Мәдина Омарова. Сұлулық
Ол әдемі болатын. Ол айнаға қарап тұрып, өзінің бұл өмірге келу себебі туралы ойлайтын. Егер Жаратушы бұған осыншама сұлулық берген болса, оның жөн-жосықсыз, мақсатсыз болуы мүмкін бе? Мүмкін емес тәрізді. Бұл қазынаның әлдебір, дәретке отырып, жуынбаса кірлеп, настанып кететін еркекке, мейлі, ол әлемдегі ең көркем, ең ақылды еркек болсын, кәдімгі пенде еркектің несібесіне берілуі мүмкін емес. Ол айнаға қарап осылай ойлайтын. «Мақұл, – дейтін содан кейін, – тіпті солай-ақ болсын. Бірақ, қалай?» Мүмкін емес тәрізді. Ол сондай-ақ өзінің, осы мінсіз, сұлу денесінің ажалды екендігін білетін. Сондықтан барынша абайлап жүруге тырысатын. Көшеден өткенде, көлікке мінгенде, жаны мұрнының ұшына келетін. Ешқашан, еш жерде түнге қалып көрген емес. Ол адамдардың түрлі хайуандыққа баратынын, аяусыз екендігін білетін. Ол осылайша ұзақ өмір сүрді. Әдемі қартайды. Содан кейін күндердің бір күнінде әдемі өлді. Оның табиғат шебердің қолынан шыққан мүлтіксіз денесіне сызат түскен жоқ.