Ханс Кристиан Андерсен. Мейірімсіз князь
26-09-2020
Тыңдап көріңізші! Қаланың сыртында жол бойында дача болатын. Сіз, тіпті көрген де шығарсыз? Алдында бояулы ағаш төрмен қоршалған шағын бағы бар.
Дачаның маңындағы ордың жиегінде жұмсақ көк шөптің арасында түймедағы өскен. Күннің көзі дача алдындағы құлпырған әсем гүлдермен бірге оған да жылуы мен нұрын аямай төккендіктен, біздің түймедағымыз күн санап емес, сағат санап өсті. Күндердің күнінде ол аппақ күлте жапырақтары жарқырап, күннің бетіндей сап-сары боп дөңгеленіп, қауыз жарды. Ол өзінің жұпыны ғана қарапайым гүл екеніне, қалың шөптің ішінен өзін ешкім көрмейтініне, байқамайтынына зәредей де қиналған жоқ; қайта соған риза болып, күн сәулесіне ынтыға ұмтылып, шырқау аспанда сайраған бозторғай әнін құмарта тыңдады.
Түймедағы бүгін тап бір демалыс күнгідей қуанышты да, бақытты еді, ал, шынында, дүйсенбі болатын; әзірге барлық бала мектеп орындықтарында тіп-тік отырып, ұстаздарынан сабақ алып жатқанда, біздің түймедағымыз да өзінің сабағында тіп-тік отырып, тәңірінің жақсылығын тануды жарқыраған күннен, өзін қоршаған табиғаттан үйреніп, біліп отырды. Түймедағы бозторғай әніне құлақ салды, оның әсем де асқақ үнінен өз жүрегінің түкпірінде жатқан бір құпияны тапқандай болды; сондықтан да ол әлгі бір бақытты құсқа айрықша ықыласпен қарайтын, бірақ қызғанған жоқ, өзінің ұша алмайтынына да қайғырған жоқ. «Мен бәрін де көзіммен көріп, құлағыммен естіп тұрмын ғой, – деп ойлады ол. Күннің нұры мені аймалайды, жел маңдайымнан сүйеді! Қандай бақыттымын!»
Бақтың ішіндегі не бір құлпырған тәкаппар гүлдер қауыз жарды және неғұрлым жұпары аз болса, соғұрлым тұмсықтарын көтере түседі. Таушымылдық раушаннан үлкен болғысы келіп, өзін-өзі қампитып әлекке түсті; бірақ көлемде тұрған не бар? Көрік жағынан қызғалдақтардан асатын ешқайсысы жоқ, оны бәрі де біледі, сондықтан елден ерек болу үшін, барынша кеуделерін көтере түседі. Ордың жиегінде өсіп тұрған кішкене түймедағын тәкаппар гүлдер байқамады. Түймедағы болса оларға қарап тұрып: «Шіркін, қандай әдемі, қандай әсем,деп таңырқайтын. Бұларға міндетті түрде әнші құстар қонаққа келеді. Құдайға шүкір, осыларға жақын өскенім қандай жақсы болды мен де оларды сыртынан көріп қызыққа бататын болдым!» Кенет «квирквир-вит» деген дыбыс естілді де, бір бозторғай таушымылдық пен қызғалдақтар өскен бақтың ішіне емес, тура көк шөптің арасындағы қарапайым түймедағының қасына келіп қонды. Бейшара түймедағы қуанғаннан не істерін білмей, қатты састы.
Бозторғай түймедағын айнала секіріп жүріп: – «Ах, шөбі қандай тамаша, жұп-жұмсақ! Гүлі қандай әдемі, көйлегі күміс, өзі алтын», – деп әндетті.
Түймедағының дөңгелек жүзі, шынында да, алтындай нұрланып, ақ шаңқан жапырақ күлтелері күмістей жарқырайтын.
Түймедағының қуанышында, айтары жоқ, мүлде шек болмады. Бозторғай гүлді бетінен сүйіп, ән айтып берді де, қайта көк жүзіне көтерілді. Мынандай таңғажайып бақыттан түймедағы есін жиғанша, ширек сағат уақыт өтті. Содан кейін қуанышы қойнына сыймай, құлпырған сәнді гүлдерге ұрлана қарады, не болғанын бәрі көріп тұрды ғой және мұның қандай бақыт екенін олар білмегенде, кім біледі?! Бірақ қызғалдақтар қызғаныштан қып-қызыл боп түтігіп, таушымылдықтар тіпті жарылып кетудің аз-ақ алдында тұрған. Әйтеуір, сөйлей алмайтындары қандай жақсы, әйтпесе мұның сазайын мықтап тұрып берер еді. Бейшара түймедағы әлгілердің күйінгенін көріп, қатты қынжылды.
Осы кезде қолына үлкен пышақ ұстаған қыз бала баққа келді. Келді де, қызғалдақтарды шетінен қия бастады. Түймедағы аһ ұрды. «Сұмдық–ай! Құрыды–ау, енді!» Гүлдерді қиып алып, қыз кетіп қалды, ал түймедағы өзінің ешкім көрмейтін, байқамайтын қалың шөптің арасында өскеніне қуанды. Күн де батты, түймедағы қауызын бүркеп, ұйқыға кетті, түсінде қызғылт күн мен әдемі құсты көрді.
Таңертең қайтадан қауызын ашып, қолын созған баладай ұмтылып, күн нұрына жапырақ күлтелер алақандарын тосты. Осы кезде құстың даусы естілді, бозторғай ән салып түр, бірақ қандай мұңды еді! Бейшара тұзаққа түсіпті, ашық терезеге ілінген тордың ішінде отыр. Бозторғай көк жүзінің кеңдігін, даланың жасыл желегін, самғап ұшар еркіндіктің рақатын әнге қосты! Тұтқын болған бейшара құстың көкірегі қайғыға толды!
Түймедағы тұтқынға қол ұшын беруге жанын салды, бірақ қайтіп, қалай? Ол тіпті төңіректегі барлық тамашаны күннің нұрын, өзінің жылтыраған күміс күлгелерің бәрін де ұмытты: тек бейшара құсқа көмек бере алмағанын ойлап жапа шегумен болды.
Кенет бақтың ішінен екі бала шықты; біреуінің қолында ана жолы қызғалдақтарды қиған қыз қолындағыдай үлкен өткір пышақ. Балалар тұп-тура мұның жанына жетіп келгенде, түкке түсінбеген түймедағы олардың мұнысына қайран қалды.
– Мінеки, біздің торғайға дәл осы жерден ойып алуға болады, шымы жақсы екен, – деді балалардың біреуі, сосын пышағын жерге терең батырып, торт бұрыштап оя бастады; ал түймедағы ойылған шымның қақ ортасында қалды.
– Әйдә, гүлді жұлып алайық, – деді екінші бала, түймедағы қорыққанынан қалтырап қоя берді; тіршілік етсем дейтін байғұс, жұлып алса, өлгені ғой. Тұтқын бейшараның қасында болудың да реті келіп тұр еді.
– Жоқ, қалсын осылай, – деді алғашқы бала. – Осылай тұрғаны жақсы.
Сөйтіп түймедағы тордағы бозторғайдың қасынан бір-ақ шықты.
Бостандықтан айрылған бейшара құс зарын айтып, аласұрып өзін-өзі темір тордың қабырғасына соққылады. Байғұс түймедағы айтайын десе тілі жоқ, бақытсыз құсты қайтіп жұбатарын білмей, жаны қиналды. Шіркін-ай, көңілін жұбатсам – деп еді!
Солай таң атты.
– Су жоқ мұнда! – деп шырылдады бозторғай. Маған су беруді ұмытып кетіпті, бір жұтым су да қалдырмапты маған. Таңдайым құрғап, қаталап барамын! Ішім күйіп, өртеніп барады! Не деген қапырық! Уһ, өліп барамын, күннің нұрын, жасыл даланы, жарық дүниені енді қайтып көре алмаспын.
Аздап болса да, таңдайын жібіту үшін бозторғай тұмсығын шымның ылғалына терең батырды да, кенет түймедағын көріп, басын изеп, бетінен сүйді:
– Бейшара гүл, сен де соласың ертең осы жерде! – деді бұған. Олар маған бүкіл әлемнің орнына сені мен мына бір шөкім шымды беріп отыр! Мен үшін енді әрбір шөп зәулім ағаштың орнына, ал сенің әрбір жапырағың хош иісті гүлдердің есебіне жүреді. Амал қанша! Сен тек жарық дүниені есіме салып, жүрегімнің жарасын қозғайсың!
– «Ах, құдайым-ай, қайтіп жұбатсам екен!» – деп ойлады түймедағы, бірақ жапырағын қозғауға да шамасы келмеді, тек бар күшін салып жұпарын аңқыта түсті. Бозторғай да сезді мұны, шөлге шыдамай басқа шөптердің бәрін жапырып тастаса да, гүлге тимеді.
Ақыры кеш болды, бірақ бейшара құсқа ешкім су әкелген жоқ. Бозторғай діріл қаққан кішкентай қанаттарын жайып жіберіп:
– Су, Су! – деп шырылдады бірнеше рет.
Содан кейін бейшара құс басын бір жағына қисайтты да, азап пен сағыныштан жүрегі жарылып жан тапсырды.
Бұдан кейін бұрынғыдай қауызын бүркеп ұйықтауға түймедағының шамасы келмей қалды, басы салбырап, үнсіз жабырқай берді, бейшара біржола ауруға шалдыққан еді.
Келесі күні таңертең балалар келіп, өліп жатқан торғайды көріп, қайғырып, жастарын төкті. Содан кейін қабір қазып, төңірегін гүлге толтырды. Торғайдың денесін қызыл қорапқа салды патшаны арулағандай етіп жөнелтпек еді. Бейшара бозторғай! Көзінің тірісінде олар бұған су беруді ұмытып, өз қолдарымен өлтіріп, енді өлгеннен кейін, бар құрметтің бәрін жасап, қабірінің басында көз жастарын қол қылуда!
Түймедағын кесек шыммен бірге шаңдақ жолға лақтырып тастады; гүлді ешкім елеген жоқ, ал ол байғұс бейшара торғайды жанындай жақсы көріп, көңіліне демеу болсам – деп арман қылып еді.