Медиа саласының даму үрдістері талқыланды

Oinet.kz 13-07-2024 396

4.jpg 

Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» жаңа заңға қол қойды. Бұл Заң Мемлекет басшысының «2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұраныстарын және медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау туралы берген тапсырмасына әзірленген болатын.

Осыған орай  Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Масс-медиа туралы» жаңа Заңның заман талабына сәйкестігі» атты дөңгелек үстел өтті.

Атап өтері бұл заң Қаңтар оқиғасынан кейін Президенттің тікелей бастамасымен жасалды.   Жаңа заңға бұған дейін қолданыста болған  «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелері енгізілді. Оған бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа ұғым кіреді.

Шындыққа сәйкес келмейтін және азаматтардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару туралы БАҚ-қа талап қою мерзімі 1 жыл деп белгіленді. Бұған дейін мұндай мерзім белгіленбеген болатын.

Журналистің сұрауларын қарау мерзімі 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Бұл журналистерге қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек отандық теле-радио арналарда шетелдік теле-радио бағдарламаларын ретрансляциялау көлемі 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетілмек.

Жаңа заң тамыздан бастап, ал кейбір нормалары қаңтардан бастап күшіне енеді.

Дөңгелек үстелге Шымкент қаласындағы белгілі, белсенді бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен «Өңірлік коммуникациялар қызметі» жанынан құрылған сарапшылар кеңесінің өкілдері қатысты.

Соңғы жылдары дәстүрлі БАҚ-тың бағыты концептуалды тұрғыда өзгеріп, жаңа медиа түсінігі қалыптасты.

Қолданыстағы ұлттық заңнамада кездесетін «бұқаралық ақпарат құралдары» сөзі «масс-медиа» сөзімен ауыстырылды. Оған енді тек бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, сонымен бірге интернет-басылымдар мен интернет ресурстары, олардың әлеуметтік желідегі парақшалары да кіреді. Демек,бұл заңның қамтитын ауқымы кең болады және бұдан былай әлеуметтік желілер де қадағалауда болуы мүмкін.


Сенатор тұрғындардың талап-тілегін тыңдады
Жаңа заң кәсібилікке жол ашады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу