Қалмақан Әбдіқадыров. Қажымұқан (Повестен үзінді)

Oinet.kz 23-07-2020 6494

Қар күреген бала

   Ақпан-қаңтардың сақылдаған сары аязы. Қыламықтап қырау ұшқындап, барлық заттың сыртына мұздан сауыт кигізіп тұрды. Қызылжар қаласының орталық бір көшесіндегі қорада, үлкен сарайдың темір қақпасы кең ашылып, ішінен «ауппалаған» дауыс естіліп жатты. Бұл саудагер Иван Ногичтің қоймасы еді. Күзде сойылған малдың еті мен майы енді ішкі Ресейге жөнелтіліп, оны таситын 60 пар ат-шана жұмсайтын кіреші бай Орлий Масликов кіресін алып еді. Отыз пұт май құйып қатырған кеспекті он адам жабылып, орнынан қозғалта алмай жатты. Сарай ішіндегі дауыс – солардың үні.

   Қораны басқан қарды күреуге жалданған он алтыдағы жас бала сарайға қайта-қайта қарай берді.

   – Ей, сенің әкеңнің аты кім? – деді бүрме қара тонды қойманың басқарушысы.

   – Оны қайтесің?

   – Сұраймын.

   – Құда түсейін деп пе едің?.. Айтатыныңды айта бер, – деді кішкене қара көзін жымитты қараған бала.

   – Сен онда неге қарайсың? Қарыңды күре де, тиісті тиын- тебеніңді алып, құры. Бөгде нәрсеге бұрылып қараудың саған қанша керегі бар? Соншалық сарайдың есігіне қарай бересің…

   – Сен маған сонда не істеп жатқандарыңды түсіндірші.

   – Тау көтеріп жатыр.

   – Сонда сарайға кірген тау көтерілмей жатыр ма? Шуылдап, басымды ауыртты. Өздері адам ба, шөпті «сырғауыл көтеріп келдік» деген бақсының жыны ма?!

   – О-хо-хо! Мынаның сөзі отыз пұттан гөрі ауыр жатыр екен. Жібер сарайға, көтерілмей жатқанның не екенін көрсін, – деді тұлыпты көмілтіп киіп, қақпа аузында тұрған саудагер.

   – Ей, бар енді. Әне, мырза көріп тұр.

   – Көрсе немене… – деп қар күреген бала есік алдында тұрғандарды қаңбақтай қақтырып, сеңдей соқтырып, қаға-маға сарайға кіріп келді. Басқаны бөрліктірген аяз оған шыбынсыз жаз сияқты. Үстінде мақталы жыртық шапан, биялайын беліне қыстырып, баскиімін қолына ұстап, қимылдап жүрген кісілерге аңырая қарады. Тұрған орнынан жарты кездей ғана жерге әрең жылжыған кеспектің қасына жақындап, иығымен қағып, астындағы қалың тақтайды сықыр еткізді.

   – Көтерілмейтін тауларың осы ма?

   – Саған жеп-жеңіл көрініп тұр ма?

   – Әй, тәйірі-ай… Соны да сөз деп айтып тұрсыңдар-ау. Тау дегенге таңырқансам, бұл шелектей-ақ ыдыс қой. Он кісі жабылып, қаланы «ауппалап» бастарыңа көтеріп жүргендерің осы ма? Өздерің шетке ысырылып, тиейтін шанаңды есік алдына әкеле беріңдер. Әй, әдемі тұлыптылар, қалбалақтап жүріп, бір жерлеріңді қақтырып аларсыңдар, кейін қаш!

   – Мынаның сөзі қандай дөрекі! Қожайындарға қалай түйеден түскендей сөйлейді, – десті, мұртына мұз қатқан жұмысшылар.

   – Оны қоя тұр. Алдымен ауылдың алаңғасарының күшін көрейік! – деді іргеге қарай ысырылған екі мырза.

   Бала еңкейе беріп, кеспекті иығымен нығырақ тіреп қағып жіберді. Астына салған ломдар мен қада ағаштар шатыр-күтір етіп, біріне-бірі қағылып, бастары шошаңдасты да, отыз пұт тоңмай құйған кеспек екі-үш қаққанда желге ұшқан ебелектей домаланып, сарайдың есігіне барып та қалды. Шой табан екі зауыт атын жеккен жүк шанаға кеспектің қалай барып түсіп қалғанын тұрғандардың көзі шалмай да қалды.

   – Ей, мынауың не істеп жіберді?

   – Не істегенін көрмей тұрмысың? Оның орнынан қозғай алмаған кеспекті шанаға апарып салып қойды.

   – Айтайын дегенім ол емес-ау, қожайын, тегі осы кәдімгі адам ба?..

   – Енді кім?

   – Бір жақтан келген дию ма, пері ме, бірдеңе шығар өзі.

   – Не де болса, оның көтере алмағанды бір өзі көтере салды, жарайды. Міне, саған елу тиын, – деді май салған кеспектің қожасы.

   – Жиырма тиынды мен берейін, – деді Масликов кең, барқыт шалбарының қалтасына баржиған семіз қолын сұғып жатып.

   – Майлы бай, қанша қорбаңдасаң да, қолына бір сомдық сары шұнақ ілінбеді-ау, – деді екі бай бірін-бірі әзілмен қағытып.

   – Сен енді байыдың. Қар күрегеніңе тиын алма, – деді қораны күретіп жатқан қамбашы.

   – Уәделескен он бес тиынды әкел. Мен бай кісі емеспін, ол маған тамақ болады. Жетпіс тиынды ауылдағы тарығып отырған әжеме жіберем, – деді жалпақ қайың күрекпен шөмелеген қарды биік қорадан асыра атып жатқан, беті бұрқыраған термен буланған бала.

   – Орлий, сен мына қазақты қолыңа түсіріп ал. Кірекешіңе мұндай адам керек қой. Ол реті келгенде жиырма кісінің жұмысын істейді. Жотасына қарашы, буыны қатпаған бала, шойыннан құйған алыптардың ескерткіші сияқты…

   – Өзім де соны ойлап, жиырма тиын сыйлап тұрмын. Бірақ ол жиырма кісінің тамағын да ішеді ғой. Өзің айтқандай, буыны қатпаған бала, созыла беретін резеңке қанар сияқты болады.

   – Немене, саған үсіген картоп пен Есілдің сасыған шабағы жетпей ме? Бере бер астырып…

   – Иә, оның да есебін табармын. Қысы-жазы құмырсқадай шұбыртып, жүргізіп отырған кіреге мұндай күш керек. Әсіресе ұзақ сапарға таптырмайды.

   Бала қарын күреп болып, тиынын алған соң, Масликов қойын-дәптерін алып, балаға жымия қарап, әңгімеге кірісті.

   – Бала, сен қайдан келдің, ә?.. Мен білем, сен Қызылжардікі емес. Қай болыс, қай ауылдікі?

   – Ақмола облысы, Сарытерек болысы, Құрама ауылынан.

   – Әкеңнің аты кім?

   – Мұңайтпас Ернақов.

   – Өз атың кім?

   – Мұқан. Оны қайтесің?

   – Сенімен тамыр болғым келіп тұр…

   – Тамыр болып ат мінгізесің бе?

   – Жарайды, мінгізейін. Сен маған жігіт боласың, дұрыс па?

   – Болайын, айына не бересің?

   – Мен саған бәрін берем. Тамақ менен болады. Сенің киімің жоқ, киім берем, сондай айлық берем, айың бір сом сексен тиын.

   – Ей, тамыр, оның аз ғой. Рас, мен жұмыс іздеп келдім. Әжем, әке-шешем бар, кедей кісіміз. Ең болмаса, менің тапқаным солардың қант, шай, нанына жететін болсын, аздап қосыңқыра.

   – Менен басқа кісі саған сексен тиыннан артық бермейді. Мен сені аяп, үлкен жігіттерге беретін айлық беріп тұрмын. Оның үстіне мына алпамсадай денеңе, оны киіммен жабдықтауға, ішетін тамағыңа, екі-үш жігітке беретін қаржым артық шығатынын білесің бе?!

   Бала ойланып тұрып-тұрып, келісімін берді.

   Келешектегі әлемдік палуан Қажымұқан Масликовқа осылай келіп жалшылыққа тұрды.

***

   Мұқан Масликовтың үйіне келген күні жалпы кіреші жалшылар жататын жатақханаға орналасты. Сабан төселіп, пеш қойған сарайдың бір бұрышы тиді. Сонда түнеп шықты. Ертеңіне қожасы Мұқанды өз үйінің ауызбөлмесіне шақырып, отыз пұт кеспекті доп қылып домалатқан дәуді өзінің қатын-балаларына, қонақтарына көрсетіп, оның көп жігітінің бірі болғанын айтты. Күшті баланы айнала қарасып, бойын аршындап, салмағын өлшеп, Масликовтың кереметтей етіп айтқанына сенбеді.

   – Бұл қалай отыз пұт көтереді? Бойы жиырма кез¹, салмағы 200 қадақ². Рас, мойны, қол-аяғы жуандау. Бірақ отыз пұт жүкті көтеруі мүмкін емес, – деп, есепшісі өзінің өгіз өлшейтін есебін айтты. Өз сөзін қостамағанына Масликов та ренжіп:

   – Жарайды, ендеше, Мұңайтпасовтың кереметін кейін көрерсіңдер, – деді.

   – Ал, бала, қалай ұйықтадың? Жатақхана жылы ма екен? Жігіттердің арасы көңілді болар? Олар домбыра тартады, өлең айтады, карта ойнайды. Шынында да, біздің үйден сендердің жатақханаларың қызық…

¹ Кез – бір метр.

² Қадақ – 400 грамға тең.

   Қажымұқан біртүрлі көңілсіздік кейпін көрсетіп:

   – Қожайын, мен оншалығын білмеймін, түнімен ұйықтағаным жоқ, – деді.

   – Неге? Ішінде ұрыс, жанжал көп пе екен? Жанжалдасса, төртеу-бесеуі жиылып отыз пұт болмайды, лақтырмайсың ба, шетінен…

   – Жоқ, айта көрмеңіз… әжем ұрысқан, жаман болады деген. Менің төбелес, жанжалға жаным қас.

   – Енді неге ұйықтай алмадың?

   – Ұйықтай алмағаным, төсеген сабанның арасында тышқан бар екен. Олардың шиқылдаған дауысын естісем, зәрем кетеді.

   Масликовтың үй іші, өзі қосылып қарқылдап, көздерінен жас аққанша күлді. Оның қорқатыны жататын жердегі тышқан екенін енді ұққан қожайын ойлана қарап, сөздің соңында күлген жоқ.

   – Міне, отыз пұт көтерген палуан… Тышқаннан басқа неден қорқасың?

   – Онан басқа еш нәрседен қорықпаймын.

   – Қасқырдан ше?

   – Ой, тәйірі, қасқыр, аю, қабан дегендер – ит емес пе, иттен кісі қорқа ма? Тек мына адам жататын жерде тышқанның шиқылдағаны жаман…

   Мұқанды асүйінің ауызбөлмесіне жататын етті де, өзіне екі ат, бір шана беріп, отын әкеліп тұру жұмысын тапсырды.

Жаяу сүйреген шана

   Сағаттың тіліндей айналған күн өте берді. Мұқанның қарағайды қамыстай қаусатып, қолымен тартып құлатқаны, талай ауыр жүкті жалғыз тиегені аңыз болып айтылып жүрді. Челябинск, Қазан, Уфа, Самараға бірнеше рет барып та қайтты. Бойы өсіп, буыны қатая түсіп, он сегіздегі жігіт болды.

   Қыс ортасы ауып, ақпанның ішінде үсті-үстіне төпеп қар жауып, Қызылжар айрықша суытты. Масликовтың үйіне отын да, шөп те шақ келмеді. Ауыр жұмыс қайда болса, Мұқанды сонда жұмсау әдетке айналды.

   Айдың аяғына таман ішкі Ресейге кеткен көліктер келіп, қаладан жиырма шақырым жердегі шөпке Мұқанның қасына төрт шана қосып, бес көлік жіберді.

   Масликовтың үй ішіне Мұқанның ауыр мінез, тілалғыш, тәртіптілігі қатты ұнаған еді. Ол қандай жұмыс тапсырылса да орындап келуіне әбден сенді. Сондықтан:

   – Митька (оны Масликовтың үй іші «Мұқан» деуді қиын көріп, «Митька» деп атап кетті), мүмкіндігің болғанша шөпті тез жеткізуге тырыс. Басқаларға қарамай, шөбіңді алдымен тиеп ал да, келе бер. Жолдан келген аттар тілін тістеп аш тұр, – деді қожасы.

   – Жарайды, – деді тілалғыш Мұқан.

   Түн ортасы ауа жүріп кеткен шөпшілер қар басқан соқпақпен жүру ауыр болып аттарын болдыртып, әрең деп, түсте шөпке жетті. Мұқан жақсы деген екі атты таңдап жексе де, ауыр жол аттарын болдыртып тастады. Аяз сорып, әлсіреп келген жігіттер төбе болып қар басқан шөпті көріп, үрейлері ұшты. Оның қарын аршу үшін бір күн айналу керек сияқты. Жолдастары қарды қай жағынан аршып, шөпті қалай тиеу керегін кеңесіп, әртүрлі тәсілдерін айтып, көп тұруға айналды.

   – Сүлдеміз сүйретіліп шөбіне әзер жетіп едік, енді мұны аршып алу азабы шөппен бірге сүйегімізді шанаға салар, – деді тоңып, жақ жүні үрпиген біреуі.

   – Масликовтың бір сом сексен тиыны сол сүйегің үшін берілгенін шөптің басына келгенде білдің бе?.. – деді шақ денелі сары жігіт.

   – Мұның өзін мына бір жерден ашу оңай болар: үйінді қардың ойпаттау жері екен. Шөптің түбіне шейін шана сыйғандай етіп, қарын алсақ, төбесін басқан қарды кейін көреміз, – деп, тағы біреуі үйілген шөпті айнала басып, төбе болып кеткен қарды төбесіне шығып көріп жүрді.

   Оған дәті шыдамаған Мұқан боран үріп, шөптің шеті көрініп тұрған бір бұрышына келді де, жігінің арасына бастырықты ырғап-ырғап сүңгітіп жіберіп, иығымен көтеріп тастады. Шөп-мөбімен үйілген қар жел аударған түндіктей төңкеріліп түсті.

   – Ой, мынау не істеді өзі?.. – десті, қалай ашып алудың амалын таппай, есі шығып тұрған жолдастары. Оған Мұқан жауап қайырмады. Бастырықты тағы бір сұғып, екінші көтеріп тастағанда, үйілген шөптің жартысы ашылып қалды. Бір айыр шөпті аттарының алдына апарып салды да, шанасын доғарып сүйреткен бойы жақындатып әкеп, шөпті тией берді.

   – Ей, сен не істеп жатырсың? Көмбе қарда атты қалай жекпексің, батып кетеді ғой, – десті жолдастары.

   – Менің оны өлшеп, ой тауысуға уақытым жоқ. Қожайын айтты, бітті, менің шөпті тез жеткізуім керек. Осыдан басқа маған түктің керегі жоқ.

   – Мына күртік қар атты көтере алмайды деп тұрмыз ғой.

   – Атты көтермесе, мені көтереді. Менің атқа шейін сүйреп баруға мұршам келеді ғой деп тұрмын.

   – Соны қойшы, нан жеп, әл жинайық та, сонан кейін қалай тиеп алуды ойласармыз, әйтеуір, бала төбесін ашып, азапты жеңілдетті ғой, – десті, суынған бойларын жылытқалы, беттерін уқалап, қолын қолына соғып, жүгіріп жүрген жігіттер.

   Жолдастары нандарын жеп болғанша, Мұқан шөпті таудай қып тиеп болып, бастырығын тартып, жетегінен ұстап, ит шанадай сүйретіп, аттарының қастарына апарып қойды да, ол да нанын жеді.***

   Мұқан атын жегіп, жеті-сегіз шақырымдай шыққанда, қарсы алдынан боран соға бастады. Үйе тиелген шөпке қарсы соққан қарлы жел шөп арасын көтеріп, өңменінен итергендей тіреп, аттың аяғын қия басқызбады. Аттардың жүргенінен тұрғаны көбейді. Күн батып, дүлей қараңғы түн басталды. Мұқан шананы сүйрелеп, атқа көмектесті. Айыр шаншып, артынан да итеріп көрді. Шекеден аққан тері өңіріне тамып, түйір-түйір мұз болып қатып жатты. Қалаға жеті шақырым қалғанда, бір ат аяғын басуға мұршасы келмей, төртаяқтап тұрып алды. Ыза кернеген шөпші айырын шананың артына көмейлете шаншып қойды да, үрінді қарға көміліп тұрған шананы итеріп кеп жібергенде, жүре алмай тұрған ортаға жеккен ат, жетек сынып, бүктелген бойынша, шананың астына шалқасынан түсті. Жанына жеккен ат қайырылып, сыртқа шығып кетті. Мұқан шананы кейін итеріп, астындағы атты босатқанша ол өліп кеткен еді. Шөпші біраз демін алып отырды да, өлген аттың қолдауынан божыны екі қабаттап өткізіп алып, кеудесін көтеріп, шөптің бастырығынан байлады да, басы көтеріліп салбырап тұрған бөксесін иығына салып тұрып, шананың үстіне лақтырып жіберді. Өзі бел көтергіш қайысты шанаға байлап, қалған атқа пар болып шөпті сүйреп, қаланың шетіне шейін алып келді. Қалаға кірген соң, ол ат та аяғын басудан қалды. Оны шананың артына байлай салып, өзі жүкті сүйрей берді. Ел тұрып, қорасының айналасын күрей бастағанда, адам сүйреткен дәу шана шөп бір атты үстіне салып, бір атты артына байлап, Масликовтың қорасына кірді. Бұл алып күштің кім екенін білу үшін, Масликовтың қорасына келгенше топ-тобымен қала адамы шананың артынан ерген еді.

   Төбедей болып шөп үйілген шана қораға атсыз кіргенде, Масликовтың үй іші, жалпы жігіттері үрейлене далаға шығысты.

   – Ойбай, ат қайда?.. Иттің баласы, – деп жан дауысы шықты байдың.

   – Жоқ деген атың шананың үстінде, бір атың шөптің артында байлаулы, қожайын, далада қалған еш нәрсең жоқ, – деді бала. Қожайын өлген атты көріп:

   – Шақырыңдар городовойды, мына шошқаға акт жасасын, – деді.

   Екі городовой келіп:

   – Сүйрет шананы, шөп, атымен. Полицмейстерге алып барамыз, – деді.

   Үсті-басы термен буланып, аппақ қырау басқан Мұқан үстіндегі өлген атымен шананы сүйретіп, полицмейстердің қорасына кетті.

Оралхан Бөкей. Тортай мінер ақ боз ат (Әңгiмеден үзінді)
Әзілхан Нұршайықов. Немере
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу