Тұрсынбек Кешубай: Ақ қоржын (әңгіме)

Oinet.kz 25-09-2020 1394

5632451351_7f4755748e_z.jpg

Мамыр айының шүлен шуағы адырлы жазыққа теп-тегіс жайылып тұр. Аспанда шүйкедей бұлт жоқ. Шет-шегі бұлдырап, сағымданып жатқан ақ дала тым-тырыс. Көктемнің желі де дәл бүгін байыз тапқан. Пыр етіп ұшып, бұта-бүргеннің басына қонып, әсем ырғағына салып та қоятын дала торғайларының үні де тылсым тыныштықты айтарлықтай бұзып тұрған жоқ. Мұнар басып мүлгіген дала, сағымданып көзді алдайды. Жусанды жазықты тілімдеп, жосылып жатқан күре жолдың бойымен желе жортып келе жатқан жүргінші де үнсіз табиғат үшін тым елеусіз сияқты. Ол да жалпақ далаға жар салып: «мені көрдіңдер ме, даланың еркесі, тірліктің серкесі – «адам» пендесі мен боламын?!», – дегісі жоқ. Астындағы арба торының тағалы тұяғы шақұр-шұқыр етіп қара жолдың тас қиыршықтарын кеміріп, жүйке-жүйесін тітіреткен немесе аты тышқан қорыққа сүрінген сәтінде ғана: «үй, кәрі ит, аяғыңды аңдап бассаңшы!..», – деп күбір етіп, тізгінді жай ғана сілкіп қойғаны болмаса, үнсіз ойға шомып, қиялы қиырды кезіп келеді. 

Жол серіксіз жолаушы – Смағұл байдың екінші ұлы Еркінбек. Жасы отыздан асып кеткен атпал азамат. Смағұлдың төрт ұлының ішіндегі еті тірісі де, қарулысы да – осы. Өз ағайындары арасында елгезектігімен, еңбекқорлығымен жиі ауызға алынып жүрген мақтаулы жігіт. Арнайы білімі болмаса да, төсегінің басынан кітап үзбейтін жақсы әдеті де бар. Артық ісік-желігі, бассыз білермендігі жоқ. Жер жылжыса жылжымайтын бір тоға мінезі үшін де жұрт оны жақсы көретін. Екі-үш жылдан бері малдың қысқы қамына бола ой жайлап жүрген жайы бар-ды. Десе де, малдан үзілді-кесілді қол үзген емес. Уақыты бола ақалса малшысын жағалап, малшысы арқылы малын жағалап жүретін. Бұл жолы да сол әдеті бойынша – малшысын қыстаудан көшіріп, төлдеулікке орналастырып қайтқан жолы болатын. 

Сағымы ойнаған ақ даланың таусылып бермес ұзақ жолы жолаушыны қажыта бастаса керек. Қиырды шарлап кеткен қиялын сәл тізгіндеп, жан-жағына көз жүгірте бастады. Сағатына сығырая қарап алып, кенет есіне бірдеңе түскендей:

– Мәссаған! Мына жүрісіммен үйге бүгін жететін түрім жоқ қой. Қозы жамырайтын уақыттан өтіп кеткенін қалайша сезбегенмін. Көзді ашып жұмғанша кеш қараңғылығы да түсер. Тым құрығанда, көз байланбай тұрып «Шайтанды адырдан» өтіп алуым керек еді, – деп өзімен өзі тіл қатысып, атының сауырына жітірмелете қамшы салып, үзеңгісін жиі-жиі тебіне түсті.

Көктем шығып, күн ұзарды десек те, уақыт, шіркін, тым қысқа ғой. Айтып-айтпай, Еркінбек Шайтанды адырдың тұсына жете бере күн ұясына кіріп, ала кеуім шақ келіп жетті. Күн еңкейген шақта арба торының аяғы да ауырлай бастаған еді. Жас болса да малдың қыр-сырына қанып өскен Еркінбек; қыс бойы сүйегін аяз қарып, суық сорып шыққан малдың, көкке тоя қалған кезінде тым осал болатынын жақсы біледі. Арба торыны бұдан әрі төпелесе, төбеге ұрғандай тұрып қалуы да ғажап емес деп түйген ол, жайлап тізгінін тартып, зар желістен жай желіске, жай желістен аяңға көшкен. Бірде кәрі кемпір, бірде ақбоз атты батыр, бірде жартылай жалаңаш жас ана немесе шақалақ сәби бейнесіне еніп алып, түні бойы өткен-кеткенді қуалайтын Шайтанды адырдың тылсым құбыжығы соңынан түсер болса, арба торыда қалайда бір шабар шама болуы керек қой.  Еркінбек оны да алдын ала ойластырып қойған...

«Сақтықта қорлық жоқ» деген мәтелді жиі ұстанатын – Ерекең қырағылығын арттыра елеңдеп, құлағын түріп келе жатқан еді. Шайтанды адырды артына тастап, үрейлі өңірден өте бергенде арт жағынан тасыр-тұсыр еткен үн естілгендей болды. Өкпесі орнына түсіп, тері құрғап тыныстай қалған арба торы да елең ете түскендей болды. Денесі шымыр етіп, тұла бойын үрей билеп, суық тер басқан Еркінбек: 

– Бәсе, жұрттың «жын-пері бар» деп жүргені тегін емес екен ғой, – деп күбір етті. Сол-ақ екен алды-артына қарамастан арба торыны басы-көзіне төпелеп, шаба жөнелді. Жалғыз мақсаты – пәледен қашып құтылу. Арба торы да дәл осы сәтті күтіп келе жатқандай, бар күш-жігерін бойына жиып, оқтай зымырады. Тағалы аттың тұяғынан ұшқан тас қиыршықтары қиқуға қиқу қосып, үрейлі үнді үдете түсті... 

Шауып келеді, шауып келеді... 

Әлгі пәле қалар емес. Әуелі десеңіз, аттың сауырына жабысып, шаң-шұң етеді. Ара-тұра гуілдеген, ысқырған, сыңсыған үндерге де басады. Онымен қоймай, Еркінбектің етегіне де жармасып, арба торыны сабалап аласұрады. Аттың бауырында ойнаған бақсыдай бірде жер бауырлап созылып, бірде селкілдеп, секіреді... Еркінбек көзінің қырымен ақырын ғана бір қарағанында, әлгі пәленің денесі аппақ болып, аттың тілерсегіне дейін шұбатылып, елбең-елбең етіп көрінді. Бұдан әрі қарауға батылы мүлдем жетпеді... Құлағын тарс жауып, шаба берді, шаба берді... 

Жай күндері Алланы есіне алып та қоймайтын ол аузына түскен «бисмилласын» аямай-ақ төгіп-төгіп қояды. 

- Шайтан, жын-перілер «бисмилла» десе жоқ болып кетеді дейтіні қайда?.. Мына пәле менің жанымды алып бір-ақ тынайын деді ме, неге қыр соңымнан қалмай қойды... Әй, осыдан аман қалсам, бір ақсарбасымды сойып, құрбандық берермін, – деп те ойлады. Әншейінде аяғын санап басатын арба торыға құдірет біткендей, әлі де алғашқы шабысынан танбай, бауыры жазылып, көсіліп келеді. Арба торының бұл еңбегін ескеріп, іштей тебіренген Ерекең:

– Мына байқұс торыға да жан керек-ау шамасы, бұл да сезіп-біліп келеді екен ғой, – деп топшылады да, «шайтан жолықты» деген сенімін нықтап алды, – жануарым, жаныңды аямашы, менің тағдырым тек сенің қолыңда тұр, мені дәл қазір тек сен ғана құтқара аласың, – деп Еркінбек атына жалбарына қамшы үстіне қамшы басты.

Бір кезде арба торының шыдамы шегіне жетіп, қадамы қысқара түсті. Қанша қысаса да, торы аттың бұдан әрі жылдамдық қосар қауқары қалмаған еді. Алайда, әлгі пәле тақымдауын қояр емес. Жолаушының артына бұрылып қарауына да мұрсат берер түрі жоқ. Еркінбек енді ағынан ақтарыла Жаратушыға жалбарынды:

– Жаратушы ием, мына иен далада жалғыз басыма жар бола көр... Әттең, осыдан аман-есен құтылсам ғой, мешітке барып, намазға жығылып, қалған өмірімді тек қана құлшылықпен өткерер едім... Қу боқ дүние, сені қуам деп осы күйге түстім ғой... Қап! Әттеген-ай, – деп өкінді. Шынайы жалбарынғаны соншалық, еріні дірілдеп, көзінен жас та моншақтап кетті. Арба торыны да қыстай түсті. Бұл соңғы серпілісі, ең ақырғы үміт ұшқыны еді. Осы сәтте тарс-тұрс еткен дыбыстың үзіліп қалғанын сезді. Сезді де серги түсті. Десе де, атының басын біразға дейін тежемеді. Әлгі қырсықтан неғұрлым алыстап алуды жөн көрді. Біраз жерге барған соң ғана, арба торыны төпелеуді тоқтатты. Жәй желіске ауысты. Сонда да артына бұрылып қарауға батылы барған жоқ. Дегенмен, бұл жолғы бір пәледен, бірегей пәледен аман қалғанына сенімі арта бастады. 

– «Құдай деген құр қалмайды» деген рас екен-ау, – деп қояды ішінен. Расында да, артындағы ақ пәле тек қана Жаратушыға жалбарынған сәтінде жерге құлаған болатын...

Қан сорпасы шыққан арба торыны, айылын да босатпастан, қораның есігіне іле салған Еркінбек асығыс үйге беттеді. Жары Сәуле есіктен кірген ерінің түр-әлпетіне бірден назар аударып:

– Не болған саған, бір жерің ауырып тұр ма, түрің қуарған шүберектей болып кетіпті ғой? – деп бастырмалата сұрақ жаудырды. «Аш адам – ұрысқақ» дегеннің кебін киген Еркінбек:

– Не болушы еді, көп сөйлемей шайыңды құйшы! – деп «дүңк» етті. Бұрынғы әдетінше сырттан келген бойда сырт киімін шешер-шешпестен ұлын қолына алып, иіскеген жоқ. Біраз күн бойы көрмегенге мұрыны қышып, кеңсірігі ашып келсе де, ұлна еміренбеді. Өзінің қорқыныш билеп, шаршаған түрін балаға көрсеткісі келмеген де шығар, бәлкім... 

– Шай дап-дайын тұр, қазір, – деп қолындағы кішкентай ұлын жастыққа жантайта салған Сәуле ерін тамақтандырудың қамына қауырт кірісіп кетті. Әйел шіркін түртектемей тұра алушы ма еді?! Онсыз да жүйкесі жұқарып, өлім мен өмір арасында арпалысып үйіне зорға жетіп, ентігін енді басқан Еркінбекті Сәуле шай үстінде де сан түрлі сұрақтың астынан алды. 

– Не болды деймін, айтсаңшы? – дейді бірде назданып. Ал, бірде қатулана бұртиып:

– Саған бүгін не болған, қолтығыңа бәзбіреулер су бүркіп жібергеннен сау ма өзі... Әлде, мен туралы біреу саған бірдеңе деді ме... Жоқ, біраз күннен бері сырттасың, басқа бір сылқымның арбауында жүрдің бе? Соның тәтті елесінен арыла алмай отырмысың?.. - деп бастырмалатып-ақ жатыр. Еркінбектен жауап жоқ. Аузы толы бауырсақты обырлана шайнап, әлсін-әлсін шай ұрттай бергені, әр сұрақ сайын бір Сәулеге сүзе қарап қойғаны болмаса, тіс жарып ләм-мим демеді.

Қаймақты шайға қанып, шекесінің құрыс-тырысы жазылып, біраз тыныққан соң барып Еркінбектің есіне арба торы түсті. 

– Әлгі бейшара болмаса, мен дәл қазір шайтандардың ойыншығы болып отырар едім, – деп күбір етті. Күйеуінің сөзінің басын шала-мала құлағы шалып қалған Сәуле:

– Бейшараң кім? Бәсе-бәсе, біліп едім сау сиырдың боғы емес екеніңді, қай қатыныңа іші-бауырың елжіреп отыр?! – деп қызғана қызарақтады. Еркінбек Сәуленің жүзіне аң-таң болып қарап:

– Есің дұрыс па, қайдағы қатын?! Арба торыны айтам, – деп жауап қайтара, сыртқа беттеді. Миын қызғаныш торлаған Сәуле «шайтан» сөзін еш елеген жоқ. Еркінбек те тоқталып, түсіндіріп жатпады... 

 Ерекең атының ерін алып, отқа қойды. Айыл-тұрманын жиыстырып, ерін сарайға жайғастырып жатқанында Сәуле келе қалып:

– Азық-түлік, киім-кешегіңді салып жүрген ақ қоржын көрінбейді ғой? Ол қайда? Жомарттығың ұстап малшыларға тастап кеткеннен саумысың? – дегенде Еркінбек елең етіп, тұла бойын тоқ соққандай бір күй кешті. Жауырынының ортасы, екі шекесі суық терге шылқи бастады. Есі кетіп, Сәулеге қарап:

– А, – деп тұтықты. 

– Неменеге көзің бақырайып кетті, бірдеңе бүлдірген адамсың ғой сен! Бәсе біліп ем. Өткенде көрген түсім аян түс болды. Айнымай келді, міне. «Нәзен! Нәзен!»,– деп Алпыстың Нәзигүлінің артынан жүгіруің жаман еді, – деген Сәуле де долдана сөйлеп, тергеуін тоқтатар емес.

– Не айтып кеттің өзі, – деп Еркінбек мас адамша міңгірледі. 

–  Айт шыныңды! Нәзигүлмен қатысың болды ғой?!

– Не қатыс? - деп сыбырға жуық үнмен сұрақ қойған Еркінбек үнін сәл көтеріп: - қоржын, - деп қалды. «Қоржын» сөзі құлағына түрпідей тиген Сәуле: 

– Иә, сол қоржын қайда? Нәзигүлдің төсегінің астында қалды ма? Қайда?! Үйдің дүние-мүлкін оңды-солды шашқаныңды қашан қояр екенсің! Мына түріңмен бір күні мені де біреуге беріп тынарсың! – деп бар дауысымен айқайлап, одан бетер бұлқан-талқан болды.

Еркінбек ақыл-есі кем адамша оғаш қимылдап, ердің артқы қанжығасын бас салды да, қатқан қалпы отырды. Оның есіне артына бөктерген ақ қоржын енді түскен еді. 

– Қайда деймін?! Бүгін өзі меңіреу болып қалғаннан саумысың?.. Шайтан соққан ба сені?! – деп Сәуле Еркінбекті иығынан жұлқыды... 

– Жолға түсіп қалған сияқты. Таңертең ерте тауып келем, – деп үн-жүрғасы түсе тіл қатқан Еркінбекке:

– Не дейсің?! Есің дұрыс па сенің, қанжығаңдағы жалғыз қоржынға ие болмай қайда қарап жүрдің? Бір киер киімің де сонда шығыр, – деді Сәуле күйіп-пісіп.

– Иә, сонда. Құжаттарымды да соған салып қойғам, – деді Еркінбек тершіген маңдайын алақанымен сүрте, еріні дірілдеп. Азын-аулақ ұсақ мал сатып, көктемгі егіс жұмысына қаржы-қаражат та дайындаған болатын. Онысы да осы қоржында. Бұны әйеліне айтпай, тілін жұтып, сөзінің соңын іркіп қалды.

– Не дейді мынау!.. – деп Сәуле одан бетер оталып қопаға түсті...  

– Осы, Сәуле, саған не жетпейді? Қашан көрсең тарыласың да жүресің. Табылар. Табылмағанның өзінде өмір сонымен бітіп қалмайды ғой. Ең бастысы – ден сау болсын, – деп сөзін қысқа қайырған Еркінбек Сәулемен бұдан әрі салғыласқан жоқ. Іштей ертерек жатып, жерге жарық түскен бойда ізін суытпай, ақ қоржынды іздеуге бел буды... 

Еркінбектің жолы болды. Ақ қоржын алысқа тентіретпеді. Шайтанды адырға жетпей-ақ табыла кетті. Жерге сүйретіліп тоз-тозы шыққан ақ қоржынды көргенде әйелі ұл тапқандай қуанды. Ақшасы да, киімі де орнында екен. Қуанғаны соншалық, шаң-шаң қоржынды кеудесіне басып біраз отырып қалды. Кенет Еркінбек миығынан күліп:

– Сонда мен ақымақ, кеше кеште өзімнің бөктеріншегімнен қорқып қашқан болдым ғой... Иә, дәл солай. «Қорыққанға қос көрінеді» деген осы... Мынау мен Жаратушыға жалбарынған, артымдағы әлгі пәленің құлап түскен жері, – деп жан-жағына қарады. Қарады да:

– Кеше түнде «шайтан көргенімді» Сәулеге айтпағаным қандай жақсы болған. Әйтпегенде, дәл қазір бүкіл ауыл дүрлігіп жататын еді. Бұл мен үшін тағы бір сабақ болды. Жабулы қазан жабулы күйі қалсын енді... Әй, ақ қоржын, өлім аузына тақап, өмірдің нарқын бір сездірдің-ау маған, – деп айдалада өзімен-өзі қарық болып күліп алған Еркінбек; арба торысының аяңымен үйіне қарай бет алды...


Тұрсынбек Кешубай


Ханс Кристиан Андерсен. Ескі үй
Ханс Кристиан Андерсен. Бір ананың өмірі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу