Ит құрлы болмадым
18-10-2022
Сатира саңлағы Тоқсын Құлыбековтің естелігінен:
Біз 8 бала екінші курстан бастап Тоқпановтан оқыдық. Тоқпановтың әр сабағы Абайдан басталатын. Асекең: "Менің бойымдағы жақсылықты ғана алып қалыңдар", — дейтін.
Тоқпанов бірде менен:
— Сен қай жақтансың? — деп сұрады.
— Талдықорғандық боламын, — дедім.
— Наймансың ба, Жалайырсың ба? — деді Асекең.
— Жалайырмын, — дедім.
— Жалайырдың игі жақсыларынан кімдерді білесің? — деді.
— Нұрмолда Алдабергенов — екі мәрте Еңбек ері, Жазылбек Қуанышбаев... Бізде, Талдықорғанда қызылшадан батыр болғандар көп қой, солардың аттарын да тізіп жөнелейін.
— Әй, атаңа нәлет, — деді бір кезде Асекең, — Ескелді, Балпықты неге айтпайсың? Сен Қабан жырауды неге айтпайсың? Сен Бақтыбай ақынды неге айтпайсың? Сенің "дважды геройларың" маған бес тиынға да керегі жоқ. Маған өкіметтің қолдан жасаған геройлары түкке қажет емес, — дегені. Содан кейін маған екі сағат Ескелді, Балпық туралы лекция оқыды. Осыдан бастап осы әулиелерді біле бастадым.
Тоқпановтың тағы бір ерлігі — 72 жасында қазіргі Жаңыл жеңешемізден егіз бала сүйді. Асекеңдер қайталанбас адамдар. Кезінде тура айтқаны үшін көп адамға ұнаған жоқ. Асекеңнің шәкірттері өткенде: "Боқтайтын да кісі кетті. Енді сіздің боқтауыңызды да сағынамыз ғой" деп еді...
Әсет Ақмоданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды