Сенатор тұрғындардың талап-тілегін тыңдады
Парламент депутаттары өңірлерді аралап, әлеуметтік, халыққа қызмет көрсететін нысандардың жағдайымен танысып жүр. Жуырда Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысандарда болды. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Бекназаров Бозарық шағынауданында өзекті мәселелер бойынша тұрғындармен кездесіп, аз қамтылған отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысымен танысты. Шағынауданда 2021 жылы жұмыс істейтін жастарға арналған арендалық пәтерлер берілген еді. Жалпы 10 үй. Кездесуде тұрғындар үйдің сапасына қатысты бірқатар кемшіліктерді жеткізіп, үйді бастапқы жарнамен ипотекалық бағытта рәсімдеу жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, жол, терезелерді қымтау, кәріз мәселесін шешіп беруді сұрады.
Жиынға қалалық тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Полиция департаменті өкілдері қатысып, тұрғындардың мәселелеріне жауап берді. Жауапты мердігер мекеме өкілі бес жыл кепілдік мерзімі бойынша кемшіліктер кезең-кезіңмен шешіліп жатқанын айтады.
Қалалық тұрғын үй басқармасы өкілдері тұрғын үйді жекешелендіру бойынша талаптар мен шарттарды түсіндіріп берді.
Сенат депутаты ендігі ретте тұрғындарды аулаларды күтіп-ұстауға шақырды. Ал тұрғын үйдің құжаттарын рәсімдеу бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп, бақылауға алатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ, сенатор №6 қалалық емхананың қызметімен танысып, мамандармен әңгімелесті. №6 емханаға бүгінде 60 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Өткен жылы Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдар арасында алғаш болып «Үздік тәжірибелік орталық» жүйесі енгізілген еді.
Нұрлан Құдиярұлы «Алдын-алу және әлеуметтік психологиялық көмек көрсету», «Халық кеңесі» кабинетінің жұмыс барысын аралап көрді. Емхананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ұлбала Ерғалиқызы тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын егжей-тегжейлі таныстырып өтті.
Сенатор «Үздік тәжірибелік орталық» қызметтері, фронт-офис, денсаулық мектептері, пациенттерге медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруда қолға алынған жұмыстарды оң бағалады. Тұрғындармен психологиялық-моральдық қатынасты жақсартудың маңызы зор екенін айтып, ендігі кезекте жаңа бөлімдердің жұмысын халыққа кеңірек түсіндіру қажет екенін мәлімдеді.