Галстук. Пернебай Сапар

Oinet.kz 26-09-2022 4317

Баяғыда осы Ілияс екеуміз бір қызға хат жаздық. Он бес, жиырма үй арыда тұратын көршіміз болатын. Сурет дәптердің парағына қызыл сиямен «сағынышты сәлем хат» деп бастадық та, ары қарай еркін көсілдік, несін айтасың. Жазбағанымыз қалмады-ау деймін.

Screenshot_9.jpg

Түске дейін мектепте, кешке қозы қайырып, бұзау айдап жүргенін күнде көретін қызымыз еді. Соған, «аман есен денсаулықтың арқасында ойнап күліп жүрсің ба?» дегеніміз сәл дұрыс болмады. Қайтеміз енді, парақты толтыру керек болды да бізге. Ақыр соңында «ойнап күліп, үнемі қол ұстасып, ғашықтар сияқты дос болып жүрейікпен» бітірдік.

«Хат кімнің атынан жазылады?» деген мәселе оңай шешілді. «Мектепке бара жатса да, келе жатса да саған қарап өтеді» дегесін менің атымнан жазылды. Өзі үйім мектептің жолында болса, қаздаңдап бірге барып, бірге келіп жүрсем, «маған қарамағанда ағашқа қарай ма» деп айта алмадым. Ілиястың логикасы мықты болды ма, әлде хат жазғасын өзімді айрықша жігіт сезіндім бе білмеймін, тез көндім.

Хатты алып кеткен Ілияс кетпен ұстап қайтып келді. «Шарбағының сыртынан ысқырып ем, апасы шықты. Сасқанымнан мынаны сұрай салдым. Ғашығың әкеп берді, хатыңды беріп кеттім. Ертең жауабын әкелемін» деді лепіріп. Бірақ ертеңіне жауап келмеді. Шарбағының сыртынан ысқырған екен, кемпір шығып, «бізден басқа көршің жоқ па, айдалада жалғыз үй отыр мең е, аузыңның ішіне с…» деп жер жебіріне жеткен білем.

Пошталон досымның сапары сәтсіз болған соң, мен де махабаттан күдерімді үзіп тыныш жүргем. Үш төрт күн өтті ма өтпеді ма, әлгі сұлуым қарама қарсы жолықты да, «ертең азанда үйге келесің ба, бір өтінішім бар еді» дегені. Менде ес қалмады. Өмірімде бірінші рет қыздан шақырту алуым еді бұл. (Соңғысы да сол болды.) «Тұрақтыдағы Әппайдың ертең жетісі. Туысқандары ғой, апасы соған кетеді. Қызбен кешке дейін оңаша қаласың. Сені сол үшін азанымен шақырып отыр» деді Ілияс. Жарықтық осы досымның басы төртбұрыш болмай қалған, қарашы, қандай қиын мәселені оп-оңай шешіп тастады. Онымен қоймай «четки боп киініп баруың керек» деп екі кештің арасында әбігерге салып кетті мені.

***

Біздің заманымызда киім атаулы «мектепке киетін, үйге киетін» болып екіге бөлінетін. Алғашқы кездесуге өзгеше жаңалықпен барғым келді менің. Шіркін ол кездің үтігі қандай, тоққа сұғып қойсаң қызып кеп береді, джинси шалбарға қыр салдым мен ақымақ. Өзгеше болудың басқа түрін ойлап таба алмадым, қол да қысқа еді. Естеріңде шығар, сол жылдарды қытайдың бомази көйлегі қаптап кеткен. Қызыл, қара, көк түсті төртбұрыштары бар. Шешемнің сандығына ұрлыққа түсіп, соның біреуін тауып алдым. Әйтеуір жап-жаңа болғасын көңілім көтеріліп қалды оғанда. Дермантин туфлиді пісте маймен сипап жіберіп жалтыратып тастадым. Прошокпен бас жууға болмайтынын да сол жолы білдім. Бір уысын сеуіп жіберіп енді су құйып жатқанымды әпкем көріп қап, айқайлап жүріп ажыратып алды. Еріп үлгермесе де ашытады екен құрғыр. Жалпы алғанда кездесуге дайын едім, сонда да бірдеңе жетпейтіндей болды да тұрды. Шифонердің бұрышында аштан өлген жылан құсап галстук жататын, соны тағып барғым келді. Өзі де әкем үйленген жылы тағылған болу керек, көнетоздау еді. Галстук деген менің ұғымымда үлкен мәдениеттің, көргенділіктің, ақылдылықтың тағы сондай бірдемелердің үлгісі болатын. Галстук тағып барсам, ғашығым ерекше сүйсінетіндей көрінді де тұрды.

***

Сол түні ұйқы болмады. Қиял деген жүйрік қой, қызға не айтатынымды ойладым, оның маған деген сезімін білмекші болдым, қанша бала тапқысы келетінін… Общым, тойды қалаға үлкееен ресторанға жасайтын болдық, оған лимузинмен барамыз… Ех, шіркін-ай десейш.

Жұрт падаға сиырын шығарып жатқанда мен талтаң басып, ғашығымның үйін бетке алдым. Айналаның бәрі көршілер, мені көреді да, анау да мырс-мырс, мынау да мырс-мырс. Еркін марқұм галстугымды дұрыстап байлап берді, мен мақау тас түйін ғып байлағам ғой оны.

– Әкім боп кеткесің ба, – дейді Айжан жеңгей.

– Болса несі бар, бұл әкім болмағанда кім болады, – дейді Битас.

– Әкіміміз бомази көйлекке галстук тағып жүрсе жетіскен екенбіз да.

Махабаттың буына маспын, ондай-ондай қыртыңбай әңгімелерге мойын бұратын мен жоқ. Пісте майдың бір жаман жері қайдағы бір қоқым соқымды жабыстырып ылықтырып жібереді екен. Оған қыңқ демеймін, шешемнің жуып жайып қойған халатының етегін даладай қылып кесіп алғам. Әлсін әлсін сүртемін, сүрткен сайын аяғым жалтырап шығады, жалт-жұлт, жалт-жұлт.

Ғашығымның үйіне иттен қорықпай еркін кіргем, Әппайдың жетісіне кетті деген кемпірім «кеп қалдың ба айналайын» деп алдымнан шыққаны. Мен үшін бұл сұмдық көрініс еді. Түпкі бөлмеден қыз шықты да мені көріп, бетін басып зу ете қалды. «Ұялып кетті» деп ойладым, кейін білдім, оны күлкі қысқан екен. Әңкі-тәңкі боп тұрғанымда менен бір жас үлкен, бір жас кіші тағы екі бала кірді. Олар да қыздың өтінішімен келген болу керек, ерекше дайындығы көрініп тұр. Біреуінің үстінде ағасының адидасы, біреуі кәстөм шалбарда, бірақ галстук таққан мен ғанамын.

«Бір кетсе бәрі ізім-қайым құриды. Ауылда тірлік бар-ау, қарашадай қыз бен кәрі кемпір қиналады ау деген ой жоқ оларда. Қыста сирағын жағады дей ма бізді» деп кемпір өз алдына бұрқылдап жүр. Мен ептеп түсіне бастадым. Асар деген болатын ол жылдары. Асарлатып шөп жинаймыз, тезек илейміз, шешелеріміз киіз басса, жабылып кеп теуіп береміз. Мына қыздың екі ағасы қалада студент, әке шешесі де қалада сауда істейді, үйде кемпір мен екеуі ғана. Бұлардың азын аулақ малы бар, оның тезегін қысқа отын қылып дайындап алады. Бізді тезек илеуге асарға шақырған, ал мен оған галстукпен келіп тұрмын. Миқоқ болғасын осы да.

***

Қыр салған джинсы шалбарды тізеге дейін түріп тастап тезек илеп жүрмін. Қыркүйектің ыстық күні шекені қыздырып өтіп барады. Тер аннан да мұннан да кетіп жатыр. Бомази көйлек терлеген сайын қышытады екен. Порошокпен жуылған басым алмаспен тіліп, уксус құйғандай ашыды, амалым қанша шыдадым. Пісте майға тойып алған топлилерім анау тұр, ішіне нәскилерімді салып ап. «Тым құрыса галстугымды шешіп қойсам қайтер еді» деп ойлаймын осы күні. Хат жазайық деген Ілиясты, кездесуге шақырған қызды, кемпірді, тезек тастаудан басқаны білмейтін осы үйдің малын, бәрін бәрін ішімнен сыбадым-ай кеп.

«Сендердің қазір жұмыс пен тамаққа тоймайтын кездерің ғой, айналайындар» деп кемпір өзінше дем беріп қояды. Жұмысқа тойдырғанымен ауқатқа тойдыратын ойы жоқ, ашқарыным шұрқырап барады. Түнімен қиялдап ұйқыдан қалғаным тағы бар. Сол күнімнің азабы бүкіл ғұмырыма жететін еді.

Падаға кеткен сиырлар қайтқан кезде, солармен араласып мен де қайттым. Галстукпен тезек илегенім бүкіл ауылға тарап кеткенін кейііінн білдім. «Мені бүкіл дүниежүзі, әсіресе өзіміздің село жақсы таниды» деген қайран Дон Кихот, сенің аруағыңнан ұят болды-ау.

– Өз үйінде ою оймаған, кісі үйінде сызу сызыпты, – деді шешем мені көргенде. Әкей мырс етті. Халаттың айқайы өз алдына бөлек әңгіме. Тапшанға қол тіремей құладым, сол жатқаннан ертеңіне бір-ақ тұрыппын. Тұрғанда да бүкіл махабаттан, қыз атаулыдан баз кешіп ояндым, денем дел сал еді. Сүйіспеншілік хатымның алды да арты да сол болды, содан бері галстук таққан емеспін, қызбен де сөйлеспейтін болдым. (Әйелім сенбей күйдіреді осыған)

***

Қазір ойлаймын, мен ғой, ақымақ болған соң, галстук тақтым. Бірақ сол ақымақ қалпыммен-ақ көршіме қол ұшын создым емес пе. Ал қаншама депутаттар, министр, әкімдер саналы түрде қымбат галстук тағады, бірақ солардың көпшілігінің халыққа не көмегі тиіп жатыр? Тым құрыса көршіңе пайдаң тимесе қымбат қарғыбауыңнан не пайда? Кейде-кейде аздап ақымақ болған да дұрыс-ау осы деп ойлап қоямын. Көнетоз галстугым салаңдап тезек илеп жүргенім есіме түссе әліге дейін ит жыным ұстайды, құрып кетсінші, қызы да, галстугы де.

Пернебай Сапар

«Ең ұлы философия – сенім мен ырымда» – Мирасбек Нұрбол
Арам қанымды соратын басымда биттердің болмағанын қарашы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу