре қалсаңыз, сәндік үшін безендіріп қойған деп ойлап қалмаңыз. Тойға барғанда, сөзімен айтқанда, «әдірем қалғыр кемпірлер өздерінің ескі кебісін жаңа кебіске айырбастап әкетеді». Пысық әжем Әтіргүл кемпірдің жаңа кебісін пайда көрді ме екен, әлде көзі нашар көретін болғандықтан байқамай киіп кетті ме екен, кім білсін?!
Пайда көрді дейін десем, әжемде кебістің түр-түрі бар. Әкем мен кіші атам базарға барған сайын әжеме көйлек, мәсі, кебіс, науат әкеледі. Қара кемпір балаларының пейіліне разы. Базарлап қайтқан баласынан: «Көкнәр әкелдің бе?» – деп сұрайды. Базарда насыбай сататын өзбек шал жасырын көкнәр сататын. «Апа, ұмытып кеттім», – десе, «Әй, жүгермек, жаман шүберектерді жиып келгенше, көкнәр әкелмедің бе?» – деп ашуланады. «Бұл жүгермек мені өлсін дей ме-ей», – деп қапаланып, жаңа көйлекті лақтырып тастайтын. Сәлден кейін әжем үйге келген кемпірлерге: «Балаларым қаладан көйлек әкеп берді», – деп әлгінде лақтырып тастаған шүберекті аялап ұстап, мақтанып отыратын.
Мектепке кебіс киіп келгенім емес, сол кебісті біреудің иеленіп, «ұры» дегені жанымды ауыртты. Жылап жібердім. Әй, менің жылап тұрғаным не? Таңқының сазайын беруім керек емес пе?!
Бір білетінім, кемпірлер Әтіргүл әжейді онша жақтыра бермейтін. «Қолының сұғанағы бар» дейтін. Баламын ғой, үйге кемпірлер келгенде әжемнің қасында әңгіме тыңдау үшін емес, кәмпит жеу үшін жайғасамын. Әжем мен кемпірлердің әңгімесі қыза бастағанда тәрелкедегі тола кәмпитті қалтама уыстап салып, тек науатты қалдырамын да далаға қашамын. Көзі нашар көретін әжем бұл «ұрлығымды» байқамай ма, әлде кәмпитті кемпірлер жегенше, менің жегенімді теріс көрмей ме, ескерту жасамайды. Сол сүйікті әжемді Таңқы қорлап тұр ғой.
– Сенің әжең – сұғанақ, – дедім.
Шынымды айтсам, ол кезде бұл сөздің мәнін түсінбейтінмін.
– Немене? Немене? Менің әжемді кім дедің? Қайталап айтшы.
– Сұғанақ! Естідің бе, сұғанақ!
Ол да бұл сөздің мәнін шамасы түсінбейді. Бірақ жаман сөз екенін сезіп тұр.
– Ал сенің әжең – ұры, – деп тілін шығарды.
Осы кезде сыныпқа мұғалім кіріп келіп, мені аяқкиімімді ауыстырып келуге үйге жіберді. Болған оқиғаны әжеме баяндап бердім.
Әжем ақ түскен көзін ора-малымен сүртті де, бетіме тесіле қарап:
– Үлкен кісіні сыртынан «сұғанақ» дегенің дұрыс болмаған. Кебісім Әтіркүлдің кебісімен ауысса, ауысып кеткен шығар. Бұл дүниенің өзі ауыспалы ғой, шырағым. Жоғалған кебісімнің бәрін Әтіркүлдің аяғынан көрем. «Менің кебісімді киіп алыпсың» деп айтуға ұяламын. Ол кемпір біреудің кебісін әдейілеп ауыстырып алғанымен қоймай, үйіне барып, «кебіс ұрлаттым» деп байбалам салатын болып тұр ғой, – деп басын қинала шайқады. – Әй, сонымен, сен жаман, әжеңді ұры деп ойлап, намыстанып, жыладың ба?
Әжем күліп отыр. «Күлгені несі? Әтіргүл әжейдің ұрлығын бетіне басып, Таңқының сазайын бермей ме?». Қайран, сүйегі асыл әжем менің.
Ауыл аспанында тырналар геометриялық шеңбермен ұшып бара жатқан кезде Сәкен екеуіміз «Тырау-тырау, тырналар» деп бар даусымызбен айқайлап, «Құдайға айта баршы, әжеміз ауырмасын» деп тілек тілеуші едік. Тілегімізді естіген әжем мейірленіп, кәмпит беретін.
***
– Менің тентек қызым мектепке барса, атаман болады. Өткенде көршінің жиенін ұрып жатқан жерінен әзер дегенде ажыратып алдым. Жиен бала Айкадан екі жас үлкен, – деп әкем мені қайрап қойды.
– Сол да мақтаныш болып па? Қыз баланың ер баланы ұрғаны қайбір жақсылық дейсің, – деп шешем қабағын шытты.
– Менің қызым біреуге себепсізден-себепсіз тиіспейді. Сағызын біраз шайнап, қайтарып бермеген соң ұрған.
– Маймыл сағызымды жұтып қойды, – деймін сағызыма ішім удай ашыса да, әкемнің мақтағаны құлағыма жағып.
– Біреу шайнап тұрған сағызыңды алып, оны қайта берсе, шайнама, – деп тықақтайды шешем.
Аузыңдағы сағызды біреуге бере салғанның несі жақсы? Сыртында ақ қоянның суреті бар сағызды қалай қиясың?
Әкем айтатындай, мектепте атаман болмасам да, атаманға тән әрекеттер жасап жүрдім. Әйтеуір мен қатысатын ұрыстардың себебі көп. Себебі есімде жоқ, мақта алқабынан қайтып келе жатқан маған өзімнен екі сынып жоғары оқитын үш қыз жабылып, мені өрістен қайтпаған сиырын іздеп шыққан Рәтбек атамның кемпірі көріп қалып, әлгілер қашып кетті.
Мектептегі қорғаушым Сәкенге көзімнің жасын төгіп отырып, шағымдандым.
– Ұлдар болса бір жөн, қыздарды қалай ұрам? – деп ол менің кегімді алып беруден бас тартты.
– Қыздардан қорқады екенсің, сужүрек, – дедім тістеніп.
– Мамаң дұрыс айтады: «Сенің жүрген жеріңе шөп шықпайды», – деп ағам қолын бір сілтеп, кетіп қалды.
Көршіміздің сегізінші сыныпта оқитын Аққыз есімді қызы бар. Толық, қызылшырайлы, ақжүрек қыз. Жеңгелері сыртынан «семіз бикеш» деп атайды. Бала секілді сенгіш, аңқау. Әжесінің тәрбиесінде өскен ол «обал» деп бізден қалған тамақты соғып алады. Бір күні үйіндегі дәрілердің бәрін «обал ғой» деп ішіп қойып, бір ажалдан қалғаны бар. Сол Аққыздан көмек сұрап едім: «Басымды бит пен сіркеден тазартып бер, сосын ғана әлгі үшеудің сазайын беремін», – деп шарт қойды. Күнде бір рет әжемнің басын қарайтын маған бұл түк те қиын шаруа еместей көрінді. «Семіз бикештің» басындағы «фашистермен» күресу әсте жеңіл емес екен. Көзіңді жұмып, басын сипаласаң, қолыңа дәу қара бит ілінеді. Содан қойшы, «Семіз бикештің» басын бір жеті тазаладым. Есесіне, Аққыз екі қызды алдыма сүмірейтіп әкеліп, кешірім сұратқызды.
– Үшіншісі неге кешірім сұрамайды? – десем, Аққызым:
– Оның ағасы бар ғой, – деп сызылады.
Себебін кейін білдім, Аққыз әлгі қыздың ағасына ғашық екен.
Кәрі әжемнің басында ақ биттер болатын. Әжем ақ биттерін жебеуші періштесіндей көретін. Бір күн әжемнің басында бит болмай, ауыра бастады. Әжем: «Арам қанымды соратын басымда биттердің болмағанын қарашы» деп миды жеген соң, бит іздедік. Шешем басымды әрі қарап, бері қарап бит таппаған соң, «жұрттың қыздарында бар бит сенде неге жоқ?» деп күйіп-пісті. Басымда бит болсыншы, шешем жанымды шығаратын еді. Анам – үй шаруасына ұқыпты, үсті-басын таза ұстайтын жан. Қызының басы биттеп жүрсе, ұят емес пе?! Аққыздың қара биттерін әжемнің басына салып еді, «жерсінбей» өліп қала берді.
Сәкен: «Әже, ішетініңіз у (көкнәр), әрине, биттер уланып, өліп қалады» деп қалжыңдайды.
***
Жетінші сыныпта Сәкеннің мінезі қатты өзгерді. Мектептен киімдері алба-жұлба болып келетін. Өзінің айтуынша, «бірінші атамандыққа таласады». Сабаққа қатыспай, балалармен әжетхана маңында мұғалімдерден жасырып, темекі шегетін. Сәкен маған ересек адамдай көрінетін. Ұрынарға қара таппай жүрген ол: «Балалар тиіспей ме? Біреу тиіссе, өзіме айт. Көрсетем», – деп жұдырығын түйетін.
Бірде үзілісте арқама тарс етіп бірдеңе тиді. «Кітапты Инелікке лақтырып едім, саған тиіп кетті» деп Нұрбол қарап тұр. Ызадан көзімнен жас шықты. Жүгіріп барып, болған оқиғаны Сәкенге айттым. Сәкен достарымен қосылып, біздің сыныптың төрт-бес баласын ұрыпты.
«Маған тиіскен Нұрбол ғой, басқа балаларды неге ұрасың?» десем, «атаманның қарындасы екеніңді басқа балалар да біліп жүрсін дедім» дейді Сәкен күліп. Өзімді сол күні кінәлі сезіндім. Бірақ ешқайсынан кешірім сұрамадым.
Сәкен үзілісте бұрынғыдай нан сұрамайтын болды. Бірде дәлізде Сәкенді бар даусыммен айқайлап тоқтатып, «нан жейсің бе?» деп сұрадым. «Жоқ!» деді ызалы дауыспен. Үйге келген соң, «Қыздардың көзінше «нан жейсің бе?» деп ұялтқаның не? Нанды үндемей әкеп берсең болады ғой» деп ұрысты. Сәкен мен достары біздің сыныптың қыздарына хат жазып, сабақтан соң, клуб қасындағы саябақта отыратын. Кеше ғана бірге ойнап жүрген ағамды менен ажыратқан қыздарды жек көретінмін. Оларды мектеп бітіріп кеткенше жек көрдім.
«Тырау-тырау, тырналар, Сәкен екеумізді қайта дос етші».
«Тырау-тырау, тырналар, ағамды қайтарыңдаршы».
«Тырау-тырау, тырналар, әжем ауырмасыншы».
Сәкен әжемді айналшықтап қасынан шықпайтын. Әжем де Сәкенді «мейірімді» деп жақсы көретін.
Апам, яғни Сәкеннің анасы әжеме күнара кішкентай қазанға ет асып беретін. Әжемнен қалған тамақты Сәкен жалап-жұқтап соғып алатын. Әжем тың кезінде үлкен баласының үйінен кіші баласының үйіне, яғни біздің үйге етегіне салып картошка, пияз әкелетін.
Әкем:
– Апа, үйде картошка, пияз толып тұр. Оданда қазы, ет алып келсеңізші, – деп қалжыңдап, күлетін.
– Еттері қайда тұрушы еді? – деп сұрады әжем.
– Қоймада, жіпте ілулі тұрады. Бірақ сіздің бойыңыз жетпейтін шығар, – деді әкем.
Әжемнің арқасы бүкір еді. Байқаймын, кенже баласының сөзіне шамданып қалды.
– Бойы ұзын балаларды кім туыпты? – деп күңк етті ашулы әжем.
Бір күні әжем етегіне ет салып, аяғын ұрланып басып келе жатқанда «Әже, не әкетіп бара жатырсыз?» – деді арқа тұсынан келген Сәкен. Бұл кезде анам тамақ істеп, ошақ қасындағы ағаштың көлеңкесінде әкем екеуіміз әңгімелесіп отырғанбыз.
– Ой, жүгермек, мені аңдып жүрсің бе? – деп әжем қолындағы таяқпен арқасынан ұрды.
– Әже, ауырттыңыз ғой, жай ұрсаңызшы, – деп баж етті Сәкен. – Шандыр етті алыпсыз, өзіме айтсаңыз, биікте ілулі тұрған майлы еттен әперетін едім ғой, – деді қуланып.
Әжемнің жібігенін байқаған Сәкен:
– Кіші әкеммен бірге кәуап істеп жеймін, – деп жымың етті.
– Әй, етті сен үшін әкеле жатқан жоқпын, – деді зілі жоқ дауыспен әжем.
Сәкен:
– Сүйікті кіші балаңызға әкеле жатқаныңызды білем ғой, – деп күліп, етті көтеріп келді.
Кәрілік жеңген әжемді Сәкен екі үйдің арасында көтеріп жүретін. «Патшайым келе жатыр, қарсы алыңдар.
Ханшайымның алдынан шығыңдар» деп қалжыңдай-тын. Орамалынан ақ шашы желп-желп етіп көрінген әжем: «Әй, жүгермек, абайла, құлатып алма» дейтін. Әжем: «Сәкен, үйдің іші ысып кетті. Далаға шығар» дейтін. Далада сәл отырған соң, «Дала қапырық, үйге кіргіз» дейді. «Ойбай, мына үлкен үйдің іші жанып тұр. Тоқал тамға апар» деп бұйрық береді. «Тоқал тамы» – әжемнің үйінің алдындағы екі бөлмелі там. Әжем сәлден соң, «құрсын, мына жерде жанып тұр ғой, жүзімнің астына апар» дейді. Сәкен қабақ шытпастан әжемді әрі-бері арқалап жүретін. Әжем тоқсан алты жасында дүние салды. Сәкен «енді кімді көтерем» деп бәрімізді жылатты.
***
Мәскеуде тұрып жатқаныма алты жылдан асты. Мәскеу аспанында қаз-қатар тізіліп ұшқан тырналарды көрмедім. Бұл қаланың аспанында жұлдыз да жоқ.
Қиялымдағы тырналарға «Тырау-тырау, тырналар, Сәкен ағамды сағындым» деймін күбірлеп. Ағамды ғана емес, мейірімді сағындым.